Аймақтар • 18 Ақпан, 2022

Гүлдерге сұраныс жоғары

590 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Са­ры­ағаш ауданында 80-ге жуық отбасы гүл өсi­­румен айналысады. Дербісек ауылының тұр­ғындары қазіргі таң­да үйіргелік жердегі жылыжайда гүлдің бірнеше түрін өсіруде. Былтыр шаруалар 600 мыңға жуық гүл өсірген.

Гүлдерге сұраныс жоғары

Бір ғана мысал, бұл іспен 20 жылдан бері айналысып келе жатқан ауыл тұрғыны Махат Әуешов 20 соттық жылыжай аумағында рау­шан, альстромерия, хризантема сын­ды сұрыпты гүлдерді өсіруде. «Гүл көшеттерін өсірудің өзіндік қиын­дықтары бар. Егілген гүлді әр 10-15 күн сайын суарып тұру керек. Жылыжайдағы қалыпты температура 10-15 градус жылылықта болуы шарт. Ал наурыз айының басынан бастап сабағынан қырқылған гүлдер сатылымға шығарыла бас­тайды. Мереке сайын көршілер мен ағайын-туысқа өз ауламызда өскен гүлдерді сыйға тартамыз. Бұл кез келген жанның көңіліне ерекше қуаныш сыйлайтыны анық», дейді кәсіпкер. Бүгінде кәсіпкердің гүлдеріне сұраныс жоғары. Әсіресе Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан арнайы тапсырыс берушілердің қатары қалың.

Ал аудандағы Жемісті ауылы тұрғындарының басым бөлігі үйіргелік жерде ағаш көшеттерін өндірумен айналысады. Шағын ауылда алма, алмұрт, өрік, шабдалы, шие, алхоры және сәндік ағаштардың бірнеше түрін өсіруге басымдық берілген. Негізінен жылына 300 мың шамасында көшет өндірілуде, сұраныс жоғары. Көшеттер республика аймағына арнайы тапсырыспен тасымалдануда.

 

Түркістан облысы