Қос ғашықтың мұңды махаббаты бейнеленген операның либреттосын классик жазушы Ғабит Мүсірепов, музыкасын көрнекті композитор Евгений Брусиловский жазған. Айтулы шығарма 1934 жылы тұңғыш рет сахналанып, сонда «Қыз Жібектің» рөлін біртуар өнер иесі Күләш Байсейітова сомдаған екен.
Міне, содан бері тоқсан жылға жуық уақыт болса да, ұлттық музыкамыздағы шоқтығы биік шығарма талай мәрте отандық және шетел сахналарында қойылып, қазақ мәдениетін жалпақ жұртқа танытқан бірегей дүниеге айналды. Ал «Астана Опера» театрының үлкен залында Белоруссиядан келген өнер майталманы Михаил Панджавидзенің режиссерлігімен сахналанған опера жаңаша ізденіспен өзгеше өрнек тапты.
Біздің кейіпкеріміздің бұл қойылымдағы басты бейнені ойнауы да тосын. Ол кезде Назым елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің 3-курсында оқиды. Бір танысынан «Қыз Жібек» операсындағы басты рөлге кастинг жарияланғанын естіп, бұған дейін бірқатар өнер байқауына қатысып, ысылған талапты жас осыған бағын сынағысы келді. Кастингке келсе, үміткерлер қарасы мол, тіпті оның арасында іргелі театрлардың танымал опера әншілері де жүр. Дегенмен, ол комиссия мүшелерінің айтқан тапсырмасын мүлтүксіз орындайды. Олар да бойына ибалылық пен ізеттілік ұялаған, сымбатты аруды бірден ұнатып, басты рөлге бекітеді.
– Бала күнімнен «Қыз Жібек» бейнесін ерекше жақсы көрдім. Жақсы көргенім соншалық, Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешова ойнайтын «Қыз Жібек» фильмін қызығып қарайтынмын. Бірақ киноны балалық шақта көрген бір бөлек те, есейгенде көрген басқаша әсер етеді. Премьераның дайындығына екі жарым ай уақыт кетті. Осы аралықта өзім де біраз еңбектеніп, іздендім. «Қыз Жібек» эпостық жыры мен сол туралы жазылған шығармаларды қалдырмай оқыдым. Бір жағынан, режиссер де қолдау көрсетіп, образға кіруіме, партияны толықтай меңгеруіме көмегін тигізді. Қысқасы, көрермендердің жылы ілтипатына қарағанда Қыз Жібек бейнесін аша алдым деп ойлаймын, −дейді ол ұяла тіл қатып.
Шынында да, «Қыз Жібек» туындысы Назымның өнердегі жолын ашып, қазақ операсына талантты бір жас келгенін мойындатты. Премьера да сәтті өтіп, өнертанушылар мен жұртшылықтың жоғары бағасын алып, театрға солист ретінде қызметке қабылданды.
Назым Жалғасбайқызы − «Сыр елі – жыр елі» атанған киелі өңірде өмірге келіп, бала күнінен өнерге жақын болды. Ата-анасы оны 2-сыныптан музыкалық мектептің фортепиано класына беріп, тоғызыншы сыныпты аяқтағасын Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжіне түседі. Бұл жерде ұстазы Жарылқановтан тәлім-тәрбие алып, классикалық музыкаға терең бойлайды. 2014 жылы аталған оқу ордасын тәмамдағасын арман қуып астанаға келіп, Қазақ ұлттық өнер университетінің вокал бөліміне оқуға қабылданды. Мұнда да алдынан білікті ұстаздар кездесті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бұрынғы Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрының солисі болған Дина Қабыкееваның үлгі-өнегесін алып, вокал шеберлігі мен сахнаның қыр-сырын үйренді.
– Негізі, маған өнер нағашыларымнан дарыған. Өйткені нағашы ата-әжем мен анам музыкадан хабары болмаса да, жиын-тойларда әуезді дауысымен әуелетіп ән салады. Содан ба, балалық шағымнан музыкаға ынтық болдым. Меніңше, алдымен адам бойында Алла берген талант болу керек. Содан кейін тынымсыз еңбек қажет. Өнер жолымда бәрі бірдей керемет болды дей алмаймын. Үнемі іздендім. Колледжде оқып жүріп, республикалық, халықаралық байқауларға қатыстым. Оның жас әнші үшін жөні бөлек. Басқа да вокалистерді тыңдап, шеберлігіңізді шыңдайсыз. Сахнаға шыққандағы қорқыныш, толқу секілді сезімдерден арылуды үйренесіз, − дейді.
Ол Қызылордадағы музыкалық колледжде оқып жүргенде, 2013 жылы алғаш рет Семейде ұйымдастырылған көрнекті композитор Мұқан Төлебаев атындағы республикалық байқауға қатысып, үшінші орынды иеленді. Осы байқау оған шабыт сыйлап, қанат бітірді. Қазақ ұлттық өнер университетінің бірінші курсында, КСРО халық әртісі, күміс көмей әнші Бибігүл Төлегенованың VII халықаралық байқауында бақ сынап, жүлдегерлер қатарынан көрінді.
– Бұл өнер бәйгесі менің бағымды ашты. Байқаудың ауқымы өте үлкен,
оған еліміз ғана емес, шетелден де өнерпаздар қатысты. Бірінші курста оқимын. Мұндай ортада бұрын өнер көрсетіп көрген емеспін. Қатты толқыдым. Конкурста қазақша, орысша арияларды орындадым. Қазылар алқасы орындаушылығымды жоғары бағалап, екінші орын берді. Сондағы қуанышымды көрсеңіз…Сөзбен жеткізе алмаймын. Өйткені жеңімпаздар болғандар бұған дейін байқауға екі-үш рет қатысқан. Іс-шара соңында Бибігүл Ахметқызы өнеріме тәнті болып, батасын берді, – дейді күлімсіреп.
Оның есінде тағы бір байқау ұзақ сақталып қалған. 2016 жылы Белоруссияның бас қаласы Минскіде вокалистердің ІІІ халықаралық Рождестволық конкурсы өтті. Бұған Қазақстаннан үш өнерпаз барды. Оған АҚШ және Еуропаның барлық мемлекеттерінен де вокалистер келді. Назым ол кезде театрда солист емес, студент. Байқау туралы ақпаратты интернеттен көріп, оған өз қаржысымен барады. Қатысушылар арасында ең жасы да өзі. Сонымен әрбір елдің шашасына шаң жұқпас жүйріктер жиналған конкурстың финалына санаулы әншімен бірге суырылып, Назым да өтеді. Онда Вердидің «Трубадур» операсынан үзінді орындайды. Сол өнер бәйгесінде ол арнайы жүлдеге ие болып, Германияның Дюссельдорф қаласындағы опера театрына тыңдалымға шақырту алды. Сондай-ақ ол Нұр-Сұлтан қаласындағы Еркеғали Рахмадиев атындағы I халықаралық байқауы, Шымкент шаһарындағы Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық байқауы және Челябинск қаласындағы «Орфей» атты бүкіл Ресейлік конкурсында Гран-при жүлделерін жеңіп алды.
Дарынды өнер иесі «Қыз Жібектен» кейін бекзат өнер ордасының сахнасында Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсында Кузинаны, Дж. Вердидің «Дон Карлос» операсында Тебальдоны, Г.Доницеттидің «Махаббат сусыны» операсында Джанетта партияларын орындап, көрерменнің сүйіп тыңдайтын опера әншісіне айналды. Сонымен қатар Назым Сағынтай ел сахнасынан бөлек, Ресей, Беларусь, Сербия, Мажарстан, Франция, Германия, Аустрия, Испания, Мысыр, Иордания, Жапония, Өзбекстан секілді алыс-жақын шет мемлекеттердің сахналарында өнер көрсетіп, қазақ операсының абыройын асқақтатып жүр.