Қоғам • 23 Ақпан, 2022

Тұрғын үй төңірегінде шағым көп

511 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінде елімізде тұрғындардың баспаналы болуына арналған мемлекет­тік бағдарламалар жетерлік. Бұл орайда, әр өңірде құрылыс қар­қын алып, тұрғын үйлер көптеп салынуда. Тараз қаласында да жыл са­йын мыңдаған шаршы метр баспана пайдалануға беріліп, қара­пайым халық қоныс тойын тойлауда. Алайда соңғы кезде көне шаһа­рдағы тұрғын үйлерге жиі сын айтылады. Әрине, көпшілік үшін үйдің санынан гөрі, сапасы маңызды. Талай жыл табанақы, маңдай терімен жинаған ақшасына алған пәтерінің сапасыз болғанын ешкім де қаламайды.

Тұрғын үй төңірегінде шағым көп

Соңғы жылдары Тараз қаласынан 15-шағын аудан бой көтеріп, көп­те­ген тұрғын үйлер салынды. Мұн­дағы баспаналар да тиісті мемле­кет­тік бағдарламалар арқылы түр­лі әлеуметтік топтарға берілді. Бастап­қы пәтерлер берілген кезде көптің қуа­ны­шында шек болған жоқ. Себебі барлық талапқа сай салынған үйлер талай тұрғынның түйткілді мәселесін шеш­ті. Көпке баспана бақытын сый­лады. Кейіннен үй­лер­дің сапасыз салынғаны туралы шағым көбейді. Бұл негізсіз де емес еді. Мұның зардабын әлеуметтік аз қам­тылған отбасылар мен мүмкіндігі шек­теулі баласы бар көптеген отбасы көріп келеді. Сол сияқты аталған ша­ғын аудандағы №1025 көпқабатты тұр­ғын үйдің иелері де баспаналарына кіре алмай отыр. Көпшіліктің кілті қолда болғанымен, көңілдерінде алаң. Олай болатын себебі де бар. Бұл үй тұрғындарға жаңа жыл қарсаңында бе­рілген. Бірақ үйде əлі күнге дейін жа­рық пен жылу жоқ. Одан бері екі айға жуық уақыт өткенін ескерсек, тұрғындар базынасының орынды екенін көреміз. Бұдан бөлек, үйдің есік-терезелері де дұрыс салынбаған. Аталған үйдің құрылысын «Бірлік сервис компани» ЖШС жүргізген. Ала­й­да әкімдік бөлген қаражат мар­­дымсыз болған ба, әлде аталған ком­­панияның жауапкершілігінің аз­дығынан ба, әйтеуір нысанның са­пасы көңіл көншітпейді. Ал та­лай жыл табанынан тозып, тиісті қа­ражатын жинап, баспана алып отыр­ған көпшілік бұған наразы.

Сондай тұрғынның бірі – Зульфия Күлімбаева. Мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған жалғызбасты ана жылудың жоқтығынан өз пәтеріне өзі кіре алмай отырғанын жеткізді. «Мен осы үйді көп күттім. Қалада он жылдан бері пəтер жалдап тұрып келе­мін. Енді пəтерлі болдым ба деге­нде өз баспанама кіре алмай, пұ­шай­ман күй кешіп отырмын. Алған пə­терімізде кемшілік көп. Пәтердің суы да, жарығы да қосылмаған. Мен денсаулығы жоқ баламды мұн­да қалай алып келемін? Қалалық əкім­дікке де барып шағымымызды айт­тық. Құрылысқа жауапты Та­раз қалалық құрылыс бөлімі бас­шы­сы­ның міндетін атқарушы Шыңғыс Алиасқар деген жігіт келіп, уəдені үйіп-төгіп кетті», дейді ол.

Сондай-ақ бес баланың анасы Индира Айтбаева да алғаш пəтер алғанына қуанған жандардың бірі. Ол тіпті сүйінші хабарды естіген бойда осы күнге дейін жалға алып тұрып келген пəтерін өткізіп, көшуге асығыпты. Алайда оның да қуанышы ұзаққа созылмаған. Енді екі айдан бері пəтеріне көшіп келе алмаған соң, 90 мың теңгеге қайтадан пəтер жалдап әбігерге түсіп отыр.

«Қолымызға пəтер кілтін ұстатқан күннің ертеңіне-ақ біз көшуге дайын­дал­ған едік. Бірақ бізді үйдің сапасы, одан кейін жарық пен жылу ұстап отыр. Жарыққа барсақ «құжат өткен жоқ» дейді, жылуға барсақ «жылу келіп тұр, бірақ сорғы жоқ» дейді, əйтеуір сылтаулары бітпейді. Үйдің сапасы төмен. Есік-терезелері де қалай болса солай салынған. Бізде ортақ чат бар. Ол жерде 40 адам тіркелген. Бәрі де үйдің сапасына наразы. Біз басшылардың бәрін қостық сол жерге. Келеді деп бәрі бір-біріне сілтейді. Олар келгенмен ештеңе бі­тір­­­мейді. Шыдамның да шегі бар», дей­ді Индира Айтбаева.

Ең соңында осы үйден пәтер ал­ған Әділ деген сантехник «кінәлі» бо­лып шыққан. Ол болса жалғыз өзінің қолынан ештеңе келмейтінін айтып, шарасыз күйде отыр. Ал сан­техниктің бір өзі бүкіл үйдің жұ­мысын тағы істей алмайтыны айтпаса да түсінікті.

Жаңа тұрғын үйдегі жұрт­шы­лық­тың жанайқайы осы. Қара­пайым тұр­ғындарды жауапты шенділер тың­даудан қалған. Ал көпшілік мәсе­ле­нің шешілмей келе жатқанына күйі­­неді.

«Мұндағы көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасылар пəтерлеріне кілттің жоқтығынан емес, жарық пен жылудың, су мен газдың беріл­ме­гендігінен кіре алмай отыр. Со­ны­мен қатар сапасыз құрылыс жұ­мыс­тарына наразылықтарын біл­ді­руде. Бұл мəселені əлеуметтік же­лі­де қозғап, билікке де жеткіздік. Тараз қаласының əкімдігі мұндағы кем­ші­лік­терді бастапқыда 15 ақпанға дейін қалыпқа келтіреміз деп уəде берген. Енді 28 ақпанға ұзартып отыр. Пəтер кілті тапсырылғаннан бері қала билігі құр­ғақ уəде беруден аса алмауда», дей­ді облыстық қоғамдық кеңестің мү­шесі Исламбек Дастан.

Ал Тараз қалалық құрылыс бөлімі басшы­сының міндетін атқарушы Шың­ғыс Алиасқар құрылыс ком­паниясына кемшіліктерді жою тура­лы тапсырма берілгенін, аталған кем­­ші­ліктер ретке келтірілетінін айт­­ты.

«Қаланың 15-шағын ауда­нын­да­ғы 80 пəтерлі №1025 тұр­ғын үйдің құры­лы­сы аяқталған. Жоба аясында 5 қабат­ты тұрғын үйдегі пəтерлердің жалпы алаңы 4 625,30 шаршы метрді құрайды. Үйдің бір бөлмелісі 15, екі бөлмелісі 45 және үш бөлмелісі 20 пәтер. Оның құрылыс жұмысын мер­дігер сегіз айда тәмамдаған. Тұр­ғын­­дардан түскен арызға сәйкес, «Бір­лік сервис компани» ЖШС-ға атал­­ған тұрғын үйдегі кемшіліктерді тез арада қалпына келтіру бойынша ескер­ту хат жолданды. Қазіргі таңда, серік­­тестіктің он жұмысшысы іске кіріс­ті», дейді ол.

Қазіргі таңда аталған мәселе Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқы­баевтың ба­қылауында. Ол аталған шағын ау­дандағы №992 және №997 көпқа­батты тұрғын үйлер­дің жағ­да­йы­мен де танысып, тұрғындарымен кездескен. Әкім өз кезегінде жауапты тұлғаларға көпқабатты тұрғын үйлер­дің жөндеу жұмыстарын белгілі мер­зімде аяқтауды тапсырып, жеке өз ба­қылауына алатындығын айтқан. Күр­меуі қиын күрделі мәселе алдағы уа­қыттарда оңынан шешіледі деген үміт бар...

 

Жамбыл облысы