Аймақтар • 17 Ақпан, 2022

Кәсіпкерлер кезіккен кедергілер

1294 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазір жеке кәсібінен нәсіп тапқан кәсіпкерлер әр салада да бар. Кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау көп. Бірақ кәсіп иелерінің алдынан кесе-көлденең шығатын көкейкесті мәселе аз емес. Олар кәсібін өркендету үшін бетпе-бет келетін қиындықтарды түрлі басқосуларда ортаға салғанымен, түпкілікті шешімін таппай отыр. 

Кәсіпкерлер кезіккен кедергілер

Коллаждарды жасаған Амангелді ҚИЯС, «ЕQ»

Мәселен, облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының атқарушы директоры Рафхат Бозбалиевтың айтуынша, Қазақстанда «Виртуалды қойма» модулінде электронды түрде рәсімде­летін тауарларға ілеспе жүк құжаттарын енгізудің қанатқақты жобасы қолға алынып отыр. Бұл шара Еуразиялық эконо­ми­калық одақ шеңберінде тауарлар айна­лы­мының толассыз бақылануын қам­тама­сыз етуге тиіс. Алайда мұндай жаңа­шы­л­дық көпқабатты үйлер жанын­дағы дүкендер мен шағынмаркеттер иелері тарапынан алаңдаушылық тудырды. Неге?

Өйткені кәсіпкерлердің пікіріне сүйенсек, бұл ең алдымен, шағын бизнес иелерін көптеген қиындыққа ұшыратады. Сондай-ақ азық-түлік бағасының қымбат­тап, үй жанындағы дүкендердің жабылып қалуы мүмкін. Шағын дүкеннің иесі Ләззат Досмағамбетованың айтуынша, азық-түлік сататын нүктелерде есеп жүр­гізетін қолы бос адам жоқ.

– Шағын дүкендерде сатушыларға сауда­ны тәулігіне 16 сағат бойы жүргізуіне тура келеді. Ал есеп жүргізу үшін басқа адамды жалдауға мүмкіндік жоқ. «Вир­туалды қойманы», электронды шот-фак­тураларды енгізсек, біз бұған үлгер­мейміз. Клиенттерге қызмет көрсетуге әрең үлгеретіндіктен, оларды 15 минуттан артық кешіктіре алмаймыз. Тіпті біздің көпшілігімізде бұл салада арнайы білім де жоқ. Ал біздің шағын биз­несте 300 мың теңгеге есепші жалдау тіптен мүмкін емес, – дейді Ләззат Досмағамбетова.

Сондай-ақ заңсыз алкоголь өнімдерін анықтау үшін Wipon Pro қосымшасы әзірленген. Оны сауда нүктелерінің иелері міндетті түрде орнатуы керек. Дүкен иелері бұл қосымшаны енгізу көп қаржы мен уақытты ысырап етеді деп есептейді. Өйткені бұл қосымша үшін жылына 8 мың теңге төлеуге тиіс. Бұл кейбір брендтерді анықтай алмайтындықтан, сандарды қолмен енгізу керек.

Ал шағынмаркеттің иесі Азамат Мак­кенің айтуына қарағанда, тауарлар­ды сату­дан түскен табыстың 15%-ы комму­нал­дық қызметтер, банктік пайыздар, салық­тар мен қызметкерлердің жалақы шы­ғын­дарын толық өтемейді. Табыс таппай жұмыс істеу – банкроттыққа бас­тар жол.

– Біз өзіміз орнатқан контейнерден қоқысты шығару үшін айына 60 мың теңге төлейміз. Оған жарық, газ, су, үй-жайды жалға алу ақысын, салық пен қызметкерлердің жалақысын төлеуді қосыңыз. Банк картасымен немесе QR-кодпен төлем жасау үшін банк бізден 3%-ға дейін қаржы ұстап қалады. Картадан алынатын ақша үшін тағы 1% қаржы ұсталады. Нәтижесінде, айына 400 мың теңгені банктерге береміз. Енді «Вир­туалды қойма» модулінде электронды түрде рәсімделген тауарларға ілеспе жүк құжаттарын енгізсе, бұл шағын бизнесті қиындыққа ұшыратады. Бұл өз кезегінде, азық-түлік бағасының өсуіне әсер етеді, – деп есептейді Азамат Макке.

Кәсіп иелері кәсіпкерлік нысандар үшін жер бөлуде туындаған проблема барын алға тартады. Алайда жергілікті билік өкілдері кәсіпкерлермен ашық диалог орнатуға ынталы емес. Мәселен, «Могикан» шағын зауытының басшысы Айсұлу Оразбаеваның пікіріне сүйенсек, жергілікті әкімдіктер тарапынан отандық кәсіпке қолдау қажет-ақ.

– Шағын және орта бизнестің өкілдері өн­ді­рісті дамыту арқылы ғана еліміздің көр­кеюіне үлес қосатынын білеміз. Се­бебі жаңа жұмыс орындары ашылып, кәсіп­­керлер саны көбейеді. Алайда өндіріс ор­нын ашқан кәсіпкерлерде тауар сату проб­­лемасы туындап отыр. Мәселен, мен жу­­ғыш заттарды шығаратын шағын зауыт аш­­тым. Бұл – Атырау облысындағы ал­ғаш­­қы өндіріс. Бірақ біздің тауарымыз тек ба­зар­да ғана өтімді болып тұр. Өнім­дері­міз­ді жер­гілікті мекемелер, ауруханалар алса, өн­ді­рістің қанат жаюына жол ашылар еді, – деген пікірін білдірді Айсұлу Оразбаева.

Монополист компаниялар тарапынан кәсіпкерлердің өтінішіне немқұрайлы қарайтындар бар. Кәсіпкерлікті 12 жыл бұрын бастап, тәжірибе жинақтаған Майра Мұханбетова құрылысы аяқталған спорт­залға жылу жүйесін қостыра алмай жүр.

– Мен 2018 жылдан бері жастардың спорт командасына демеуші болып келе­мін. Атырау қаласында футзалдың аз­ды­ғын көріп, жастарға арналған спортзал ашуды қолға алған едім. Осы мақсатым­ды іске асыру үшін 2020 жылы субсидия алып, спорт кешенінің құрылысын аяқта­дық. Енді жылу жүргізу үшін газ желі­сіне қо­сылу керек. Сол себептен былтыр­ғы нау­рыз­да «ҚазТрансГазАймақ» АҚ өңір­лік фи­­лиалына өтініш бердім. Алайда арада бір жыл өтсе де, бұл мекеме бізге газ жүр­­гізу­ге рұқсатын берген жоқ. Жаны­мыз­­­да салын­ған тұрғын үйлерде газ бар. Сол газ желісі бізге жетпей тұр. Біздің осы мәсе­леміз ше­шіл­мей-ақ келеді, – дейді Майра Мұханбетова.          

Атырауда кенжелеу дамыған саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламаттың мәліметінше, атал­ған салада 3 200-ге жуық заңды және жеке тұлға тіркелген. Оның жартысына жуығы ауыл шаруашылығында кәсіп ашқан.

– Биыл өңірдегі ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін жергілікті және республикалық бюджеттен 2 млрд 539 млн теңге бөлініп отыр. Оның ішінде 1 млрд 50 млн теңге мал шаруашылығын өркен­детуге жұмсалады. Ал 320 млн теңге егін шаруашылығын дамытуға бағыт­тала­ды. Сондай-ақ 720 млн теңгені инвес­тициял­ық шығыстардың бір бөлігін өтеуге жұмсау көзделген, – дейді Амангелді Саламат.

Басқарма басшысы субсидиялау мәселесінде бірқатар проблема барын жасырмайды. Осы мәселені шешу үшін субси­диялаудың негізгі ережелері мен қа­ғи­даларына өзгерістер енгізу жайы қа­рас­тырылып жатыр. Наурыз айының соңы­на дейін жаңа өзгерістер енгізілмек екен.

Бұл, әрине салаға бет бұрушыларды алаңдатып отыр. Өйткені осы саладағы субсидияның кейбір бағыты алынып тасталмақ. Алайда «Атамекен» ҰКП өңірлік филиалы агроөнеркәсіп кешені жобаларын сүйемелдеу бөлімінің сарапшысы Ғалилула Тұрағалиев төрт түлікті асылдандыру мақсатындағы селекциялық жұмысты жандандыру мен жем-шөп құнын арзандату бағытын субсидиялауды қалдырған жөн деп санайды.

– Мал шаруашылығын субсидиялау мақсатында ұсынылып отырған жаңа механизм бар. Ондағы субсидиялар­ды алу шарттарына бордақылау алаңдарында тірі малды сатуға қатысты бірінші тармақ­қа сауда, қоғамдық тамақтану және бас­қа да нысандарды қосу қажет. Салада маман­дан­дырылған кәсіпорындар бар. Ауыл ша­руашылығы саласын өркендету үшін жер­асты суларын ауыл шаруашылығы қ­ажетіне пайдаланады. Осы мақсатта құ­дықтар, ұңғымалар қазу, желілер тарту мә­селесі туындайды. Сондықтан бұл жұ­­мыс­тарға жұмсалатын шығынды суб­си­­дия­лаған жөн, – дейді Ғалилула Тұрағалиев.

Ал «Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ облыстық филиалының төрағасы Мұрат Сармановтың пікірінше, шаруа қожалықтары төрт түлікті асылдандыру үшін асыл тұқымды төл сатып алады. Осы­ған байланысты қожалық иелері ин­вес­­тициялық субсидия бағытында мал ша­­руа­шылығында субсидиялау механизмі жо­ба­сына асыл тұқымды аналық бастың төлін қосуды жөн көреді.

– Қысқы кезеңге жем-шөп дайындау шығындарының бір бөлігін субсидиялау жүзеге асырылса жөн болар еді. Субсидиялау қағидалары мен нор­ма­тив­тері жергілікті атқарушы органдар арқылы қалыптастасқаны дұрыс. Маман­дандырылған кәсіпорындар арқылы жерасты суларын ауыл шаруашылығы қажетіне пайдаланудың шығынын субсидиялау бөлігінде «Қазсушардың» қызмет көрсету міндетін алып тастау қажет, – деген ойымен бөлісті Мұрат Сарманов.

«Бақай-Құс» ЖШС директоры Әлім­жан Балжігітов «Асыл тұқымды мал ша­руа­­шы­лығын дамытуды, мал шаруа­шы­лы­ғы­ның өнімділігі және өнім сапасын арт­­тыруды субсидиялау қағидалары» кри­­те­риі­нен жұмыртқаларды сұрып­тау­ға ар­нал­ған автоматты машина болуы қажет дег­енді алып тастауды ұсы­нып отыр. Өйт­кені бұл – өте қым­бат жаб­дық. Оны са­тып алуға әркім­нің мүм­кін­дігі бо­ла бер­мей­ді. Ал «Құбашев Е.» шаруа қо­жа­лы­­ғы­ның жетекшісі Есбо­лат Құ­ба­шев­­тың ай­туын­ша, субсидия­лау бағыт­т­ары қыс­қа­рар бол­са, ауыл шаруа­шы­­лығы саласын­дағы құ­ры­­лым­дар қиын­дық­қа кезігеді. Сол себеп­­тен асыл тұ­қым­ды селекциялау жұ­мы­сын, тұқымдық түрлендіру, жасанды ұрық­­тан­дыру мен жем-шөп құнын арзан­дату­ды субсидиялау бағытын қалдыру керек.

 

Атырау облысы