Аймақтар • 22 Ақпан, 2022

Балаларға абай болайықшы

253 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірде жыл басынан бері он­да­ған жол-көлік оқиғасы орын алып, апаттың салдарынан 14 бала жарақат алды. Олар­дың төртеуі жаяу жүр­гін­ші болса, қал­ғандары көлік­те­гі жолау­шы­лар. Осы бір де­рект­ерді жал­ғастыра зерттеп, тиіс­ті ма­­­ман­дардың пікірін без­бен­де­­се­ңіз, ең бірінші себеп бей­қам­­дық екен. Бала біткен­нің қауіп қайдан деп ойлап, қа­пер­ле­ріне іле бермейтіні де бар. Демек, ата-аналар мен ұс­таз­дары айтып келмес апат­тың, орны толмас өкініштің алдын алуы керек.

Балаларға абай болайықшы

Жол-көлік оқиғаларының 70 пайызы республикалық маңыздағы күре жолдарда орын алған. Жиі қайталанатын оқиғаларға сараптама жасаған жергілікті полиция қыз­меті басқармасы қауіпсіздік ша­ра­ларын күшейтуге талпынуда. Әйт­се де қайғылы оқиғалар қатары се­йілмей тұр. «Өткен жылы 109 жол-көлік оқиғасы орын алып, 8 балдырған қаза болды, 217-сі жара­қат алды. 2020 жылмен салыс­тыр­ған­да апат саны екі есе өсті. Бір айта кетерлігі, он екіде бір гүлі ашылмай өмірден өткен 8 баланың екеуі жаяу жүргінші, бесеуі көлікте келе жатқан жолаушылар, енді бірі мотоцикл жүргізіп, мерт болған», дейді облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ерболат Құсайынов.

«Біз мектеп оқушыларының санасына жол қозғалысы ережесін сіңірудеміз. Бұл орайда әсіресе бас­тауыш сынып оқушыларына ай­рықша назар аударуымыз керек», дейді Көкшетау қалалық по­лиция бас­қармасы ювеналды по­ли­ция­сы­ның учаскелік инспекторы Қуат Қажымов.

Апаттың азаймай тұрғанына қа­ра­ғанда бұл істі әлі де ширата түсу керек. Олқылық статистикалық деректерден де көрініп тұр. Жыл басынан бері 65 жол-көлік оқиғасы тіркелген, 92 адам әртүрлі жарақат алған. Таяуда ғана бес бірдей адам көлік апатының құрбаны болды. Жол бейқамдықты кешірмейді.

 

Ақмола облысы