Қазақстан • 18 Ақпан, 2022

Қазақстан мен Қытайдың дипломатиялық қарым-қатынасына 30 жыл толды

880 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы Қытай Халық Республикасының Бас консулдығы мен мегаполистегі ҚР Сыртқы істер министрлігі Өкілдігі бірігіп, «Қытай мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнатылғанына 30 жыл толғанын мерекелеу» тақырыбында онлайн-шара өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан мен Қытайдың дипломатиялық қарым-қатынасына 30 жыл толды

Онлайн өткен салтанатты оқиғаға Алматыдағы екі Конфуций институты мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Ланьчжоу университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері және Оңтүстік-Батыс университеттері де ортақтасты.

Мерейтойлық шара барысында Алматыдағы ҚХР Бас консулы Цзян Вэй ханым, Алматыдағы ҚР СІМ Өкілдігі жетекшісінің орынбасары Руслан Мәлікұлы, Халықаралық қытай тілі білім беру орталығының бас хатшысы Чжао Линшань, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев, Ланьчжоу университетінің ректоры, Қытай ғылым академиясының академигі Ян Чуньхуа, Оңтүстік-Батыс университетінің ректоры Чжан Вэйгои, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің оқу істері жөніндегі проректоры Әсел Чакликова сөз алды.

Қашықтан жылы лебіздерін жеткізген қонақтар осы отыз жылдағы Қазақстан мен Қытайдың барлық салада қол жеткізген табыстарын тілге тиек етіп, оның нақты мысалдарын атады.

Ежелден тату, ежелден көрші екі мемлекеттің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар екі елдің дамуына ғана емес, мәңгілік старегиялық әріптестікке де құрылғаны атап айтылды.

Қонақтар екі елдің экономикалық және әлеуметтік дамуында екі жақты татулық аймақтық тұрақтылық мәселесінде де аса маңызды рөл атқаратындығына тоқтала келе, екі мемлекеттің келешегі мұнан да жарқын болатындығына сенім білдірді.

Салтанатты шарада Алматы қаласындағы екі Конфуций институтының бейне-баяндары көрсетіліп, аталмыш институттардың дамуы мен жетістіктері жан-жақты паш етілді. Ал төрт құрылтайшы-ЖОО-лардың оқытушылары мен студенттері екі елдің дипломатиялық қарым-қатынастың орнатылғанына 30 жыл толу құрметіне тамаша концерттік бағдарламаларын көрсетті.

Онлайн-мереке соңында қонақтар Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада мен Параолимпиада ойындарына сәттілік тіледі.