Коллаждарды жасаған Амангелді ҚИЯС, «EQ»
2022 жылдың қаңтар айында ғана «Жетісу», «Әуежай-Астана», «Жібек Жолы», «Қазығұрт», «Түркістан-КРО-Әуежай», «Әуежай-Шымкент», «Әуежай-Ақтау» кеден бекеттерінде декларацияланбаған қолма-қол ақша қаражаттарын алып кетудің 48 фактісі анықталған. Декларацияланбаған қолма-қол ақша қаражаттарының сомасы
1 086 618 долларды құраған. Ондай заң бұзушылыққа жол берген азаматтарды кеден бекеттерінің қызметкерлері ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп ұстаған.
Жалпы, 2022 жылдың қаңтар айында 47 әкімшілік құқық бұзушылық туралы материалдар жасалған (тауарларды, қолма-қол ақша қаражатын, ақша құралдарын декларацияламау немесе анық емес кедендік декларациялау, кедендік құжаттардағы мәліметтерді анық емес мәлімдеу), бұл заң бұзушылықтар бойынша 1 439 610 теңге айыппұл салынған.
Алматы қаласында 2022 жылдың қаңтар айында жеке тұлғаларға 26 әкімшілік құқық бұзушылық туралы материалдар жасалған, ол азаматтар 165 726 430 теңге, нақты айтқанда 656 826 долларды декларацияламастан алып өтпек болған, айыппұлы – 796 380 теңге.
Мәселен, 21 қаңтарда Алматы қаласының халықаралық әуежайында «Алматы – Әбу-Даби» қатынасындағы әуе рейсіне кедендік бақылауды жүзеге асырғаннан кейін Қазақстан азаматы тоқтатылды, оның жеке тексеру барысында 57 мың доллар мөлшерінде қолма-қол ақша табылды, бұл эквивалентте 24 765 360 теңгені құрады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы материал жасалып, 30 630 теңге көлемінде айыппұл салынды.
31 қаңтарда «Алматы – Дубай» әуе рейсі арқылы 99 мың доллар және 18 мың теңге (бұл 42 949 170 теңгені шамалайды) сомасында ақша қаражатын алып өтпек болған Қазақстан азаматы тоқтатылды. Материал одан әрі тергеу үшін Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне берілді.
Тек елордада 2022 жылдың қаңтар айында жеке тұлғаларға 11 әкімшілік құқық бұзушылық туралы материалдар жасалған, ол азаматтар 96 313 257 теңге, нақты айтқанда 222 512 долларды декларацияламастан алып өтпек болған, айыппұлы – 336 930 теңге.
Мәселен, «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайында 21 қаңтарда «Нұр-Сұлтан – Ыстанбұл – Дубай» халықаралық әуе рейсімен ұшып бара жатқан жолаушылар кедендік бақылаудан өткеннен кейін «Әуежай-Астана» кеден бекеті қызметкерлері ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп Қазақстан азаматын ұстады. Ұстау кезінде 40 мың доллар сомасындағы декларацияланбаған ақша қаражаты анықталды. 25 қаңтарда 45 765 доллар сомасындағы декларацияланбаған ақша қаражатын алып өтпек болған Қазақстан азаматтары ұсталған. Ал 28 қаңтарда 38 мың доллар сомасындағы декларацияланбаған ақша қаражатын алып өтпек болған тағы бір Қазақстан азаматы ұсталған.
Түркістан облысында шетел валютасын заңсыз әкетудің 7 фактісінің жолы кесілді. Заң бұзушылар 170 750 долларды алып өтпек болғаны үшін 214 410 теңге мөлшеріндегі айыппұл арқалады.
Қазақстан-Өзбекстан бағытында 5-12 қаңтар аралығында «Жібек жолы» кеден бекетінде жалпы сомасы 121 050 долларды алып өтудің 4 фактісі анықталды: 5 қаңтарда 39 500 және 45 400 долларды алып өтпек болған 2 азамат ұсталды, 11 және 12 қаңтарда 25 800 және 10 350 долларды алып өтпек болған 2 азамат ұсталды.
Қазақстан-Өзбекстан бағытында 3-26 қаңтар аралығында «Қазығұрт» кеден бекетінде жалпы сомасы 37 200 долларды алып өтудің 2 фактісі анықталды, 61 260 теңге айыппұл салынды.
28 қаңтарда Түркістан – Ыстанбұл рейсі, «Түркістан-КРО-Әуежай» кеден бекетінде 12 500 долларды алып өтпек болған ер адам ұсталған.
«Ақтау» халықаралық әуежайында «Әуежай-Ақтау» кеден бекетінің қызметкерлері ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп, 15 650 доллар сомасындағы шетел валютасын «Ақтау-Кутаиси» рейсі арқылы контрабандалық жолмен алып кетуге тырысқан ер адамды ұстады. 31 қаңтарда «Ақтау-Дубай» рейсі арқылы кетпекші болған 1987 жылы туған азаматтан жарияланбаған 10 700 доллар табылды. Екі дерек бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 551-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды (Тауарларды, қолма-қол ақша қаражатын, ақша құралдарын декларацияламау немесе анық емес кедендік декларациялау, кедендік құжаттарда мәліметтерді анық емес мәлімдеу) және 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Ақша иелеріне қайтарылды.
Шымкентте 18 қаңтарда «Шымкент – Ыстанбұл» бағытындағы әуе рейсімен Қазақстан азаматы 10 180 доллар сомасындағы қолма-қол ақша қаражатын декларацияламау фактісі анықталып, 30 630 теңге айыппұл салынған.
Мемлекеттік кірістер комитеті «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 343-бабы 1-тармағының 7) тармақшасында қолма-қол ақша қаражаты кедендік декларациялауға жататынын еске салады.
Кедендік декларациялауды жүзеге асыру өткізілетін қолма-қол ақшаның және жол чектерінің шығу тегі және мақсаты туралы мәліметтерді көрсете отырып, әкелінетін немесе әкетілетін қолма-қол шетел валютасының, қолма-қол ұлттық валютаның және жол чектерінің барлық сомасына жазбаша нысанда кедендік декларация беру арқылы жүргізіледі.
Бұдан басқа, тауарларды кедендік декларациялау кезінде жеке тұлғалар 10 мың доллар баламасына тең немесе одан аспайтын жалпы сомадағы қолма-қол шетел валютасын және (немесе) қолма-қол ұлттық валютаны (бағалы металдардан жасалған монеталарды қоспағанда) және жол чектерін кедендік декларациясыз Қазақстанға әкелуге немесе Қазақстаннан әкетуге құқылы.