Қазақстан • 24 Ақпан, 2022

Ел тыныштығын сақтау – ерлердің ісі

521 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміз бойынша 2021 жылы мерзімді әскери қызметке шақырудың қорытындысы шығарылды. Өткен жылы Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарына 32 мыңнан астам азамат шақырылған.

Ел тыныштығын сақтау – ерлердің ісі

Елордада Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Марат Құсайыновтың басшылығымен кеңес өтті. Оған Қауіпсіздік Кеңесінің, Бас прокуратураның, күштік құрылымдардың, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, әкімдердің орынбасарлары, денсаулық сақтау басқармаларының басшылары, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың қорғаныс істері жөніндегі департаменттерінің бастықтары қатысты.

Жиында белгілі болғандай, 2021 жылы Қарулы Күштердің, басқа да әскер­лер мен әскери құралымдардың қатары­на 32 мыңнан астам азамат шақырыл­ған. Бұл күштік құрылымдардың бөлімше­лерін мерзімді қызметтегі әскери қызмет­шілердің қажетті санымен жасақтауға мүмкіндік берген. Әскерге шақыры­лушылар шақыру пунктерінде және әскери бөлімдерге келгеннен кейін денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында COVID-19-ға ПТР-зерттеулер жүргізді.

Бүгінде әскерге шақыру жасындағы жастар гаджеттерге шамадан тыс құмар­лыққа, теңгерімсіз тамақтануға байланысты және қозғалыстың аздығынан бір­қатар аурудан зардап шегеді делін­ген медициналық комиссия келтірген мә­ліметтерде. Алғашқы медициналық куә­лан­дырудан кейін олар қосымша тексеруге жіберіледі. Сонымен қатар қазіргі уақытта кандидаттарды куәландыру жұ­мы­сының сапасын арттыру мақсатында Ден­саулық сақтау министрлігінің ақпарат­тық жүйелеріне қол жеткізу мәселесі шешілуде.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастардың мерзімді әскери қызмет атқаруға ынтасын арттыру жө­ніндегі тапсырмасын іске асыру шең­берінде Қорғаныс министрлігі бірқатар ұсыныс әзірледі. Олар әскерге шақы­ры­лушылар мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қолдауға қатысты болып отыр. Қорғаныс ведомствосы азаматтардың мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде оларға кредиттер мерзімін ұзартып беру­ді, білім беру секторында жеңілдіктер қарас­тыруды, сондай-ақ олардың отбасы мүше­леріне коммуналдық қызметтерге ақы төлеу кезінде жеңілдіктер беруді ұсынды.

Бас штаб бастығы әскерлерді жас сарбаздармен уақтылы және сапалы жасақтауға, әскерге шақыру және медициналық комиссиялар жұмысының сапасын жақсартуға, сондай-ақ орын алған өзекті мәселелерді шешуде бірлесіп шаралар қабылдауға назар аударды. Одан өзге, алдағы көктемгі әскерге шақыру міндеттері де белгіленді. Биыл Қазақстанда көктемгі әскерге шақыру науқаны 1 наурызда басталып, маусым айының соңына дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарын 18-27 жас аралығындағы 17 мыңға жуық жасөспірім толықтырады деп күтілуде.