Қыс. Ақпан. Таңертеңгілік мезгіл. Біз Балқаш өңіріне қарай бет алып келеміз. Алматыдан шығардағы уәде бойынша Бақанастың кіре берісінде Күмісбек есімді жігітпен кездеспекшіміз. Ол бізді Аралтөбе ауылына апармақ. Онда осыдан көп жылдар бұрын қысты күнгі өзен суына батып бара жатқан 12 баланы жанкештілікпен құтқарып қалған ерен ерлік иесі Бейсетай Дәуренбеков ақсақал тұрады. Шаруамыз – сол кісімен жүздесу, әңгімелесу. Жағдайын сұрап, ескерілмей қалған ерлікті ел есіне қайтара салып қою.
Өз басым Бейсекеңмен бұған дейін бір рет кездескенім бар. Ол 1973 жылдың дәл осындай қыс айы еді. Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінен: «Іле өзені жағасында керемет бір оқиға болыпты. Патриотизмнің өмірдегі нақты көрінісі міне, осы. Сондықтан мұның ізін суытпай жазу керек» деген нұсқау болған соң, «Ленинская смена» газетінен Николай Ларин, «Лениншіл жастан» осы жолдардың авторы – стажер мен болып жолға шыққанбыз. Күрті ауданының орталығы Ақши селосына келсек, ҚазТАГ-тан Ганжа деген редакция меңгерушісі жүр екен. Ол кісі енді аз уақыттан соң осындағы орта мектепте Бейсетай Дәуренбековпен кездесу өткізілгелі жатқанын, барлық оқиғаны сол басқосуда естуге болатынын айтты.
Көп кешікпей сөз еткен жиын да басталған. Сондағы мектеп оқушылары алдына шыққан ұзын бойлы, жасы 35-36-лар шамасындағы жігіт ағасының кескін-келбеті әлі көз алдымда. Сөйлеген сөзінен аңғарғаным, Ұлы Отан соғысының алдында осы өңірдегі Ақкөл ауылында өмірге келіпті. 50-жылдардың аяғында орта мектепті бітірген соң шопан әкесіне көмекші болған. Мал басын шығынсыз өсіріп, қойларды етке қосымша салмақпен қоңды өткізгені үшін Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысады. Содан кейінгі кезеңдегі әр 100 саулықтан 115-тен қозы алып, әр қойдан 4,5 кило жүн өткізген озық көрсеткішіне орай «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталып, 1971 жылдан бері Күрті аудандық партия комитетінің мүшесі болып келеді екен.
Өмір жолындағы жоғарыдағыдай деректерді айтқан Бейсетай Дәуренбеков осыдан соң бұдан екі ай шамасы бұрын, яғни 1972 жылғы 18 желтоқсанда Іле өзеніндегі өткелде қайық аударылуы салдарынан суға құлаған 12 баланы қалай құтқарғаны жөнінде әңгімелеген. Оны біз сол сапардан оралғаннан кейін шама-шарқымызша жазып, газетке бергенбіз. Ол кезде жаспыз ғой, тәжірибенің жетімсіздігі ме, әлде аузымыз уәлі болмады ма, әйтеуір мақала оқырмандар тарапынан дүр еткізетін қоғамдық пікір туғыза алмады. Жарайды, сол кездегі стажер біздің айтқан ой-ұсыныстарымыз балалық немесе шалалық еді дейік. Бірақ... иә, бірақ қазақ жігіті Бейсетай Дәуренбековтің жоғарыдағы ерлігіне атақты «Правда» газеті назар аударып, беделді «Известия» басылымы суретін жариялады ғой. Өкініштісі, оларға да үлкенді-кішілі билік орындары селт етпеді. Үнсіз қалды. Неге?
«Иә, неге?» деп өз-өзіме күбірлей жан-жағыма қарағанымда, көзіме Бақанастың шеткі үйлерінен басталатын орталық көшесі де шалынды. Бензин құю бекетінің басында екі адамның сұлбасы көрінеді. Жақындап келіп тоқтағанымызда, сәлем берген жігіттер өздерін: «Аудандық газеттің бас редакторы Күмісбек Ербай деген ініңіз боламын. Ал мына жігіт фототілші Бақтығали Дәуітбаев», – деп таныстырып, Аралтөбеге қарай жол бастады.
... Содан бір сағаттан аса уақыт өткенде біз іздеп келген адамымыздың үйінде отырдық. Байқаймын, арада өткен 41 жылдың ішінде бұл кісі онша көп өзгере қоймапты. Сол ақжарқын келбет, сол екпіндей сөйлейтін ашық дауысты әдет. Тек бір кездегі шалқақ кеуде сәл еңкіш тартып, жазық маңдайға қос сызық әжім түскен. Ғажабы, жасы 75-ке келсе де бойы әлі шөге қоймаған. Ойы сергек. Сөзі жігерлі.
– Осыдан екі ай бұрын, – дедім мен аман-саулық сұрасып, жайғасып болғаннан кейін отағасына, – Парламент Мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаев сіздің бір кездегі жасаған жанқиярлық ерлігіңіз туралы Үкімет алдына мәселе қойды. Содан бері редакцияға жан-жақтан: «Оқиға қашан, қалай болып еді? Кезінде ол неге еленбей қалған?» деген хаттар келуде. Сізді іздеп жолға шыққан себебіміз, ағасы, міне, оқырмандардың осындай сұрақтарына жауап алу. Ендеше...
– Онда әңгіме былай болсын, – деді Бейсекең жоғарыдағы сауалға сәл ойланып барып тіл қатып. – Ол оқиғаны мен тағы да бүге-шігесіне дейін тәптіштеп, қайталап айтып жатпай-ақ қояйын. Себебі, өзің 1973 жылы «Лениншіл жасқа» жазып едім дедің ғой жаңа. Сол сөз – сөз. Бұл жолы ондағы оқиғаны саған оған сыншы болған сырт көздердің жазбасы – қолымдағы мына хат баяндасын. Сөз етсін. «Неге?» дейсің ғой. Біз сияқты жасы келген қарт адамдарға: «Анау жылдары өйтіп едім, бүйтіп едім» деу енді жараспайды. Бала-шаға емеспіз. Әңгіме жетегінде отырып, әсірелеуге, ағаттыққа жол беріп алсақ, қарт адамға одан асқан қиын нәрсе жоқ. Сондықтан...
Осылай деген үй иесі қолыма үш парақтан тұратын бір қағазды ұстатты. Отағасының айтуынша, бұл 1972 жылдың 18 желтоқсанында суға кетіп қала жаздаған 12 мектеп оқушысының 35 жылдан кейін Бейсекеңді іздеп келіп, ол кісіге «анықтама құжат» ретінде тапсырған куә хаттары екен. Мұны билік орындарына арнайы әзірленген ұжымдық ұсыныс, дайын мінездеме немесе алғыс арқалаған аманат десе де болады.
«Оқиға былай болды, – деп жазады өз хаттарында ажалдан аман қалғандар. – 1972 жылғы 18 желтоқсан еді. Бұл біздің өңірдегі қыстың нағыз күшіне енген кезі-тін. Іле өзенінде сең соғылысып, су арнасына сыймай ағып жатты. Біздер ол кездері ауылда орыс мектебі болмағандықтан, арғы беттегі Үшжарма селосына қайықпен барып қатынап оқитынбыз. Сол күні де сабаққа бара жатқан бетіміз болатын. Василий Базарнов деген ағай жүргізетін қайыққа екі үйден үш бала, бір үйден екі бала, қалған үйлерден бір-бір бала, барлығы 15 бала мінгеніміз есімізде.
Кішкентай болсақ та білеміз. Толқындар жағаға соғылып, Іле буырқанып жатты. Қатты жел көтеріліп тұрғандықтан, біздерді мектепке шығарып салуға біреуіміздің әпкеміз, екіншіміздің шешеміз, үшіншіміздің ағамыз келген болатын. Өткел шетінен қозғала бергенімізде жағалауды бөктерлеп келіп тоқтаған «Уазик» көрінді. Сөйтсек, олар ертеңгі аудан орталығында болатын жиналысқа барамыз деп жолға шыққан аудандық сот төрағасы мен милиция қызметкері және жүргізуші жігіт екен. Қайыққа үлгере алмай қалғандарын көрген соң көліктерінен түсіп кезек күтіп тұрды.
Сөмке асынған 15 бала мен ескекші Вася ағайдың салмағынан белі қайысқан қайық қалт-құлт етіп әрең жүзіп келеді. Оның үстіне арқырап-күркіреген судың ағыны да адам шошырлық еді. Өзеннің орта тұсынан асып, арғы бетке жақындадық-ау дегенде екі үлкен сең келіп қайықты соқпасы бар ма? Ол аударылып, үстіндегі біздер суға құлай бастадық. Жағадағы мектепке шығарып салып тұрғандар не істерлерін білмеді. Бауыр еті балалары суға бір батып, бір шығып, иірімге үйірілген сеңге жармасып, төңкерілген қайықтың шынжырынан ұстап жандалбасалап жатқанда туыстарымыз өзен жағалап жүгіргеннен басқа ештеңе істей алмады. Кейін естіп-білгеніміздей олардың арасындағы аудандық сот төрағасы мен милиция қызметкері де: «Жағдайды көріп тұрмыз, бірақ дәрменсізбіз», дегендей кейіп танытқан. Тек дағдарып тұрғандардың ішінен бір адам ғана, жаңағы жағалауды бөктерлеп келіп тоқтаған машинаның жүргізушісі Бейсетай Дәуренбеков шала-пұла шешкен киімдерін жерге атып ұрып, дүлей толқынға қойып кеткен. Сеңдерді итерген күйі құлаштай жүзіп келе жатқан ол кісіні өзімізге жақын қалғанда бір-ақ көрдік. Келген бойда астында ауа қалғандықтан төңкерілсе де суға батпай дөңкиіп тұрған қайықты аударып, орнына қойды. Сөйтті де сең мұзына жармаса жылап жүрген балалардың бірінен кейін біріне көмекке келіп, оларды қайыққа қайта сала бастады. Осы аралықта иірім толқындарымен бірге шыр айналып, ес-түссіз қалғандарымыз да бар болатын. Бейсетай аға суға бір батып, бір шығып жүрген бұл оқушыларды да қолтығына қысып әкеліп ернеуден ішке қарай асыра берді. Біздің жанымызға соңғы рет жүзіп келгенде ол кісінің қолында бір малақай ғана болды. Өйткені, кешқұрымғы су бетінде сол кезде осы бас киімнен басқа көзге көрініп қарайған ештеңе қалған жоқ еді. Міне, содан кейін ғана ағай үсті-бастары ақ қырау болып, тістері тістеріне тимей дірілдеген балалар толы қайықты иығымен жағаға қарай итеріп, қарсы бетке шығаруға әрекет ете бастады.
Осы оқиғаны өз көздерімен көріп тұрғандардың айтуынша, Бейсетай аға жағаға тәлтіректеп әзер шығыпты. Сол сәтте көзі қарауытып, есінен танып құлаған. Сөз ретіне қарай айта кетейік, қайыққа мінген 15 баланың 3-еуі суға ағып кетіпті. Оның бірі орыс қызы Наташа болатын. Жағада күтіп тұрған туған ағасы Николайдың тәуекел деп сең арасымен жүзіп баруға жүрегі дауаламапты. Тек өткелде әрі-бері жанұшыра жүгіріп жүрген де қойған. Ал қарындасы суға батып кеткенде ғана басын ұстап отыра қалып, еңіреп тұрып жылапты.
Жағаға шыққаннан кейін ата-аналар мен жақын туыстарымыз біздерді үйді-үйге алып кетіп, жылытты. Ем-домдарын жасады. Доктор шақыртып қаратты. Аман қалғанымызға әбден көздері жеткеннен кейін барып біздерді ажалдан құтқарған Бейсетай Дәуренбековті іздей бастаған көрінеді. Еш жерден таппағаннан кейін бір ата-ана: «Мен баламды әкетіп бара жатқанда судың жағасында біреу жатқан. Өткелдегі ұйықтап қалған мастардың бірі шығар деген де қойған едім. Барып көрейік, бәлкім сол шығар», – дейді. Іздеп келсе, шынымен де есінен танып, тоңып жатқан Бейсетай аға екен. Мұз аралас суға түсіп, бізді жағаға аман-есен алып шыққаннан кейін ол кісінің өкпесін суық қауып, есінен танып құлапты. Содан ағамыз алты ай аудандық ауруханада жатып, емделді.
Ол кезде уақыт басқа, заман басқа. Мәскеудің қас-қабағына қарап сөйлейтін кез. Бейбіт күнде өзін құрбандыққа шала жаздап, қаһарлы аяздың күшіне мінген кезінде буырқанған өзенге ағып бара жатқан 12 баланы аман алып қалған, мың адамның бірі жасай бермейтін ерлік көрсеткен Бейсетай Дәуренбековке сонда бар болғаны судан, өрттен құтқарушыға арналған қарапайым значок – төсбелгі ғана беріліп еді. Бұған қалай налымассың, ренжімессің.
Біздер – 1972 жылы сеңге соғылып, қайығымыз аударылып, суға құлаған 15 баланың 12-сі Бейсетай ағамыздың теңдессіз ерлігі арқасында ажалдан аман қалдық. Қазір бәріміз де ержетіп, өсіп-өндік. 12 қыз-жігіттен бұл күнде 43 бала бар. Осы санға өзімізді қосқанда 55 боламыз. Барлығымыз да Бейсетай ағамыздың алдында қарыздармыз. Қарапайым жанның бір кездегі мектеп оқушылары – біздерді ажалдан арашалап қалған еңбегін қалай өтеуге болады деп ойлаймыз.
Ерлікті барлық адамның жасауы міндетті емес. Бірақ кезі кеп қалғандағы осындай әрбір батыл қадам, өнеге деп айтуға тұрарлық әрбір ізгі іс лайықты бағасын алып жатса, оның келешек ұрпақты тәрбиелеу үшін маңызы аса зор болатыны анық. Осы тұрғыдан келгенде жоғарыдағыдай жанқиярлық ерлікті насихаттау арқылы жасампаз халқымыздың рухын көтеруге, тіпті асқақтатуға да болады. Ол үшін ондай істің бағасын Қазақстанның Халық қаһарманы секілді марапат арқылы беру керек. Тәуелсіз еліміздің жаңаша ойлау машығына ие Үкіметі ерте ме, кеш пе біздің осы ниетімізді қолдаса дейміз. Сәлеммен, 1972 жылы суға кетіп, ажалдан аман қалған 12 отандастарыңыз: Ғ.Тегісбаев, Ғ.Тегісбаева, А.Тегісбаев, А.Айдарбек, А.Айдаров, В.Проценко – Жерикова, С.Проценко, Т.Проценко – Бурляева, Д.Арсамакова, М.Арсамаков, М.Берекетова, Л.Галкина. 2007 жылғы 18 желтоқсан».
– Қыстың көзі қыраудағы қиын жағдайды көріп тұрып аяқ астынан тез шешім қабылдаған адамгершілік әрекетіңізді біз жақсы түсінеміз. Ризашылық білдіреміз, – дедім мен жоғарыдағы хатта баяндалған оқиға әсерінен арыла алмай отырып. – Дегенмен, айтыңызшы, дүлей толқынды асау өзендегі ызғары ет емес, сүйектен өтетін мұздай суға күмп беріп қойып кеткенде не біліп, не сездіңіз? Сол сәт есіңізде ме?
– Алдымен жүрегім атқақтай соғып, содан кейін қаным басыма шапты, – деді менің сауалыма байыппен жауап қатқан үй иесі. – Денем от болып жанды да өзім жүзіп келе жатқан мұзды су жылып, бірте-бірте сақырлап қайнап кеткендей болды. Осы әсер мен осы сезімнің қуаты иірімдегі балаларға жетіп, оларды сең арасынан алып шыққанда да, қайықты кеудеммен итере жылжытып, қарсы бетке жеткізгенде де жоғалған жоқ. Құдай қолдады, шырағым. Одан басқа ештеңе де емес. Сөйтіп, жоғарыдағы адам түсінбейтін құбылыс ақырған аяз бен өкпек жел және тастай суық суды ұмыттырып жіберді.
– Ал жағаға шыққанда ше? Денеңіз не сезіп, жан дүниеңіз қандай күйде болды?
– Сең арасында жүргенде денем ысып, күйіп-жанып тұрды дедім ғой жаңа өзіңе. Ал қарсы бетке жетіп, табаным жерге тигенде төңірегімді аппақ бу қаптап кеткендей болды. Содан соң көзім кіреукеленіп, айналам ақ пердемен көмкерілді де өзім бозғылт бір әлемге еніп кете бардым. Есімді қалай жоғалттым, оны білмеймін.
– Өзендегі сол кездейсоқ оқиға мен сіздің соған байланысты жасаған батыл әрекетіңізді үй-ішіңіз қашан естіп білді және оны қалай қабылдап, бағалады деп ойлайсыз?
– Зайыбым Жолдыбала үшінші сәбиіне босанып, перзентханада жатқан еді. Ауыл адамдары есім ауып қалған мені қайықтың қасынан тауып алып, медпунктке әкелгенде елермем ұстап, сандырақтай беріппін. Фельдшер денемді спиртпен сүртіп, бойды қыздыратын укол салып болғаннан кейін үйге сүйемелдеп әкеледі. Сонда өзендегі оқиғадан мүлде хабары жоқ анам мені мас адамға балап: «Әйелінің туғанын әлі тойлап жүр ме, бұл жазған? Сомадай болып мұнысы несі?» – деп қатты кейіпті. Ал мән-жайды толық білген соң жаны қалмай, қорадағы бордақы қойдың біреуін әкеліп сойдыртыпты да мені оның терісіне бөлеп тастапты. Үш күннен кейін орнымнан тұрдым. Бойым дел-сал. «Ауруханаға бармасам болмайды екен» деп ойладым. Сөйттім де фельдшерді ертіп, аудан орталығына тарттым. Сол жерде алты ай жатып адам болып шықтым ғой, әйтеуір.
– Айтпақшы, қайықшы жігіт... Иә, қайықшы Василий Базарнов. Оқиға кезінде ол қайда, не істеп жүрген? Одан хабарыңыз бар ма?
– Василийдің негізгі кәсібі кочегар еді. Түнде ауылдағы клуб пен кеңсе және мектепті жылытатын қазандықта жұмыс істеп, күндіз елді өзеннен қайықпен өткізіп, нәпақасын содан айыратын. Жаза мен азап қой... Қайық аударылғанда өзі есінен танып қалған. Суға ағып барып бір мүйістен шыққан. Бір аяғында етігі бар, екінші аяғында шұлғаудан басқа дым жоқ, үсті-басын ақ қырау жапқан бейшара жылап-еңіреп ымырт үйіріле ауылға жеткен. Сол бойда кочегаркаға кіріп жан шақырған. Содан оны учаскелік милиционер іздеп келіп ұстап, гауптвахтаға жауып тастаған. Тергеп, әуре-сарсаңға салған. Бір айдан соң сот болып, үш жылға кесіліп кетті. Жазасын өтеп келгенін білемін. Содан осы бертінде қайтыс болды.
– Енді өзіңіз ажалдан құтқарған 12 оқушы туралы аз-кем әңгіме айтсаңыз. Олар қазір бар ма, қайда тұрады? Қандай азаматтар болып өсті?
– Бұл балалар орыс, украин, чешен ұлтының өкілдері мен өзіміздің қарадомалақтар еді. Және әртүрлі сыныптың оқушылары болатын. Мектеп бітірген соң үш-төртеуі оқу іздеп, әр жаққа жол тартты да, бес-алтауы осында қалып қойды. Кейін ер балалар үйленіп, қыздар тұрмысқа шығып, бәрі балалы-шағалы болды. Үйлену тойларына шақырып, сәбилерінің шілдехана, тұсау кесу және сүндетке отырғызу сияқты қуаныштарынан қалдырған емес. Мәскеу мен Красноярск, Махачкалада тұратын екі-үш қыз-жігіт осындағы әке-шешелері мен туған-туысқандарына келген кездерінде маған да амандасуды ұмытпайды. 2007 жылы олардың тараптарынан мен үшін көңіл толқытарлық бір оқиға болды. Сол жылы өзіміз сөз етіп отырған 12 мектеп оқушысының суға кетіп қала жаздап, аман қалғандарына 35 жыл толған екен. Соны еске алған олар осы ауылға арнайы жиналып келіп, маған тағы да рахмет айтты. Ауданымыздағы жанашыр азамат Марат Қашқынбаевтың бастамашылдығымен қағазға түскен куәгерлер сөзі дейміз бе, жоқ әлде анықтама немесе естелік, яки аманат деп айтуға бола ма, әйтеуір жоғарыдағы өзіңе көрсеткен ұжымдық хатқа қолдарын қойып, тапсырып кетті. Қайтсін, одан басқа не істей алады олар. «Кіршіксіз көңілдерің мен ақ ниеттеріңнен айналайын!» дедім іштей толқып.
Осыдан кейін қариядан өзінің тұрмыс-тіршілігі мен отбасы туралы, қалай өмір сүріп жатқандығы жайлы сұрадық. Ақсақалдың айтуынша, кеңес заманында Ақжар кеңшарында шопан, шофер болып жұмыс істеп жүріп, Талдықорғандағы зооветеринарлық техникумды бітіріпті. Содан кейін арнаулы жолдамамен осы Аралтөбе ауылына келіп, мал маманы болып жұмыс істеген. 90-жылдардағы өтпелі кезеңде жеті баланы қалай ер жеткізіп, аяқтандырамыз деп зайыбы Жолдыбала апай екеуі біраз алаңдаған жайы бар сияқты. Бірақ өмірлік тәжірибелері мол, ақыл тоқтатқан адамдар емес пе, арендаға жер алып, ірі қара мен ұсақ мал өсіретін шаруа қожалығын құрыпты. Бүгіндері сондағы фермада еңбек етіп жатқан балаларының бір жағына шығысу үшін бақташы болып жүр екен. Барға қанағат деп отырған жайлары бар.
...Әңгіме аяқталды. Қайтуға жиналдық. Бейсекең бізді қимай, үйден аулаға, ауладан көшеге ілесіп шықты. Сөйтті де бала-шағасымен бірге қайыр-қош айтысып қала берді. Іле өзеніне жетіп, ондағы Қонаев көпірі деп аталып кеткен өткелден өткен соң ойыма: «Кенеттен болған аяқ асты оқиғалардан суға кеткендерді құтқару кезінде дәл осы Бейсетай Дәуренбеков секілді 12 жанды ажалдан бірден арашалап алған адамдар бар ма екен өзі, мына өмірде?» – деген сауал оралды. Бір жағдай есімізде. Ол 1976 жылы Ереванда болған еді. Салон толы жүргіншілері бар троллейбус көпірдегі жолдан тайқып кетіп, өзенге құлаған. Оны сол маңайдан өтіп бара жатқан аты Одаққа әйгілі спортшы Шаварш Карапетян байқап қалып, көмекке ұмтылған. Нәтижесінде оншақты адамды судан алып шыққан. Оның олай ететіндей жөні де, реті де бар еді. Неге десеңіз, Шаварш Карапетянның кәсібі мен мамандығы соған сәйкес келетін адам-тын. Суға жүзуден 7 рет КСРО, 13 мәрте Еуропа чемпионы ол сондай-ақ су астындағы жедел жүзуден де дүние жүзі бойынша рекорд жасаған жігіт болатын. Және Еревандағы өзенге құлаған троллейбус оқиғасы қақаған қыста емес, жазда болған жәйт еді. Бірақ, бұл қалай болғанда да үлкен ерлік. Керемет іс! Жанқиярлық ғажап қимыл!!! Таяуда сол Шаварш Карапетянды «РТР» телеарнасынан көріп қалғанымыз бар. Бұл Сочидегі қысқы Олимпиада алауын Ванкуверден Мәскеуге алып келетін қарбалас сәт қарсаңы болатын. Оған Ресей Федерациясы бойынша 10 атақты ардагер спорт саңлақтары таңдалыпты. Солардың сапында маңдайы жарқырап Шаварш та тұр. Құрмет деп міне, осыны айт!
Қандасымыз Бейсетай Дәуренбековтің жоғарыда өзіміз сөз еткен жанқиярлық іс, батыл қадамы бұдан бірде-бір кем емес үлкен ерлік. Тек енжарлықпен білмей, бейғамдықпен бағалай алмай жүрміз. Халқымызда: «Бір кем дүние...» деген сөз бар. Оның мағынасы қол жетпеген, орындалмаған, қисыны мен реті келмеген нәрсе дегенге саяды. Қашанғы бұл осылай бола береді? Неге ыңғайын келтірмейміз? Уақыты әлдеқашан келген нәрсеге дұрыс назар аударып, мұқият қарасақ, күдік келтіріп тұрған ештеңесі жоқ қой. Тоқ етерін айтқанда, Бейсекең ақсақалдың мәселесі бәріміз үшін «бір кем дүние...» болып тұр. 2007 жылғы оқушылар хатындағы ой дұрыс. Қарияға Халық қаһарманы атағын беру керек. Ерлік ескірмейді. Ел, жұрт тілегі осы.
Осы ой маған Аралтөбеден Бақанасқа жеткенше, одан Қапшағайға келіп, Алматының шеткі көшелеріне ілінгенше маза бермей-ақ қойды.
Жанболат АУПБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы,
Балқаш ауданы,
Аралтөбе ауылы.
____________________________________
Суретті түсірген Бақтығали ДӘУІТБАЕВ.