Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлем мемлекеттері басшыларын ядролық қауіпсіздікті нығайтуға шақырады
Оқырмандар назарына Қазақстан Президентінің Гаагада өткен ІІІ Жаһандық қауіпсіздік саммиті қарсаңында жарияланып, әлемнің жетекші интерактивті саяси алаңдарында – «Euractiv» және «Washington Times»-те орналастырылған мақаласын ұсынамыз. Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігіне қол жеткізген кезде, қуаты жөнінен әлемдегі төртінші ядролық арсеналды иеленіп қалды. Біз бұл қарудан өз еркімізбен бас тарту туралы шешім қабылдап, оны қатаң қауіпсіздік жағдайында Ресейге өткіздік. Осындай іс-қимыл Қазақстанның аталған саладағы көшбасшылығына негіз қалады. Мен бейбіт кезеңде ядролық қарудың салдарынан біздің елімізден көп қасірет шеккен бірде-бір мемлекет болған жоқ деп есептеймін. Семей полигонында ауада және жер астында 500-ге жуық ядролық жарылыстар жасалды. Қырық жылға жуық уақытқа созылған сынақтардан таралған радиоактивті шөгінділердің әсерінен бір жарым миллион адам зардап шекті. Сондай-ақ, орасан зор аумақ зақымданды. Біз, ядролық сынақтардан көп зардап шеккен ел ретінде, дүниежүзі ядролық апат қатерінен барынша қорғалуы үшін өзіміздің айтарлықтай үлесімізді қостық. «Қырғи-қабақ соғыс» текетірес кезеңі келмеске кеткенімен, бүгінде алаңдаушылықтың өзге де себептері пайда болып отыр. Ядролық қарудың экстремистердің қолына түсу ықтималдығы да жоқ емес. Бүкіл әлем үшін террорлық топтардан шығатын қатер арта түсті. Олардың саны ғана емес, қатыгездіктері мен адам өміріне жүрдім-бардым қарау деңгейі де өсіп отыр. Міне, нақ сондықтан АҚШ президенті Барак Обама ядролық лаңкестік халықаралық қауіпсіздік үшін аса үлкен қатерлердің бірі болып табылатыны туралы алаңдаушылық білдірді. Бұған қоса, біздің заманымыздың сын-қатерлеріне «ядролық клуб» елдерінің кеңеюін тежеуді де жатқызуға болады. Мәселе мынада: ядролық технологиялардың дамуына кедергі жасамай, қарудың таралуын қалай тежеуге болады? Бұл сұрақтың жауабын адамзат атом дәуірі басталған кезден бері іздестіріп келеді. Осы аптада Гаагада бүкіл дүниежүзінен алпыс шақты мемлекет басшылары жиналатын ІІІ Жаһандық қауіпсіздік саммиті өтіп, онда аталған қатерлерге қарсы жауап табудың тетіктері қарастырылады. Біз назарымызды айналымда жүрген ядролық материалдардың санын одан әрі қысқартуға және олардың шашау шықпау шараларын күшейтуге аударатын боламыз. Қазақстан аталған салада тамаша тәжірибеге ие. Семей полигонынан «мұраға қалған» элементтердің бірі плутоний мен жоғары байытылған уран болса, оларды атом бомбасын жасау үшін пайдалану қатері де жоқ емес еді. Қазақстанның, Ресей мен АҚШ-тың сарапшылары аталған материалдарды тауып, залалсыздандыру бойынша бұрын-соңды болмаған бағдарламаны жүзеге асырды. Ол он жылға созылды. Біз осындай сезімтал салада жаһандық ауқымдағы бейбітшілік пен қауіпсіздік секілді жоғары мақсаттарға қол жеткізу үшін, тіпті, ұлттық мүддемізді де құрбандыққа шалдық. Гаагадағы саммитте біз ядролық қауіпсіздікті күшейту үшін бірқатар практикалық шаралар қабылдаймыз, және ең бастысы, осы шешімдерді іс жүзіне асыру үшін саяси ерік-жігер танытамыз ғой деп үміттенемін. Мұнда мына мәселелер шешуші болып табылады: бомбалар мен оқтұмсықтар жасау мақсатында пайдаланылуы мүмкін жоғары байытылған уран өндірісін қалай тоқтатуға болады? Бұл халықаралық қоғамдастықтан аталған бағытта абсолютті заңды тілегі бар елдердің азаматтық секторында ядролық технологияларды дамытуға құқық беруді талап етеді. Сонымен бір мезгілде, олар бұл технологияларды ықтимал қару жасау үшін пайдаланбаулары тиіс. Қазақстан МАГАТЭ-нің аталған мәселені шешу атом электр стансасы үшін жоғары байытылған уранның кепілдендірілген көлемі ұсынылатын елдерге тікелей қатысы бар деген пікірімен толықтай келіседі. Міне, осы орайда МАГАТЭ халықаралық ядролық отын банкін құру мақсатын көздесе, біз өз аумағымызда оны орналастыруға келісімімізді беріп отырмыз. Уран өндірісінде әлемдік көшбасшы, ядролық нысандардағы қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету бойынша тәжірибесі мол ел ретінде Қазақстан бұл салада тамаша кепілдемеге ие. Біз барлық ядролық державалармен, сондай-ақ, атом технологиясын азаматтық секторда дамытуды жоспарлайтын өзге де елдермен жақсы қарым-қатынас қалыптастырдық. Қазақстан қазіргі заманғы өмір шындығын есепке ала отырып, ядролық қаруды таратпау режімін жаңғырту бастамасын бірнеше мәрте көтерді. Бірінші кезекте Ядролық қаруды таратпау туралы шарттағы сәйкессіздіктердің орнын толтыру қажет. Бүгінде таратпау режімі мен МАГАТЭ-нің Таратпау туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің ядролық қызметі бойынша тиісті кепілдігін іс жүзінде жүзеге асыруды қолдануы «ядролық бестік» елдеріне айтарлықтай экономикалық және технологиялық басымдықтар беретіні ешкімге де құпия емес. Олар өздерінің ядролық секторындағы мәліметтерді ерікті негізде ашып көрсетеді. Бұл оларға коммерциялық мүддесі бар ғылыми және технологиялық жаңалықтарды сақтауға, ядролық сектордың жекелеген бағыттарын дамытуға және өзге де маңызды ақпараттарды МАГАТЭ-нің кепілдік жүйесі арқылы жариялауға мүмкіндік береді. Сонымен бір мезгілде, өздеріне шарт бойынша міндеттеме алған және өздерінің бейбіт ядролық қызметтеріне толық ауқымды кепілдік қолданылатын қалған мемлекеттер МАГАТЭ-ге барлық ядролық бағдарламалары, зерттеулері, ондаған жылдарға бұрын жоспарланған атом саласын дамыту бойынша бағдарламалары жөнінен толық және жан-жақты ақпараттар береді. Көптеген елдердің осындай тең емес жағдайларға наразылықтарын түсінуге де болатындай. Егер «ядролық бестік» мемлекеттері әлемдік қоғамдастық алдында ядролық қарусыздану бойынша міндеттемелерін орындағандықтары туралы жыл сайын есеп беріп тұрса, әділетті болар еді. Бұл үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің жанынан Ядролық қаруды таратпау туралы шарт бойынша міндеттемелерін орындағандары туралы сараптама жүргізетін арнайы комитет құрып, БҰҰ ҚК-нің мандатын пайдалануға болар еді. Ақпараттардың сезімталдығын ескере отырып, мемлекеттердің есептері тыңдалатын комитеттің жыл сайынғы мәжілісін жабық режімде өткізуге болады. Бірақ міндеттемелердің жалпы орындалу жағдайын айғақтайтын қорытынды құжат БҰҰ-ға мүше барлық елдер үшін жариялануы тиіс. Қазіргі кезде әлем қауіпсіздіктің жаһандық жүйесі үшін жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын да атап өтпеске болмайды. Оның үстіне олар қолданыстағы ядролық таратпау жүйесінің беріктігіне тексеру де болып табылады. Барлық «табалдырықта тұрған» мемлекеттерге олардың қауіпсіздіктері тиісті деңгейде және ядролық бағдарламаларсыз қамтамасыз етіле алатынын көрсететін саяси шешімдер қабылдаудың да маңызы зор. Қорытындысында біз қауіпсіздіктің жаһандық жүйесі ядролық арсеналдың қирататын мүмкіндігіне емес, керісінше, мүдделер тоғысының жасампаздық күші мен халықаралық міндеттемелерді орындауға негізделетінін дәлелдеуге тиіспіз.Қазақстанның екі өңірінде жол жабылды
Ауа райы • Бүгін, 16:25
Астана даңғылдарының бірі 2 аптаға жартылай жабылды
Елорда • Бүгін, 15:47
Өскеменде бір ай бұрын жоғалып кеткен 19 жастағы қыздың мәйіті табылды
Қоғам • Бүгін, 15:17
Ақтау маңында ірі жол апаты болып, 7 адам ауруханаға жеткізілді
Аймақтар • Бүгін, 14:42
Алаш қозғалысы: 12 том құжаттар мен материалдар жинағы толық жарық көрді
Руханият • Бүгін, 14:03
Шайды қай кезде ішкенде зияны болмайды
Денсаулық • Бүгін, 13:32