14 Мамыр, 2010

АУЫЛҒА ҚАЙТПАЙ ҚАЛҒАН 60 БОЗДАҚ...

985 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
“Барлығы майдан үшін!” ұраны­мен жұдырықтай жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығар­ған отандастардың ерлігі-ай, шір­кін!.. Азаматтарынан ай­ырыл­ған ауыл­дар азынап, шаруа­шы­лықтың сан-саласы ортайғаны да аян. Десек те, майданға астық, азық-түлік, киім-кешек үздіксіз жөнел­тіліп жат­ты. Сол кезде қа­зіргі Жамбыл ауда­нын­дағы Қарға­лы шұға ком­бинаты жауынгер­лер­ге жылы ши­нель, “Де­ге­рес” жыл­қы зауыты асыл тұқымды сәй­гү­лік­терін жө­нелт­се, жекелеген тұр­ғын­дар қол­ғап, шұлық тоқып, оған жүрек­теріндегі үміттің отын түйіп­ті. Ал сол кездегі ұжым­шар қоз­­ғалысының білгір ұйымдас­тыру­шылары тарғап­тық Қаттаубай Қаша­ғанов, қара­қыс­тақтық Әбді­бай Диқан­баев, бірліктік Алмабек Тіле­кеев сынды азаматтар­дың қор­ғаныс қорына өз қаржылары­нан 110 мың­нан астам ақша ау­дарып, ел жігерін жани түс­кенін бүгінгі ұрпақтары ұмытпай әр­дайым еске алады. Ке­йін­нен “Деге­рес” жылқы зауы­ты­нан енші алған Тарғап ауылындағы шаруа­шы­лыққа жер­лестері Қаттау­бай бабалары­ның есімін беріп, оның елі үшін сіңір­ген еңбегін жоғары бағалаған. 1941 жылдың күзінен бастап 1942 жылдың ортасына дейін ғана Алматы облысына эвакуация­лан­ған 200 мыңнан астам адам келіпті. От шарпыған майдан ше­бін­де панасыз қалып, Қазақ­станға әзер жеткен жетім-жесір­лерді қанатының асты­на алып, қоржын тамының бір бұ­­ры­шын, бір үзім нанын бөліп бер­ген ауылдар ауданда аз емес. Мы­са­­лы, соғыста әке-шешесінен ай­ыры­лып, тұлдыр жетім балаларды темір­жол станса­сынан бір арбаға толты­рып алып қайтқан самсы­лық Керім қарттың қамқорлығын осы күні алды алпыстан асып үлгерген со­лар­дың мәңгі ұмыт­пайтыны да ақиқат. Сталиндік қуғын-сүргіннің зар­дабын соғыс кезінде екі есе бас­тан өткерген месхеттік түріктер мен әзір­байжандар, ингуштар мен че­шен­дер, Қырым татарлары, бал­қар­лар мен қарашайлар 1944 жылы осы ауданнан пана тапты. Өздері тойынып тамақ ішіп, жы­лы үйде жадырап отыруды арман­даған қа­зақ­тың қамкөңіл отбасы­лары олар­ға да қолдан келген көмегін аяма­ды. Қуғын-сүргін мен сүреңсіз өмір­ге тап болған Кавказ жұртын құша­ғына алып, барын беріп, үйді-үйге бөліп әкетіпті. Елдің сол жақсы­лығын атал­ған ұлт өкілдері әлі күнге дейін көздеріне жас алып еске түсіріп, шын жүректен шық­қан алғыстарын айтып отырады. Майданға аттанған азамат­тары­нан хабар күтіп, Батысқа елеңдеп, ертелі-кеш еңбекпен күн өткерген жерлестеріміз Брест тү­бін­де ерлік­пен шайқасып, Мәс­кеу­ді қорғады, Сталинград қыр­ғынына қатысып, Курск иінінде қан кешті, бастарын Ұлы Жеңіс үшін бәйгеге тікті. Әс­кер­дің бар­лық саласында жауын­­герлік сап­тың алғы шебін­дегі аудан түлек­тері арасында ұшқыштар мен бар­лаушылар, минометшілер, зең­­бірек­шілер, әсіресе мергендер мен атқыштар болды. Соғыстан қайт­пай қалған жерлестеріміздің Ре­сей, Украина, Белорусияны айт­па­ғанда, Иранда, Польшада, Чехо­сла­ва­кияда, Румы­ния мен Венгрияд­а, Прибалтика елдерінде, Германияда жерлен­гендері аз емес. Бұдан біраз жыл бұрын аудандық ардагерлер кеңе­сі­нің төрағасы, соғыс ардагері, мар­құм Оралбай Талысбаев құрас­тырған “Естелік кітапты” парақта­сақ, көп жайға қанығамыз. Кітапқа енген тізімде Еуропаның төрт бұ­ры­шын түгелдей төмпешікке тол­тырған сұрапыл соғыстың құр­баны бол­ған­дарды көреміз. Тіпті, кейбі­рі­нің Жеңіске жақын қалған­да қаза тапқанын білгенде жаның­ды ерек­ше мұң баурайды. Елді ме­кен­дерде арнайы белгі қойылып, оған жат жерде қалған ерлер есімі жазылды. Сол сияқты бір үйден аттанған азаматтардың түгелдей соғыстан қайтпай қалғандары қаншама? Мы­са­лы, Қарақыстақ ауылындағы кем-кетік, жетім-жесір­лерді же­леп-же­беген Қырықбай қарт­тың алты баласы бір­дей опат болға­нын, олар­дың төртеуіне бір күнде “қара қа­ғаз” кел­генде, қасіреттен кейуана мүгедек болып қалғанын көрген­дер егіле еске алады. Дәл осындай қай­ғыға Көк­өзек ауы­лының тұр­ғыны Темір­бек қария да душар бо­лып, бес бала­сының үшеуі оққа ұшып, Отанына орал­мапты. Мұн­дай мы­сал­­­дар әр ауылда да кез­деседі. Ұлы Отан соғы­сында қазақтың жүз­ден астам жауын­гер­лері Совет Одағы­ның ба­ты­ры атан­са, солар­дың қа­та­рында ұзын­ағаштық Дадаш Баба­жанов, “Даңқ” орден­дерінің толық иегер­лері Ми­хаил Рыжиков пен Әбдра­хым Әлі­мов­тің, Әбіке Үм­бетов­­тың есім­дері бүгінгі ұрпақ үшін өнеге. Отты жылдарда ер-азаматтар­мен бірге қазақ қыздары да со­ғыстан қираған қа­ла­ларды қал­пына кел­тіруге аттанды. Осы 88 қыздың ара­сын­дағы 11-і аудан түлегі. Олар Күләнда Сы­дықова, Ал­­магүл Аманова, Жұмақыз Ке­мербаева, Мәдина Ұлтан­бекова, Оралтай Тойбаева, Ақбала Таң­сық­баева, Қайша Нұрбаева, Сә­кей Бапиева және тағы басқа­лары Сталинград­ты қалпына кел­тіруге қатысып, әлсіз иықтары­мен со­ғыс­тың небір қиын­дығын көтер­генін бүгінгі ұрпақтың бірі білсе, бірі білмейді. Жасы 15 пен 18-дегі бүл­діршін қыздар Жам­был баба­лары­ның “Ленин­град­тық өрен­дерім”, “Өмір мен өлім бел­дес­ті”, “Отан әмірі” жырлары­ның оларға рух бергенін талай мәрте ортаға салған еді. Жамбылдықтар арасында Бер­линді алып, Рейхстагқа ту тіккен­дер де бар. Солардың арасында ұзынағаштық, марқұм Құлжабай Иманғалиев, Жеңіс па­ра­дына қа­тысқан Шым­шық Қой­­шыбаев, Әди­молда Әбді­қа­паров, Ни­колай Све­тохин мен елге ме­рейленіп орал­ған Құт­панқұл Монтаев, Әсім­хан Қосбасаров, Бей­сен Ел­гезеров және тағы бас­қа да көпте­ген май­дан­­герлер қата­рын жат­қызуға болады. Ұзынағаштан ға­на со­ғыс са­ғаты соқ­қанда май­данда отқа ора­нып, боз­дақ бол­ған 60 жауын­гер­дің есімдерін атағанда көңілің құла­зып, жаның жүдейді. Олар Молдағұл Ай­туаров, Константин Ада­­­­мен­ко, Қасымбек Аса­­нов, Әб­дір­әсіл Әмі­ров, Әділбай Ба­пиев, Федор, Яков, Нико­лай, Алек­сандр, Гри­горий, Иван, Ва­си­лий Брянцев­тер, Дмит­рий Горяев, Бол­тай Досбер­генов, Ілияс Ыды­рысов, Май­сүп Қалы­ғұлов, Бай­серке Күйші­баев, Василий Мар­чен­ко, Иван Пана­сен­ко, Петр Пер­вых, Иван Спиваков, Қаша­ған Тоқ­сейітов, Фах­­ред­дин Эюбов, тағы басқалары­ның есім­дері Ұзын­ағаш­тың ортасын­дағы мәрмәр тасқа қаша­лып жазылған. Олардың ұрпақтары әрдайым ба­ба­ларының рухына бас иіп, еске алып, гүл шоқ­тарын қойып келе­ді. Жады­ларына осылайша батыр бабалары­ның рухын мәңгі сақтауда. Жыр алыбы Жамбылға май­дан даласынан келген хаттар легі әсте бір толастамапты. Сол “үшбу” хаттар бүгінде музей мұра­ғатында сақталған. Қарт ақын қайратына мініп, гвардия капитаны Ж.Иса­ғалиев, гвардия сержанттары К.Ажмұхамбетов, Т.Жаңбырбаев­тың 1945 жылғы 16 ақпандағы хатына жауап ретінде ұлдарына: “Гвардеец балалар! Хаттарыңды алдым арнаған, Мұнда Жамбыл бабаң бар, Халықты іске қайраған. Өлеңім – найза, сөзім – оқ, Мен бұлбұл көпке сайраған”, деп жырмен жауап жазыпты. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Астана қаласының Киевтегі күн­дерінде “Нивки” саябағына ұлы бабамыздың ескерткіші қойыла­ты­ны айтылыпты. Мұның өзі жы­рау­дың сұрапыл соғыстағы жұрт­ты жырмен жігерлендірген еңбегі­нің жемісі ретінде бағалауға болады. Соғыс бір ғана ауылдан 60 аза­­­маттың үмітін, ошағының отын өшірсе, талай шаңырақты орта­сына түсірді. Қаншама асыл аза­мат­тар хабарсыз кетті. Олар­дың бүгінгі ұрпақтары әлі де үміттерін үкілеп, болып қалар, бір хабар деген пейілмен жүр. Қарап отыр­сақ, фашизм лаңына ұрын­бай арамызда сол азаматтар жүр­генде халқымыз сан мен сапа жағы­нан әлдеқайда биікте болар еді-ау. “Елу жылда ел жаңа” деген. Кеңпейіл халқымыз егемен елі­міздің еңсесін биіктетіп, аспаны­мыз ашық, іргеміз берік болсын деген тілекпен Ұлы Жеңістің мерекесін қарсы алуға жан-жақты дайындалуда. Ауылға қайтпаған 60 боздақ­тың есімі жазылған мәрмәр тас тағы да алқызыл гүлмен көмкері­летіні, ұрпақтары батыр баба­лары­ның рухы алдында бас иетіні анық. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылы.