Саясат • 22 Ақпан, 2022

Путин Еуропаны біріктіре ме?

1227 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

БЕРЛИН. Еуропадағы XXI ғасырдағы соғыс енді ақылға қонымсыз емес. Бірнеше аптаға созылған «Ресей Украинаға басып кіреді» деген болжамдардан кейін Еуропалық халықаралық қатынастар кеңесі (ECFR) жақында жалпыеуропалық сауалдама жүргізді. Оған қатысқан респонденттердің басым көпшілігі соғыс өрті тұтануы мүмкін және Еуропа бұған жауап беруі керек деп есептейді. 

Путин Еуропаны біріктіре ме?

Әр елдің қорқынышы да әр­түрлі. Бұл бұған дейін бастары­нан өткен нәубеттерге ішінара бай­ланысты. Беларусьтың Таяу Шығыстан келген мигранттарды ше­карадан өткізуге талпынуы­мен басы қатып жүрген Поль­ша­ға босқындардың жаңа толқы­ны үрей әкеледі. Франция мен Шве­цияда кибершабуылдар басты қауіпке айналып отыр. Аталған елдер өздеріндегі ұлт­тық сайлауларға Ресей араласа ма деп алаң­дайды. Ал немістер, италия­лықтар және румындар үшін энергия тапшылығы – ең үлкен қорқыныш.

Еуропалықтар сырт­қы қауіпті әртүрлі қабыл­даса да, баршасына төнген үлкен қауіп бір. Немістің ұлы стратегі Карл фон Клаузевиц соғысты саясаттың бас­қа әдіспен жасалуы деп атады. Ук­раина дағдарысының ал­ғаш­қы апталарында көптеген елдің соғыс қаупіне қатысты көзқара­сы ондағы ішкі саясаттан мол мағлұмат берді.

Ұлыбританияны алайық. Көптеген адам премьер-министр Борис Джонсонның Шы­ғыс Еуро­паға кенеттен алаң­дауы оның Украинаның жағ­дайына қам жегенінен емес деп есептейді. Сарап­шылар пікі­рін­ше, бұл қадам – елдегі локдаун кезінде Дау­нинг-стритте түрлі сал­танат­ты кеш өткізгені жөнін­дегі даудан ха­лықтың назарын бұру ниеті­не байланысты. Бұдан басқа дағ­дарыс оған Америка Құрама Штат­тарына «Брекситтен» кейінгі Ұлыбританияның әлі де маңызы бар екенін көрсетуге мүмкіндік береді.

АҚШ президенті Джо Бай­денге келсек, оның бірінші мақ­саты – дағдарыспен күресуге қажетті ресурстар мен уақытты ба­рынша азайту. Ақүй тізгінін ұс­та­ғаннан кейінгі оның миссия­сы орта тапқа пайда әкелетін сая­сатты жүзеге асырып, АҚШ-тың сыртқы саясатын Үнді-Ты­нық мұхиты аймағына және Қытай­мен арадағы кикілжіңге аудару. Дональд Трамптың билік­ке қай­та ораламын деген мәлім­деме­лерінен кейін, түйткіл тек Америк­аның Украина мен Ресей жө­ніндегі саясатына ғана қа­тыс­ты емес. Америкалық демо­кра­­тия­ның болашағына да әсер етеді.

Американың ұстанымы Шығыс және Орталық Еуропа елдерін қатты алаңдатады. Олар Американың нашарлап бара жат­қан саясаты мен Ресейдің агрес­­сиялық әрекетіне қарсы шара қолданбауын құп­таған жоқ. Олардың ең үл­кен қорқынышы – егер ресей­лік танктер Украинаға басып кір­се, олардың келесі баратын жері Таллин, Рига немесе тіпті Вар­шава болуы мүмкін.

Ал Германия, Италия, Аус­трия және Грекия секілді елдер Украина төңірегіндегі жанжал Ресеймен қалыпты қарым-қатынас орнату мүмкін­дігіне кедергі келтіреді деп қауіп­тенеді. Германия Батыс құнды­лықтары, Орталық және Шығыс Еуропа елдерімен ынтымақ­тас­тығы және соғыстан кейінгі паци­фистік дәстүрдің ортасын­да тұр. Осылайша, канц­лер Олаф Шольц Батыс елдерінің көшбасшы­лары­на уәде беріп, Германия соғыс жағдайында берік одақтасқа айналатынына сендіруге талпынады. Сонымен қатар ол кез келген жалпы еуро­па­лық мәселеде басты рөлді алуға ынталы емес.

О.Шольцтың ұстанымы Фран­­ция президенті Эммануэль Макрон­ның ұстанымына мүлде қайшы. Ол дағдарысты еуропа­лық «стратегиялық еркіндік­ті» көрсету мүмкіндігі ретінде қа­рас­тырады. Бұл – Макрон­ның ел тізгінін ұстағалы бергі сая­­си мақсаты. Әрине, Украина дағ­дарысын шешуде көзге түсе­тін көшбасшылық рөлді қолына алған Макрон биылғы көктемде Францияда өтетін президенттік сайлау қарсаңында да өзінің беделін көтере алады.

Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер географиясы мен тарихы бойынша бөлінгендіктен, түйт­кілдің түйінін тарқату ұйым үшін оңайға соқпай тұр. Көпшілік ұйымды белсенді емес, әлсіз және жедел әрекет етпейді деп есеп­тейді. Сондықтан қауіп­сіздік тәртібін қорғауды немесе қайта қарауды қаламайды деп есеп­тейтін стереотип көзқарас басым. Сын айтушылар Еуропалық одақ ахуалдың екі бағытта өрбуінен қауіптенеді деп санайды. Бірін­шісі – жаппай соғыс, екіншісі – Ялта 2.0 сценарийі. Мұндай жағ­дайда Ресей мен Америка еуро­па­лық­тармен кеңеспей-ақ Еуропа үшін жаңа келісімге қол жеткізеді.

Бірақ анық көрінетін айыр­ма­шылықтардың астарында бар­­лық еуропалықтың ортақ мүд­десі жатыр. Атап айтқанда, Еуропа­­да­ғы тағы бір соғысты болдыр­­мау­­ға ұм­тылу, НАТО-ға деген сенім­ді сақтау және Украинаны ре­сейлік қамыттың астында қалу­дан құтқару жауапкершілігі. Еур­опалық саясат құрудағы ерек­шелік сол, оның ішкі саяси ба­сымдығын халықаралық дипломатиямен үйлестіре алу қабі­леті. ECFR сауалдамасы кейін­гі бірнеше аптада еуропалық сая­сат­керлер басқыншылыққа қарсы тұру жөнінде ортақ пікір қалып­­тасқанын көрсетіп отыр.

Сонымен қатар еуропалық елдер өздеріндегі мәселелерді шешу­дің тиімді жолдарын табуға кірісті. Көптеген Орталық және Шығыс Еуропа мемлекет­теріне дипломатиялық келіссөз­дер ыңғайсыз екеніне қарамас­тан, олар АҚШ-тың немесе Фран­ция­ның Ресеймен келісім­ге келуіне кедергі келтіруге тырыс­пады. Ал өз кезегінде Мак­рон басқа ел­дермен кеңесіп, еуропалық қауіп­сіздік пен Украи­наның еге­мен­дігіне қатысты келісілген прин­циптерді ұстануға уәде берді.

Оның үстіне, бастапқыда екіұшты жауап беріп, үнсіз қал­ған Германия санкциялардың бәрін салуға дайын екенін біл­дір­ді. Мажарстанның премьер-ми­нистрі Виктор Орбан да осы айдың басында Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен кезде, негізінен Еуропалық одақ­тың ортақ бағытын ұстанды.

Еуропаға соғыс қаупі төніп тұрғанын түсінген еуропалықтар ортақ бейбітшілікті сақтап қалу үшін бәріне дайын. Украина ше­карасы маңына әскерін топтас­тыр­ғандағы басты мақсаты бас­қа екеніне қарамастан, Путиннің өзі бай­қаусызда Еуропалық одақ­қа мүше мемлекеттердің басын бірік­тірді. Осылайша, түрлі көз­қарас­тағы елдерді қауіпсіздігі үшін ортақ мүддеге жұмылдырды.

 Марк ЛЕОНАРД,

Халықаралық қатынастар жөніндегі Еуропалық кеңестің директоры, The Age of Unpeace: How Connectivity Causes Conflict (Bantam Press, 2021) кітабының авторы

 Copyright: Project Syndicate, 2022.

www.project-syndicate.org