Спорт • 23 Ақпан, 2022

Спорттық нысандар мүгедектерге қолжетімді ме?

445 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2025 жылға дейін спорттық нысанның барлығы мүгедектерге қолжетімді болуы қажет.

Спорттық нысандар мүгедектерге қолжетімді ме?

Құзырлы министрлік аталған мәселеге жіті көңіл бөліп, оның шешілуіне білек сыбана кірісті. Өйткені, елде спортқа қабілетті 300 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі жан бар. Бірақ, олардың 12,7 проценті ғана тұрақты шұғылданады.

Өңірлер бойынша Шығыс Қазақстан мен Нұр-Сұлтан қаласы белсенді. Қалған аймақтардағы көрсеткіш төмен. Енді оларды жаппай спортқа тарту үшін спорттық нысандардың қожетімділігін арттыру бастамасы қолға алынды. Қазір елімізде 590 жабық спорттық кешен бар. Бірақ, оның 20 проценті ғана мүгедектердің жүріп-тұруына және емін-еркін жаттығуына қолайлы. Мәселен, елордадағы «Сарыарқа» велотрегіне 300-ге жуық мүмкіндігі шектеулі жан келіп жүр. Соның бірі - Серікбай Аушанов. Темір жол саласының маманы 2005 жылы қызмет барысында қос аяғынан айырылып, тағдыр тауқыметіне тап болды.  Бірақ, оған мойымай, спортпен шұғылдана бастады. Бүгінге дейін парапауэрлифтинг, пневматикалық ату және  қол күресі бағыттары бойынша жарыстарға қатысып, тіпті, бірнеше рет ел үздігі атанды. Әлі күнге дейін жаттығуды үзген жоқ. Соның арқасында  денсаулығын бірқалыпты ұстап, жұрт қатарлы өмір сүріп жүрмін дейді кейіпкеріміз.п

«Бұнда барлық жағдай қарастырылған. Ғимарат арбамен кіріп-шығуға қолайлы. Мүгедектерге арналған лифт те бар. Фитнес орталықта та, бассейнде де жаттығуға болады. Нұсқаушылар қажет кезде көмектесіп, тіпті, кәсіби кеңес те береді. Мысалы, бассейнге 2014 жылдан бері келіп жүрмін. Алғашқыда жүзе алмайтынмын. Екі аяғым болмағасын аударылып кете берем. Бірінші күндері бассейнді жағалап, қолмен ұстап жүрдім. Бірте-бірте үйренісіп, қазір еркін жүземін», дейді Серікбай Аушанов.

«Нұр-Сұлтан» олимпиадалық даярлау орталығына қарасты «Сарыарқа» фитнес орталығы тегін негіздегі қолдауды бірнеше жыл бұрын бастады. Қазіргі басшылық және орталық мамандары енді осы жұмыстарды жүйелеп, оны одан сайын дамытудың жолдарын қарастырып жатыр. Еліміздегі басқа спорттық нысандар да алдағы бірер жылда осындай деңгейге жетіп, толықтай арнайы талаптарға сай болуы керек.

«Бізге қазір жүздеген мүмкіндігі шектеулі жан келіп жүр. Арнайы ұйымдармен келісімшартқа отырып, ұсынған адамдарын қажетті жағдаймен қамтамасыз етеміз. Бұдан бөлек, жеке азаматтар да келіп, өтініш тастауына болады. Ешқандай шектеу жоқ. Кейін қалаған уақытында келіп, шыныға береді. Тіпті, қасындағы күтушісімен бірге кіре алады», дейді фитнес орталығының жетекшісі Азамат Нұрланов.

Қазірдің өзінде барлық спорттық нысанда 1-ші және 2-ші топ мүгедектері тегін негізде дайындала алады. Ал, үшінші топтағы азаматтарға 50 процент жеңілдік қарастырылған. Осы арқылы үйде отырған жандарды барынша  спортқа тарту көзделіп отыр. Соған сәйкес, ішкі бәсекелестік артып, кәсіпқой паралимпиадашылардың шығуына да мүмкіндік ашылады.

 

Аслан Қаженов,

«Нұр-Сұлтан» олимпиадалық даярлау орталығының маркетинг бойынша инспекторы