Аймақтар • 18 Ақпан, 2022

Жер телімдеріне арналған геоақпараттық жүйе

488 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жамбыл өңірінде жер мәселесі – ең күрделі мәселенің бірі. Аймақта жер дауы талай рет өршіп барып, басылған кездер де аз болған жоқ. «Аспаннан киіз жауса да, құлға ұлтарақ бұйырмайдының» кебін киген қара халық облыстағы түрлі деңгейдегі әкімдерге қайырылып, жер мәселесін талай рет көтерген. Әсіресе, ауылды жерлерде жердің жетімсіздігі жиі айтылады. Шынында да жер төңірегінде мәселе көп. Ал оны жүйелеу, ретке келтіру оңай емес. Алайда «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Жамбыл облысында да жерді жалға беру жүйесі электронды форматқа көшірілмек. Тиісті басшылар бұл бастаманың тиімділігін айтуда.

Жер телімдеріне арналған геоақпараттық жүйе

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуыр­да Парламент Мәжілісінде өткен жиында осынау маңызды шараның өз жемісін бермей отырғанын атап өткен еді. Де­генмен өңірде Президент тапсырмасын орындау мақсатында қолға алынған шаруа жүйеленіп келеді. Облыстық жер қатынас­тары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов цифрландыру сыбайластықты жаппай жоюды көздейтінін айтады.

«Осы орайда, Президент ақпа­раттық жүйені ин­теграция­лау мемлекеттік ор­гандарды қағазбастылықтан арылтып, қоғамның мемлекеттік ор­ган­дарға сенімін арттыруға тиіс екенін айтты. Сондықтан да бизнеске жер телімдерін таң­дау және бөлу рәсімдерін цифрлы форматқа көшіру ба­ғытында Жамбыл облысында E-Jambyl доменді атауымен өңірлік геоақпараттық жүйе құрылды. Жүйеде облыстың барлық ауданының, ауылдық округтерінің және қалаларының аумағынан бос жер телімдерін көру мүмкіндігі қарастырылған», дейді Б.Көп­босынов.

Бұл ретте өңірлік геоақ­па­­рат­тық жүйе бойынша ха­лық­қа қолжетімді ақпарат алу үшін аймақтағы ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жерлерге түгендеу жұмыстары жүр­­­гізілген. Нә­тижесінде,

1,1 млн гектар бос жер те­лім­дері анық­­талып, жүйе­ге ор­нала­с­тырылған. Оның ішін­де 20,8 мың гектар жер егіс­тік ал­қаптар болса, 7 мың гектар ша­­бындық және 1,07 млн гек­тар жайылымдық аймақ. Сон­дай-ақ өңірде құрылған гео­пор­талға кәсіпкерлік мақ­са­тын­дағы бос жер телімдері де ор­­наластырылған. Бұл алдағы уа­қытта облыстағы қала мен аудан тұрғындары арасынан кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтарға жер телімін көруге және таңдауға мүм­кін­дік туғызады. Басқарма бас­шысының айтуынша, қазіргі таңда жер қатынастары саласында халыққа 10 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілуде. E-Jambyl геоақпараттық жүйе­­­­сінде де сол қызметтерді цифр­­­­­ландыруға қатысты бір­шама жұмыс атқарылған. Нақты айт­қанда, 8 мемлекеттік қызмет түрі автоматтандырылды.

Жалпы, жер мәселесі төңі­регінде әңгіменің көбейгені рас. Оның ең қауіптісі – жең ұшы­нан жалғасқан жемқорлық. Өңір­дегі жер қатынастарын реттеу мақсатында оны цифрлан­ды­ру жүйесіне енгізу де сы­бай­лас­тықты болдырмауды көз­дейді. Б.Көпбосынов облыста ашық­тықты қамтамасыз ету және жем­қорлықтың алдын алу немесе жою мақсатында және аукцион­дар мен конкурстарды қағаз жү­зінде жүргізіп, сауда-саттыққа қаты­сушылардың на­разылығын бол­дырмау үшін кешенді шаралар жү­зеге асып келе жатқанын айтты.

«Ендігі кезекте жерді жалға берудің конкурстық жүйе­сін электронды форматқа көші­руге дайындық жұмыстары ат­қарылып жатыр. Айта ке­терлігі, өткен жылы аймақта 15 аукцио­н ұйымдастырылып, 104 жер телімі 170,9 млн теңгеге сатылды», дейді ол. Жер мә­селесіне байланыс­ты жұмыстар ал­дағы уақытта да жалғаса береді.

 

Жамбыл облысы