Коронавирус • 22 Ақпан, 2022

«Сары аймақтың» санатында да сақтық керек

135 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңір коронавирус індетін жұқтыру көрсеткіші бо­йын­ша «сары аймақтың» санатына енгенімен, жалпы эпидемиялық ахуал мәз емес. Сондықтан да індеттің беті біржола қайт­ты деп арқа-жеңді кеңге салуға болмайды.

«Сары аймақтың» санатында да сақтық керек

Аймақта соңғы тәулікте індет жұқтырудың сексенге жуық жағдайы тіркелді. Облыс еліміз бойынша алтыншы орында. Жыл басынан бері 18 733 адамнан коронавирус зертханалық жолмен анықталып, 40-қа жуық адам індеттен көз жұмды. Ақпан айын­да ғана сақтық шараларын қолданбаудың кесірі көріне бас­тады. Қазір адамдардың еті өліп кеткен. Алғашқы беттегідей бетперде тағу, санитарлық талаптарды бұлжытпай сақтау босаңси бас­тады. Салғырттықтың салдары да көзге көрініп тұр. Ақ­пан айында 4 167 адам індетке шалдықты.

– Бүгінгі таңда облыс ауруханаларында 20-ға жуық науқас өте ауыр халде жатыр. Бір айта кетерлігі, індет жұқтырғандардың басым көпшілігі 60 жастан ас­қандар, – дейді облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина, – өңірде жасы 60-тан асқан 100 мыңнан астам адам бар. Олардың 59 пайызы індетке қарсы екпе алса, 10 мыңнан астамы ревакциналаудан өткен. Сөз арасында ревакциналаудан өтпеген егде адамдар індет жұқтыра қалса, қауіппен күресу қиын болатынын тағы бір қайталап айтқым келеді. Ашығын айтқанда, мүлде екпе алмаған адамдар қаһарлы коронавирус былай тұрсын, «омикронға» да төзе алмайды. Ал егер уақытында вакцина алған болса, қай штамы болсын жеңіл өтеді.

Вакцина алуға барлық жағдай жасалған. Облыста қазір 133 пункт тұрақты жұмыс істеп тұр. Екпе науқаны басталғаннан бері вакцинаның бірінші ком­понентімен 347 946 адам егілген. Бұл облыс тұрғындарының 47,3 пайызы. Вакцина салдыру бо­йын­ша Егіндікөл ауданы мен Қосшы қаласының тұрғындары жоспарды 100 пайызға орындап, көш бастап келеді. Бас санитарлық дәрігердің айтуына қарағанда, халыққа қолайлы болуы үшін екпе пункттері жанынан жылжымалы бригадалар да ұйымдастырылған. Олар жүкті әйелдер мен бала емізетін аналардың, зейнеткерлердің, мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініші бойынша үйлеріне барып екпе егеді.

– Бүгінгі таңда 8 805 адам Pfizer вакцинасын алды. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Қазір біз жас­өспірімдер арасында да індеттің етек алып бара жатқанын көріп отырмыз. Жыл басынан бері мек­теп оқушылары арасында ін­­детке душар болу деректері кө­бейіп кетті. Тіпті студенттер­ге қа­рағанда, оқушылардың ара­сын­да алаңдатарлық жағдай туын­­дап отыр. Мұның барлығы екпе алмағанның кесірі. Балалар­дың бойында індетке қарсы им­мунитеттің болмауы осындай ол­қылыққа жол беріп отыр, – дейді бас санитарлық дәрігер.

Егер вакцинаның бірінші компонентін алғандар 21 күннен кейін екіншісін салдырмайтын болса, онда олардың Ashyq қосымшасындағы мәртебелері көк түске өзгереді. Әзірге «сары ай­мақтың» санатында болға­ны­мыз­бен, қауіптің қатері қапе­рімізде жүргені жөн.

 

Ақмола облысы