Қазақстан • 17 Ақпан, 2022

Гендерлік теңдік орнықты дамуға бастайды

1082 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Осыдан жеті жыл бұрын БҰҰ-ның мерейтойлық саммитінде 193 елдің көшбасшылары «Біздің әлемді қайта құру: 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған орнықты даму саласындағы күн тәртібі» құжаты ретінде Орнықты даму саласындағы мақсаттарды (ОДМ) қабылдады. ОДМ-ды іске асыру қазіргі заманғы сын-қатерлер мен проблемаларды шешу, мемлекеттер халқының өмір сүру сапасын жақсарту жолымен әлем елдерін орнықты және тұрақты даму жолына шығаруға тиіс.

Гендерлік теңдік  орнықты дамуға бастайды

Құжатта 2030 жылға қарай қол жеткізу болжанып отырған 17 жа­һандық мақсат, 169 тиісті мін­дет және 242 индикатор қам­тылған. ОДМ-ды сипаттайтын үш түйінді қағида бар: әмбебаптылық – ОДМ барлық елдегі адамдарға қолданылады, кешенді тәсіл – егер ОДМ бір-бірінен бөлек жүзеге асырылатын болса, орнықты даму саласындағы күн тәртібі тиімді орындалмайды, ешкімді артта қалдырмау – пайда мен артық­шылықтар алуда осал топтардың басымдығына ерекше назар аударылады.

Сонымен қатар көп жоспарлы міндеттер мен индикаторлар санының көптігін, олардың өзара байланысын ескерсек, ОДМ-ға қол жеткізу процесі көп еңбекті қажет етеді. Сондықтан әрбір ел ұлттық деңгейде сын-қатерлер мен тосқауылдарды еңсере отырып, өз ерекшелігіне қарай ОДМ-ды іске асырудың өзіндік бірегей жолын таңдайды. Бұл ретте басқа ОДМ-ға ертерек немесе аз шығынмен қол жеткізуге көмектесетін, жалпыға бір­дей танылған ОДМ үдеткіштері мен акселераторының бірі ретінде гендерлік теңдік немесе №5 ОДМ саналады.

Бұл факт гендерлік теңдік фак­торының экономика мен әлеу­меттік салаға оң әсерін көрсететін көптеген зерделеу мен түрлі сала­дағы зерттеулермен расталып отыр. Атап айтқанда, қоғамда ген­­дерлік теңдіктің болмауы жұ­­мыскерлерді жалдау кезінде қабі­летті әрі дарынды үміткерлерді таңдаудың шектелуіне байланысты адами капиталдың азаюы арқылы экономикаға кері әсерін тигізетіні расталды. Өз кезегінде бұл экономикада кәсіпкерлік пен экономикалық әртараптандыру үшін аса маңызды жаңа идеялардың пайда болуына кедергі келтіреді. Мәселен, Халықаралық еңбек ұйымы жүргізген зерттеуге сәйкес еңбек нарығындағы гендерлік алшақтықты қысқарту 2025 жыл­ға қарай жаһандық жұмыспен қам­тылуды 189 млн адамға немесе 5,3%-ға арттыруы мүмкін. Бұл 2025 жылы әлемдік ІЖӨ-ні 3,9%-ға немесе 5,8 трлн долларға арттыра алар еді. Бұдан ең көп пайданы гендерлік алшақтығы аса үлкен өңірлер, атап айтқанда, Солтүстік Африка (ІЖӨ-нің 9,5%-ға артуы), Араб мемлекеттері (ІЖӨ-нің 7,1%-ға артуы) және Оңтүстік Азия (ІЖӨ-нің 9,2%-ға артуы) көреді.

Әйелдер ауыл шаруашы­лығында маңызды рөл атқарады. Мәселен, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының бағалауы бойынша егер бүкіл әлемдегі әйелдер өндірістік ресурстар мен мүмкіндіктерге дәл ерлер сияқты қол жеткізе ал­са, онда олар өздерінің ферма шаруа­шылықтарының өнімділігін 20-30%-ға арттыратын немесе 100-ден 150 млн-ға дейін адамды аштықтан құтқара алатын еді.

Әйелдердің саяси процес­терге қатысуы да тиімді қоғам­дас­тықтар құрудың ажырамас бөлігі саналады. Зерттеу нәти­желері көрсеткендей, әйел пар­ламентшілер білім беру, ден­саулық сақтау, бала күтімі, жұмыс орындары, зейнетақымен қамсыздандыру және кедейлікті азайту сияқты адами капиталды жақсарту және өмір сүру деңгейін арттыру мәсе­лелеріне басымдық беруге бейім. Мысалы, 1980 жылдан 2011 жылға дейінгі кезеңде ЭЫДҰ-ның 27 еліндегі мемлекеттік шығыстарға жасалған талдау парламенттердегі әйелдердің саяси өкілдігі отба­сылық жәрдемақыларға арналған жоғары шығыстармен оң байланысын көрсетеді (Ennser-Jedenastik, 2017).

Тікелей әсер етуден басқа, ген­дерлік теңдік балалардың әл-ауқатын жақсартуға айтарлықтай жанама үлес қосады. Көптеген эмпирикалық дерек әйелдердің кірістер мен ресурстарға қол жет­кізуінің кеңеюі, тамақтану мен білім берудің жақсаруы олардың бала­ларының денсаулығы мен бі­ліміне қатысты жоғары нәтиже­лерге әкелетінін көрсетеді.

Ғалымдар 1970 жылдан 2009 жылға дейінгі кезеңдегі 175 елдің деректерін (Gakidou et al. 2010) қолдана отырып, ұрпақ әкелетін жастағы әйелдерді оқытумен жылына балалар өлімі 9,5%-ға тө­­мендейтінін анықтады. Кері­сінше, әйелдер кедейлік пен жұ­мыссыздыққа тап болған кезде ерте жастағы балалардың дамуына теріс әсерін тигізеді.

Жалпы алғанда, ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын қам­та­масыз ету кедейлікті жою

(№1 ОДМ), тамақтануды жақсарту (№2 ОДМ), саламатты өмір салтын қамтамасыз ету (№3 ОДМ) және білім беру сапасы (4 ОДМ), таза суға және санитарияға қолже­тім­ділікті қамтамасыз ету (6 ОДМ), эко­но­микалық өсуге және жұмыс орын­­дарын құруға жәрдемдесу

(8 ОДМ) және басқа да мақсатқа қол жеткізу үшін маңызды мәнге ие.

Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша көптеген мемлекетте ерлер мен әйелдердің тиісті тең құқығының жоқтығынан және әйелдер әлеуетінің толық іске асы­рылмауынан әлем 30 трлн долларға дейін жоғалтады.

Жаһандық бастамалардың белсенді қатысушысы ретінде Қазақстан да ОДМ-ды іске асырумен мақсатты түрде айналысады. Күш-жігерді шоғырландыру үшін Қазақстан Үкіметінің жанынан ОДМ-ды іске асырудың негізгі бағыттары жөніндегі Үй­лестіру кеңесі құрылды. Бұл – ОДМ-ды ілгерілету бойынша ұсыныстар мен ұсы­нымдар әзірлеу үшін құ­рыл­ған консультативтік-кеңесші орган.

Елдің негізгі стратегиялық құжат­тарында белгіленген бас­ым­дықтар мен міндеттердің бар­лығы дерлік ОДМ-ға сәйкес келеді. Нәтижесінде, 2019 жылы жүр­гізілген кешенді бағалау ОДМ-ның 80%-ға жуығы ұлттық стра­тегиялық құжаттармен үйле­сетінін көрсетті. Бұл ретте ген­дерлік тең­діктің «толассыз тәсілін» және басқа мақсаттарға қатысты оның «ак­селератор» мәртебесін түсіне отырып, Қазақстан №5 ОДМ-ға қол жеткізуде белсенді ша­ралар қабылдауда.

Кейінгі онжылдықта елімізде ерлер мен әйелдердің тең құқық­тары мен мүмкіндіктерін қам­тама­сыз ету саласында көптеген реформа жүргізілді. Гендерлік тең­­дікті дамытуға қатысты бір­қатар халықаралық уағдаластық бойынша міндеттемелер қабыл­дан­ды және іске асырылды. Оның ішінде Әйелдерге қатысты кем­сі­тушіліктің барлық түрін жою туралы БҰҰ Конвенциясы (CEDAW), Бейжің декларациясы және іс-қимыл платформасы, Мың­­жылдық декларациясындағы да­му мақсаттары және 2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсаттары бар.

2030 жылға дейінгі отбасы­лық және гендерлік саясат тұ­жырымдамасы іске асырылуда. Онда мемлекет, жеке сектор және азаматтық қоғам үшін ерлер мен әйелдер арасындағы теңдікке қол жеткізу жөніндегі міндеттер көрініс тапты. Тұжырымдамада гендерлік саясат саласында заңна­маны жетілдіру және БҰҰ, ОДМ және ЭЫДҰ халықаралық стандарттары мен ұсынымдарын прак­тикаға енгізу бойынша шаралар кешені көзделген.

Қазақстан Президенті жанын­дағы Әйелдер істері және отба­сылық-демографиялық саясат жө­ніндегі Ұлттық комиссия жұ­мыс істейді. Оның құрамына экономика мен қоғамдық өмірдің түрлі салаларындағы қоғамның көр­некті өкілдері кіреді. Ана мен бала денсаулығын қорғау, жүкті әйелдерді, бала тууға байланысты демалыстағы әйелдерді, сондай-ақ көпбалалы аналар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған әйелдерді әлеуметтік қорғау бойын­ша барынша мемлекеттік қолдау қамтамасыз етіліп отыр. Бала туу және бала асырап алу кезінде біржолғы материалдық қолдау жүйесі, аналар мен әкелердің ген­дерлік теңдігін қамтамасыз ете отырып және күтуші ата-ананың әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қосатын үлесіне қарай бір жасқа дейінгі бала күтімі кезінде отбасын материалдық қолдау жүйесі құрылды.

Бүгінде әйелдер жұмыспен қамтылған халықтың 48,2%-ын құрайды. Нәтижесінде, 2019 жылы Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің «Жұмыс істейтін әйел­дер, ерлерге қарағандағы үлес» көрсеткіші бойынша Қазақ­стан 26-орынды иеленді (салыстырма үшін Ресей – 45-орын, Украина – 46-орын).

Әйелдердің белсенді рөлі кәсіпкерлікте де көрінеді. Бүгінде Қазақстандағы әйелдердің бизнес­тегі үлесі 43,3%-ды құрайды. Бұл ретте 2020 жылдың қорытын­дысы бойынша әйелдер барлық кәсіпорынның үштен біріне жуы­ғының басшылары екені белгілі. Оның ішінде 28,3%-ы шағын кәсіпорындарды, 33,2%-ы орта кәсіпорындарды және 18%-ы ірі кәсіпорындарды басқарады.

Қазақстандық әйелдер еліміз­дің қоғамдық-саяси өміріне бел­сенді қатысуда. Мәселен, бүгінде Қазақстан парламентінің төменгі палатасында әйелдердің үлесі 26,5%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш 2011 жылы 17,8%-дан аспаған. Саяси лауазымдарды 65 әйел атқарады. Олардың арасында агент­­тіктердің төрағалары, ми­нис­трлер мен вице-министр­лер, Конституциялық Кеңестің, Ор­талық сайлау комиссиясының мүшелері, Төтенше және өкілетті елшілер, өңірлердің әкімдері мен әкімдер орынбасарлары және басқалар бар.

Осы жетістіктер мен қабыл­данып жатқан шаралар Қазақ­станның №5 ОДМ-ға және қоғам­дағы тең құқықты сақтау мәсе­лелеріне жоғары бейілділігін көр­сетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы «Халық бірлігі және жүйе­лі реформалар – елдің өркен­деуінің берік негізі» атты Жол­дауында әйелдердің қоғам­дағы экономикалық және саяси ұста­нымдарын барынша қолдауды қамтамасыз ету жөнінде міндет қойып, еліміздегі 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат Тұжырымдамасына өзге­ріс­тер енгізуді тапсырды. Осы­ны, сондай-ақ ОДМ бойынша қа­былданған міндеттемелерді ескере отырып, гендерлік саясатты іске асыру біздің қоғамның әрбір мү­шесі үшін тең құқықтар мен мүм­­кіндіктерді қамтамасыз ету қағи­датын ұстанатын Қазақстан үшін әрқашан басым сипатқа ие болады.

 

Әркен ӨТЕНОВ,

Стратегиялық жоспарлау және реформалар бойынша агенттік төрағасының орынбасары