«Азаматтық қоғам мен билік арасындағы байланысты қайта қарау және жаңа қоғамдық келісімшарт мәселесі жиі талқыланып келеді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай қоғамдық кеңестер, азаматтық ұйымдармен байланыс орнатылған. Дегенмен бұл жұмыс әлі де нәтижелі емес екеніне өткен айдағы оқиғалар дәлел болды. Сондықтан осы саланы әрі қарай дамыту өзекті болып тұр. Жиынның мақсаты – сарапшылық ұсыныстарды жүйелеп, бір алаңға топтастыру. Қазір Мемлекет басшысына, Үкімет органдарына тұрғындар атынан түрлі ұсыныстар мен хаттар келіп жатыр. Министрліктер бұл ұсыныстарды қарап, қоғамдық даму институтының мамандарымен бірге олардың тиімділерін ортаға салады», деді АҚДМ Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет.
Отырысқа «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Р.Ошақбаев, «Рухани жаңғыру» қоғамдық зерттеулер орталығының жетекшісі Қ.Майгелдинов, Қазақстан Азаматтық Альянсы ЗТБ президенті Б.Нұрғазиева, Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры М.Бәшімов, «Экологиялық ұйымдар қауымдастығы» төрайымы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуын сыртқы талдау мен бағалаудың арнайы мониторингтік тобының жетекшісі А.Соловьева, Жастар ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары Э.Паули және үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, саясаттанушылар мен басқа сарапшылар қатысты.