«Шексіз мүмкіндіктер» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған бұл орталықта спорттың футбол, пауэрлифтинг, шахмат, дойбы, тоғыз құмалақ, үстел теннисі және садақ ату сияқты түрлері бойынша секциялар жұмыс істейді.
Спорт орталығының ашылу салтанатында сөз сөйлеген Жезқазғанның әкімі Қайрат Әбсаттаров мүмкіндігі шектеулі жандар үшін араласатын ортаға деген қолжетімдіктің болуы аса маңызды қажеттілік екенін атап өтті.
– Бұл орталықта олар спортпен шұғылданып қана қоймай, өздерінің құрбы-құрдастарымен араласып, жаңа достар да таба алады. Спорт – мүмкіндігі шектеулі жандарға белсенді де толыққанды өмір сүруге, рухты түсірмеуге және жеңіске жетуге мүмкіндік беретін керемет күш. Сондықтан орталықтың көп ұзамай қаладағы сүйікті орындардың біріне айналатынына сенімдімін, – деді ол.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, аталған спорт орталығынан басқа Жезқазғанда ерекше қажеттіліктері бар 55 бала шұғылданатын «Аялы алақан» күндізгі бейімдеу орталығы жұмыс істейді. Сонымен бірге қалада аутистік спектрі бұзылған балаларға арналған тағы бір орталық ашу жоспарда бар.
Ал жаңадан ашылған орталықта арнайы оқу курсынан өткен сегіз жаттықтырушы ерекше қажеттілігі бар жандарды спорттың қыр-сырына баулитын болады.
Жезқазған