Аймақтар • 23 Ақпан, 2022

Арыз-шағымдар азайды

709 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментіне түскен өті­ніш­терді зерделеу нәтижесінде басым бөлігі аза­маттардың жауап хатты алмау және олармен ке­ліс­пеу дерек­те­ріне, жер мәселесіне қатысты екені анықталған. Осыған орай мемлекеттік органдардың тарапынан берілетін жауап хаттардың сапалы болуын қамтамасыз ету мақсатында департамент түсіндірме жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде.

Арыз-шағымдар азайды

Облыс әкімдігіне қарасты 24 басқарма мен орталық мемлекеттік органдардың 20 аумақтық департаментінің басшылығы мен қызметшілеріне Әдеп кодексінің талаптарын сақтау және азаматтар мен қызметшілердің өтініштерін қарау сапасын жоғарылату мәселелері бо­йын­ша семинарлар мен дәрістер өткізілген. Халықтың мұң-мұқтажына жүйелі түрде назар аудару мақсатында жиі шағымданатын азаматтардың тізімі түзіліп, олармен жеке қабылдаулар ұйымдастырылды және жеке қабылдау барысында көтерген мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамаларға сәйкес түсіндірмелер берілген. Нәтижесінде, жиі шағымданатын азаматтардың саны соңғы 2 жылда 60%-ға төмендеген. «Азаматтардың өтініштеріне сапалы жауап берілуін қамтамасыз ету, қайта шағымдану деректерін азайту мақсатында департамент жүйелі түрде талдау жүргізуде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында мемлекеттік институттардың рөлін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, халықты толғандырған мәселелерді дер кезінде шешу мәселелерін басты назарға алды. Мемлекет басшысы Жолдауында: «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады», деді. Өтініш берушінің көзқарасы тұрғысынан оның үніне құлақ асу – өз сұрақтарына мемлекет тарапынан қанағаттандырарлық жауап алуды немесе көтерілген мәселені қалай шешуге болатыны туралы қолжетімді және түсінікті мәлімет алу. Ал мемлекеттік органдарға қойылатын басты талап – өтініш берушіге құлақ асу және оның өтінімін сапалы қарау. Бүгінде түрлі әлеуметтік желілер қарапайым халық өз пікірін ашық айта алатын бірден-бір құрал болып тұр. Қоғамда не өзекті, елге не ұнап, не ұнамай жатқанын, мемлекеттік қызметшінің тарапынан қандай ерсі қылықтар орын алатынын әлеуметтік желілерден де білуге болады. Департамент тарапынан да әлеуметтік желілерде ресми парақшалар ашылып, бүгінде азаматтардың өтініштеріне жедел түрде жауаптар ұсынылуда», дейді департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Айбек Шілманов. Жергілікті атқарушы органдардағы тәртіптік комиссиялардың шешімдерімен өткен жылы Әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін облыс әкімі аппараты және аудан, қалалар бойынша барлығы 45 мемлекеттік қызметшіге заң аясында тәртіптік шара қаралған. Сондай-ақ былтыр өңірдегі мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа байланысты оқиғалар екі есе азайған.ь

Бүгінде, өкінішке қарай, мемлекеттік қызметшілер күнделікті қызметінде, халықпен кездесу барысында өзін өзі ұстау мен көпшілік алдында сөйлеу кезінде әдеп нормаларына сай келе бермейтін түрлі кемшіліктерге жол беріп жатады. Осыған орай департамент әлеуметтік желілердегі мемлекеттік қызметшілердің іс-әрекеттеріне қатысты негізді сыни мақалаларға тұрақты түрде мониторинг жүргізуде. Өткен жылдың қорытындысымен өңірде мемлекеттік қызметшілерге қатысты 24 сыни мақала жарияланғаны анықталып, 6 қызметшіге профилактикалық мақсатта тәртіптік жазалар қолданылған. Бұл өз кезегінде азаматтар тарапынан түсетін арыз-шағымдардың санын азайтуға өз ықпалын тигізді. Облыстық Әдеп жөніндегі кеңесте 59 тәртіптік іс қаралып, алдыңғы жылмен салыс­тыр­ғанда 9%-ға, оның ішінде әдеп нормаларын бұзу бойын­ша 34 іс тіркеліп, 7%-ға азайды. Жергілікті атқарушы органдардағы тәртіптік комиссияларында мемлекеттік қыз­меттің беделін түсіретін теріс қылықтар бойынша 9 жағ­дай қаралған. Бұл алдыңғы жылға қарағанда 57%-ға кем. Сондай-ақ Әдеп жөніндегі кеңес қараған тәртіптік істер бойынша анықталған бұзушылықтардың өңірдегі басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан жасалуын алдын алу мақсатында мемлекеттік органдарға тиісті ұсыныстар жолдау тәжірибесі де қолға алынған. Осылайша, департамент атқарған жүйелі жұмыстардың қоры­тын­дысымен жалпы түскен арыз-шағымдардың бүгінде саны алдыңғы жылмен салыстырғанда азайған. Былтыр департаментке жеке және заңды тұлғалардан түскен өтініштер саны едәуір кеміген. Мысалы, өтініштер саны 361 болып, 42%-ға (2020 жылы – 527), оның ішінде жеке тұлға­лардан түскен өтініштер саны 305 болып, 33%-ға төмен­деген.д

Бұдан бөлек, департамент азаматтардың құқықтарын қор­ғаумен қатар, мемлекеттік қызметшілердің де құқық­та­рын қорғауды басты назарға алған. Алдыңғы жылы облыс көлемінде – 27, ал былтыр 21 мемлекеттік қызметші негіз­сіз тәртіптік жазаларға тартылған. Департамент бас­шы­сының айтуына қарғанда, бұзушылықтардың басым көпшілігі мемлекеттік қызметшіден түсініктеме алмай, қызметтік тергеп-тексеру жүргізбей, тәртіптік жаза қолдану талаптары бұзылуымен, яғни бұзушылықтың мәні толық және объективті зерделенбестен қолданылғаны анықталыпты. Бұл орайда тиісті ұсыныстар енгізіліп, негізсіз тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтардың күштері жойылған. Яғни жоғарыда аталған мемлекеттік қызметшілердің құқықтары толыққанды қалпына келтірілді. Өңірдегі мемлекеттік қызметшілерге Әдеп кодексінің талаптарымен қатар мемлекеттік қызметшінің құқықтары түсіндірілуінің нәтижесінде, мемлекеттік қызметшілерден департаментке түскен арыз-шағымдардың саны 69%-ға азайған.

 

Түркістан облысы