Қоғам • 23 Ақпан, 2022

Утиль алымы 50 пайызға төмендеді

4003 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл
11 қаңтарда Пар­ла­мент Мә­жі­лісінің отыры­сында Үкі­метке утиль алы­мының мөлшерін қайта қа­рауды тапсырған еді. Содан бері азды-көпті бір ай­дан астам уақыт өтті. Ар­найы жұмыс тобы құры­лып, бірнеше отырыс өткізді. Жан-жақты талдау жасалды.

 

Утиль алымы  50 пайызға төмендеді

Осылайша, соңғы шешім ақпанның соңында айқын­далатын болып, күні кеше Пре­мьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр «Хабар24» телеарнасына берген сұхбатында утиль алымына қатысты қа­был­данған шешімдерді баяндады.

Сұхбат кезінде Р.Скляр осы утиль алымына қатысты айтылып жүрген сындар мен жиі қо­­йы­­латын сұрақтарға жа­уап берді. Әңгіме барысында бірін­ші вице-премьер кәдеге жа­рату алымы, оның не үшін енгізілгенін, қандай өнім түр­леріне қолданылатынын және жи­­нақ­­талған қаражат елдің қан­­дай қажеттіліктеріне жұм­сала­тынын түсіндірді.

Сонымен қатар Р.Скляр еліміздің индуст­риялық саясатының басым­дық­тары, автомобильдер мен ауыл шаруа­шылығы техникаларын шығаратын отандық кәсіпорындарға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың себептері туралы баяндады.

«Мемлекет басшысы отандық өн­дірісті қолдау қажет екенін нақты айтты. Халқымыздың әл-ауқатының артуы ұлттық экономиканың дамуына байланысты. Қоғамдық пікір қалыптастырып, кәдеге жарату алымын толығымен жоюды талап ететіндер шетелден техника импорттаушылардың мүддесі үшін жұмыс істейді. Бұл шын мәнінде олардың ел экономикасына қарсы екенін білдіреді», деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.

Ол автокөлік техникасына қатысты утиль алымы 2016 жылы енгізіл­генін, ал әлеуметтік желілерде оған қарсы насихаттау науқаны 5 жылдан кейін басталғанын айтты. Р.Склярдың сөзіне қарағанда, импорттаушыларды жақтаушылар автомобиль өндірісін ұйымдастыру жолдарын түсінбей, көпшілікті адастыра­ды. Кәдеге жарату алымы автоөнеркә­сіп­ті тікелей қолдау үшін енгізілме­ген. Отандық өндірушілерге осы алым үшін алдында өздері төлеген қаражаты ғана қайтарылады. Бұл ДСҰ талаптары­на сәйкес келеді. Ол бойынша өндіруші­лер импорттаушылар сияқты утиль алымын төлеуге міндетті. Бірақ елімізде өндірушілерге төленген қаражат қайта беріледі.

«Бұл елімізде өндірілген автокөлік бағасының өспеуі үшін жасалды. Осылайша, утиль алымы – ішкі на­рықты қорғау шарасы, белгілі бір дәре­жеде тарифтік тосқауыл амалы. Әлем­де өз нарығын қорғаудың түрлі әдісі, импортқа толық тыйым салу­дан бастап шектеу шаралары, соның ішінде экологиялық шаралар қол­да­ны­лады. ЕАЭО-да кәдеге жарату алымы таңдалды», деді ол.

Р.Скляр автоөнеркәсіп саласында кәсіпорындардың жабылуына, на­рықтан, игерілген технологиялардан, жұ­мыс орындары мен халықаралық стан­дарттар бойынша оқытылған білік­ті мамандардан айырылуға әкеп соға­тын қате шешімдердің салдары ауыр болатынын нақты түсіну керек еке­нін жеткізді. Сұхбат соңында ол «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаң­ында сараптамалық талқылау қоры­тындысында қабылданған кәдеге жарату алымы мөлшерлемелерін қайта қарау жөніндегі ұсынымдар туралы хабарлады.

«Биылғы қаңтар айынан бастап Эколо­гия, геология және табиғи ресурс­­тар министрінің төрағалығымен тауар­лар­дың түрлі санаты бойынша кәдеге жарату төлемі мөлшерлемелерін қайта қарау бойынша жұмыс топтарының отырыс­тары өткізілді. Жұмысқа бар­лық мүдделі тарап, соның ішінде фер­мер­лердің кейбір өкілдері қатысты. Бар­лығына өз ойларын айтуға мүмкіндік берілді», деді Р.Скляр.

Нәтижесінде, кабельді-өткізгіш өнім­дерге, рекреациялық техникаға және елдің көлік-логистикалық әлеуетін арт­тыру мақсатында халықаралық тасымалдарда пайдаланылатын ершікті тартқыштарға қатысты мөлшерлемелерді нөлге жеткізу туралы шешім қабыл­данды. Оған қоса автокөлікке және ауыл ша­руа­шылығы техникасына қатысты қазір­гі мөлшерлемелерді 50%-ға дейін тө­мендету ұсынылды.

«Жасыл даму» АҚ есепшотындағы 200 млрд теңгеден астам бос қалдық халықтың игілігі үшін жұмсалуға тиіс. Біз мұны қалай жүзеге асырмақпыз? 100 млрд теңге отандық көліктерді сатып алу үшін жеңілдетілген автонесие­ге беріледі. Шарты мынадай: жылдық мөл­шерлемесі 4 пайыз және бастапқы жар­на 0 пайыз. Бастапқы жарнасы 20 пайыз, жылдық мөлшерлемесі 4 пайызбен 7 жылға берілетін қазіргі қолданыстағы бағдарламадан айырмашылығы осында. Сегменті қымбат емес көліктер екені түсінікті. Осылайша, біздің 71 мың азаматымыз қолжетімді бағаға және қолжетімді кредиттік ресурстарға жаңа көлік сатып ала алады», деді Р.Скляр.

Үкіметтің бұл шешімін әркім әрқалай қабылдайтыны анық. Алайда осы салада еңбек етіп жүрген бірқатар сарапшы, мамандар бар. Олардың ой-пікірі, айтқан уәжі отандастарымыз үшін де маңызды болатыны анық.

«Утиль алымды 50 пайызға дейін төмендету өте орынды шешім дер едім. Алайда бұл шара отандық автокөлік бағасын реттеуге соншалықты әсер етпейді. Себебі Қазақстанда автокөлік сатуда отандық өндірушілер үлесі – 65 пайыз. Елімізде KIA, Chevrolet, Lada, Hyundai сынды жеңіл көліктер жасалады. Яғни жоғарыда аталған көліктерге утиль алымының айтарлықтай әсері жоқ. Елімізде автокөліктердің бағасы диллер және дистрибьюторларға байланысты. Әрине, бағаны мемлекет белгілемейді, мемлекет жағдай жасайды, мүмкіндік береді. Осы орайда қазір мемлекет отандық көлік өндірушілерге жағдай жасап отыр. Яғни ендігі уақыт­та отандық өндірушілер утильалым­ды көліктің бағасына қоспайды. Бүгін Үкіметте айтылған тағы бір маңыз­ды шара – автокөлік алғысы келе­тіндер үшін бастапқы жарнасыз, жеңіл­детілген несие беруді жетілдіре түсу. Бағдарламаға сұраныс бар, сәтті іске асып келеді. Оның нәтижесін қазірдің өзін­де көріп отырмыз. Қазір көлік алу кезе­гінде 15 мыңдай адам тұр. Меніңше, атал­ған шара халық пен қоғам үшін өте пай­далы», деді Қазақстан автобизнес қауым­дастығының өкілі Қайрат Еламанов.

Утиль алымының мұндай мөлшер­де белгіленуін Қазақстан автобизнес қауымдастығының стратегиялық дамыту жөніндегі  директоры Дархан Айдулов отандық өнеркәсіпті қорғаудың бір мүмкіндігі ретінде түсіндіреді.

«Елімізде осы мәселеге қатысты жыл басынан бері қызу талқылау жүрді. Әр тарап өзінің жекелеген мүдде­сін, көзқарасын білдірді. Соның қоры­тын­дысын халық естіді. Бүгінде Қазақ­стан жекелеген тәуелсіз, дербес ел болғанымен, Еуразиялық экономикалық одақтың құрамына кіреді. Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері ара­­сын­да ортақ кедендік шекара жоқ. Яғни Қазақ­стан болсын Ресей болсын, Беларусь болсын, өзінің жекелеген өнер­кә­сіп­тік саясатын жүргізіп отыр. Өнер­кәсіп­ті қорғаудың барлық мүм­кіндігі жасалып жатыр. Сондықтан утиль алымы елімізде Ресей және Беларусь деңгейінде болуы керек. Сондықтан біз утильалымды 20-25 пайыз ғана төмен­детуді ұсынған едік. Алайда 50 пайыз да көңіл көншітеді», деді Қазақстан автобизнес қауымдастығының стратегиялық дамыту жөніндегі директоры Дархан Айдулов.