Руханият • 23 Ақпан, 2022

Жылқының дүбірі

1359 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қазақ тілінде «Дүбірге толы дүние» деген тіркес бар. Бұл сөз тегін айтылған жоқ. Расында, ғалам дүбірге толы. Мысалы, аңырай соққан аңызақ, алақаншық ақ боран, ақжорға бұрқасын, ысқырған дауыл, одан қалды сіркірей құйылған ақжауын, тасырлай төгілген бұршақ, тіпті бағзыдан бері келе жатқан төл өнеріміз халқымыздың домбыра күйлерінде де дүбір бар. Сондықтан болар, баба қазақ мына ғаламды дүбірге толы деп бірауыз сөзбен түйіндеген. Осы дүбірлердің ішінде ең маңыздысы, кереметі – жылқының дүбірі. Бұл жайлы қасиетті Құранның «Ғадият» сүресінде «Тұяғынан от шашып, алқына шапқан, дүбірлетіп дүркіреп жауды жарып кірген аттарға серт» деген аяттар бар.

Жылқының дүбірі

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жылқының дүбірі – қазақтың ежел­гі ұғым-танымының бір тармағы. Бас­­қа­сын айтпағанда, менің өзім бала шағымда жылқының дүбірін тың­дап, желіде жусаған құлын мен кермеде бу­санған тұлпарды көріп өстім. Әлі есім­де, ел жайлауға шығып, биесін байлап, жаймашуақ өмір кешіп жатқан шақ. Бір­де әкей жарықтық құла бестіні ертіп мін­ді де, маған бірге жүр дегендей иек қақ­ты. Торы тайды жайдақ шаужайлап ілесе кеттім. Қара тұмсықты айналып ба­рып, атақты жортуылшы һәм атбегі Күң­гейбайдың белдеуіне ат байладық. Төрде қымыз ішіп, үш-төрт қария отыр. Ортада ақ тегене. Үлкендер желпінтіп әңгіме айтып мәз. Сол екі ортада сырттан келе жатқан аттың дүбірі естілді. Екінің бірі ести алмайтындай алыстау жерде келе жатқан аттың дүбіріне жабық үйдің ішінде отырып құлағын тосқан Күкең: «Өй, мынау Қалқабайдың күрең атының жүрісі ғой, ол кісі кеше ойға түсіп кетті деп естіп едім, мініп келе жат­қан кім болды сонда?» деп таң­дан­ды. Қағілез қария үйде отырып-ақ сырттағы жылқының аяқ дүбірінен кім­нің аты екенін жазбай таныды. Ол тұста ес жиып, ақыл тоқтатпаған біз бұ­­ған онша мән бермеген едік. Ұзақ жыл­­дан кейін бұл оқиға санамда қайта жаңғырды.

Дүбір демекші, өзім куә болған тағы бір оқиғаны айтайын. Аймақ орталығында он жылдық орта мектепте оқимын. Үлкен үйім Қотықыр атты шахтаға баратын күрежолдың бойында еді. Әрі-бері көмір тасып жөңкілген машиналардың кез келгеніне отырып ауылға тарта беруші едік. Бірде жасы қырықтан асқан шопыр ағайдың кабинасында келе жаттым. ЗиЛ-130 маркалы көліктің жүрісі баяулап, моторы сыр бергендей болды. Машинасын қаңтарып қойып, мотордың дүрілін тыңдаған шо­пыр ағай: «Коленвалдың бірінші мой­ны кеткен екен», деді. «Оны қалай білдіңіз?»

 – Қарағым-ау, жасымда жылқы бақтым емес пе?

 – Жылқының машина моторына қатысы қанша?

 – Қатысы болғанда қандай, аттың дүбірін құлаққа сіңіріп өскен едім. Тас қа­раңғы түнде үйірдің аяқ дүбірінен айғы­ры қайда, биесі қанша, құнан-тайы нешеу екенін ажырата алушы едім. Сол құ­лаққа сіңген дүбірдің арқасында мына мотор­дың ақауын ажыратып тұрған жоқпын ба?!

 

* * *

Жоғарыдағы оқиғаға назар аударсақ, жылқының дүбірін санасына сіңірген адам күллі ғаламның дүбірін ажыра­тып, айыратын қабілетке ие екен. Өт­кен­де интернеттен қытайдың «Үш пат­шалық» атты ұласпалы фильмін көріп отырып таңғалдым. Туындыда Юань империясының соңы, Мин династ­ия­сының алғашқы кезеңі, яғни біздің заманымыздың екінші ғасырында өріс алған оқиғалар баяндалады екен. Айт­пағым, үш патшалықтың бірі Уй хан­дығының атақты батыры Гуан Гүнге «жер қайысқан қалың қол ке­ле жатыр» деген хабар тиеді. Шабар­ман­дар мезгілсіз соқтыққан жауды Вэй пат­ша­лығының әскері деп жориды. Сол сәтте қара жерге құлағын төсеп, жау жыл­қы­сының дүбірін тыңдаған батыр: «Мына келе жатқан қол солтүстік Вэй патшасы Цоа Цоаның әскері емес, қайта Сүн Шуан басқарған Шу патшалығының қолы екен. Мінген аттарының дүбірі қа­ғыр­да емес, саздауыт жерді басып жетіл­ген жануардың аяқ алысы» деп, төніп келген жаудың кім екенін біле қояды.

Сол сияқты біздің елде өткен ғасыр­дың басында Ысқақ деген керемет ат сыншысы өмір сүріпті. Жарықтық жасы егделегенде қос жанарынан айырылып, тасқараңғы күйге түседі. Бір күні осы ақсақал үйінде отырып, ауыл іргесін жанай өтіп бара жатқан топ жылқының дүбірін естиді. Көз жанарынан айырылса да, көкірегіне аттың дүбірі ұялаған қария: «Қарақтарым, ауылдың сыртын жанай бір топ жылқы өтіп барады. Шығып қараң­даршы соңында ерген тай бар ма екен?» дейді. Далаға жүгіріп шыққан балалар «Ата қараторы тай кетіп барады». Сонда соқыр қария: «Жануар-ай, мына тай алдына ат салмайтын өрен жүйрік екен. Дүбірі көкірегімді кеулеп кетті», депті. Расында, соқыр сыншының айтқаны айдай келіп, соңынан әлгі тай Сәлімбақы бидің аңыз күреңі атанған атақты жүйрік болыпты.

 

* * *

Тағы бір оқиға желісі ойға оралып отыр. Ауылымызда Шәріпхан дей­­тін егделеу жастағы адам болды. Жа­рықтықтың дауысы зор болған­дықтан халық «гүріл­дек Шәріпхан» деуші еді. Осы кісінің атақты торы жүйрігі бар еді. Заманында алдына ат салмаған дейді. Өз басым бұл жылқыны әбден шау тартып, шабыстан қалған кезінде көрдім. Торы ат жыл сайын шілденің басында болатын аламан бәйге кезінде өрісте жүріп-ақ өзінен өзі жарайды. Бәйгеге қосылмаса да ішін тартып, керменің басында шұлғып тұрады. Көрген ел «хайуан­ның өзі қартайса да, жүрегі жас» деп күлетін. Осы кәрі жүйрік көктемде еріген құйға түсіп қалыпты. Батпақтан тал­пынып шыға алмай жатқан жылқыны маңай­дың бала-шағасы жабылып сүйреп шығара алмадық. Өзеннің арғы жағында егіншілер көкөніс отырғызып жатқан. Біздің шуымызды есітіген болуы керек, агроном Самалай келді. Ұлты ұранқай кісі еді «Балалар бұл оңай» деп күлді де, қабақтың астында жайылып жатқан екі үйір жылқыға барды да оларды бізге қарай қиқулатып қуды. Көктемде жаңадан көкке тойған жылқы дүркірей дүбірлеп жосып келеді. О, құдірет, жыл­қының дүбірін естіген кәрі жүйрік бір-ақ ырғып батпақтан атып шықты. Осы­лай дүбірдің кереметін біз де көрген едік.

Ақын Кәкімбек Салықовтың «Жыл­қы­ның дүбірі» атты жыры бар. Маз­мұны былай: бұлақтың басында сақшы сияқты жалғыз бейіт тұр. Көнерген тасына бая­ғы­да қына өсіп кеткен. Бұл зиратта жат­қан адам әулие де емес, атақты батыр да емес, қарапайым жылқышы екен. Жа­рықтық дүниеден өтерінде:

 «Салмаңдар тас мазар аулаққа,

Артық жер айтайын, –

Депті ол – жылқы үйір бұлаққа,

Басында жатайын.

Бір атым насыбай атайын,

Бітерде ғұмырым.

Сонан соң мәңгі жатайын,

Жылқының естіп дүбірін»,

– деп өсиет еткен-мыс. Сол сияқты жа­қын­­да жылқықұмар жас ақын Жандос Аманжол­ұлының: «Заманның естілген күбірі, Ұлтыма сыйласа ғасыр бақ, Көк­дөнен тұлпардың дүбірі, Тұрады жадымда тасырлап» деген жырын оқып қалдым. Расында, көкейіне жылқының дүбірі ұяламаған қазақта қайдан рух болсын!

 

* * *

Бұл мақаламызға тұздық боларлық бір дерек – үлкен парасат иесі Мәшһүр Жүсіп атамыздың «Тұлпардың дүбірі» дейтін жазбасы. Онда былай депті атамыз. Ертеде атақты Толыбай сыншының баласы жаудың қолына түсіп қалады. Қалмақтар оған қозы жайғызып қояды. Көп бала қозы бағып жүрсе, айдалада жылқының қу басы жатады. Басты көрген тұтқын бала: «Уай, жарықтығым-ай, сенің тұлпардың басы екеніңді кім біледі, менің атақты сыншының баласы екендігімді кім таниды», деп еңірепті. Оны көрген балалар: «Айдаладағы қу басты құшақтап, қазақ бала жылады», деп айтып келеді. Қоңтажы баланы шақырып алып: «Балам, қу басты құшақтап неге жыладың?» деп сұрайды. Бала айтыпты:

– Айдалада жатқан қу бас жай жылқы­ның басы емес, тірісінде дүбірі жер жарған тұлпардың басы екен, соны көріп жыладым, – дейді. Қоңтажы баланың қасына өз нөкерлерін қосып: «Маған қараған қырық сан қалмақты арала, осындай тұлпар тауып кел!» депті.

Ұзақ уақыт тұлпар іздеген бала бірде өзеннен өтіп келе жатып, су бетінде ағып бара жатқан жылқының тезегін көзі шалып қалады да, дереу оны ат үстінен іліп алып, сығып көреді де «мынау тұлпардың тезегі» дейді. Содан бір топ нөкерімен өзенді өрлей жүріп, жақын маңда аялдап жатқан керуенге кез болады. Керуеннен аяғы ақсақ, арқасы жауыр, құйрығы шолақ, кестірілмеген көк сәурікті көрген бала: «Тұлпар осы», дейді. Оны Қоңтажыға алып келеді. Қоңтажы: «Бұл жылқыны өзің бапта! Тұлпар шығар», деп балаға бұйырады. Бала алты жыл баптайды. Үйірге салып бел қы­зығын таттырады, саумалмен суа­рып тынысын аштырады, бабы әбден қанады.

Қоңтажы қызын ұзатып той жасайды. Бала баптаған тұлпарын өзі мініп шабады. Байқап көрсе, тұлпар ұшқан кұс, жүгірген аң ілесе алмайтын күйіне түскен екен, бәйгеден жалғыз қара болып келеді. Осылай қас жүйріктің етін қыздырып алған бала қарақшыға жете бере: «Жылқы үйірін сағынса, құлақ басын қағынар, ер үйірін сағынса, айыл-тұрман тағынар», дейді де, Сарыарқаны бетке алады. Жабыла қуған қалмақтың бірі де ілесе алмайды. Бала жапанға шығып кетеді. Тұлпар ұшқан құспен жарысып, қатарласқанның бәрі де әудем жер бармай, кейін қалады. Қас қарайып, түн болыпты.

Баланың әкесі түн ортасында шауып келе жатқан тұлпардың дүбірін естиді де, «Құдай-ау, мынадай тұлпарды жарату тек менің баламның қолынан келері анық, ұлым қалмақтан қашып шыққан екен» деп, жалма-жан жібек арқан құрдырады. Тұлпар арқанға келіп килік­кенде бала түсіп қалды да, арқан шарт үзіліп, тұлпар кете береді. Бұл жерде айтпағымыз, көкірегіне жылқы дүбірі ұялаған қария баласы мінген тұлпарды дүбірінен жазбай танығаны...

* * *

Сол сияқты «дүбір» ілімі қазақтың ежелгі қисса-дастандарында, батырлық жырларында да көп кездеседі. Соның біріне тоқталсақ, 1899 жылы Қазанда жарық көрген «Қисса-и Алпамыс батыр» атты жырдың нұсқасында Алпамыс батыр өлді деген жалған хабар алған қалмақ ханы Тайшық пен Қаражан батыр екеуі Дәрбенде деген жерде сан мың әскерін доғарып қойып, Алпамыстың жары Баршын сұлуды бір-біріне қимай таласып жатады.

Бұлар қырқысып жатқанда зынданнан босаған Алпамыс шұбар атын гулетіп еліне қарай шабады. Дәл осы күні қалмақ ханы Тайшық түс көріп, түсінде керемет дүбірден шошып оянады. Ел-жұртын жиып, түсін айтып былай дейді:

«Шұбар ат мініп келеді.

Сол Шұбар ат дүбірі

Тас төбемді жарады».

Дәл осы күні таң бозарып атқанда Қа­ра­жанның құлағына да бір дүбір кел­еді. Шошып орнынан атып тұрған Қара­жан: «Тайшықтың әскері де, менің әскерім де қайтыңдар. Бір алапат дүбір жақын­дап келеді. Мынау қырық мың сан қолға төтеп беретін батыр мінген аттың дүбірі», дейді. Сөйтіп, жауға Байшұбардың өзінен бұрын дүбірі жетіп, жауды шошытады.

Енді мына қызыққа қараңыз, Қаражан батыр қашайын десе, астындағы қара аты шауып келе жатқан Байшұбардың дүбірінен қорқып, иесінің бұ жағына бір, о жағына бір шығып, жаны қалмайды. Сонда Қаражан батыр астындағы атына қарап:

«Жортайын дедім, тебіндің,

Қамшы ұрмай кейін шегіндің,

Он төртте тарлан ашпайсың,

 Омыраудан көбік шашпайсың.

 Қамшыласам қадам баспайсың,

Не көрдің, қара ат, не көрдің»,

– деп толғайды. Жырдағы оқиғадан  дүбірдің құдіретін аңғарғандаймыз.