Оқиға • 23 Ақпан, 2022

Алматыда қару-жарақ дүкендерін тонаған үш күдікті ұсталды

396 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда қару-жарақ дүкендерін тонауға қатысқандарды ұстау бойынша екі арнайы іс-шара жүргізілді, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Алматыда қару-жарақ дүкендерін тонаған үш күдікті ұсталды

Үш күдікті қамауға алынды. Ұрланған қарудың бір бөлігі «Достық» шағын ауданындағы үйлердің бірінен, ал екіншісі – Алматы облысы, Қарасай ауданы аумағындағы Жамбыл елді мекеніндегі үйден табылып, тәркіленген.

«Екі күдікті 25 жаста, біреуі 27-де. 5 қаңтарға қараған түні олар «Камерад» аңшылық дүкенін тонап кеткен. Қаскөйлер ұрланған заттарды үйдің жертөлесіне тығып, үстіне құм басып кеткен. Әртүрлі маркадағы төрт тегіс ұңғылы мылтық, автомат, 720 патрон, бес аңшылық пышақ, арбалет, оптикалық көздеуіш және оқ-дәрі тәркіленді және қылмыстық іс материалдарына тіркелді. Күдіктілер кінәсін мойындап, дүкенге қалай кіргендерін айтып берді», деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков. 

Тергеушілер «үштіктің» осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 291-бабы 3-бөлігі (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды ұрлау) бойынша тергеліп жатыр. Бұл баптың санкциясында бес жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген.