Жарылыс салдарынан от жағатын ғимарат қирады. Үйіндінің астында қалып қойған 58 жастағы от жағушының денесін оқиға орнына келген өрт сөндірушілер алып шықты. Қайғылы жағдайға әкеп соққан оқиғаның себеп-салдарын тиісті орындар анықтауға кіріскені мәлім. Дегенмен, көпшілік жарылысқа жауапсыздық, білім саласын басқаруға қатысты енгізілген өзгерістердің де себеп болғанын айтуда. Апаттың алдын алуға, оған жол бермеуге болар ма еді? Егер...
Қайғылы оқиға орын алған жылу қазандығындағы пеш көмірмен жағылған. Қазандық жаңадан салынған кезде, яғни 2014 жылы орнатылған пешті былтыр ауыстыру жоспарланған. Сайрам аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлжан Сапарбеков былтыр мемлекеттік сатып алу порталына жаңа қазандыққа тапсырыс берілгенін айтады. Бірақ мердігер алып келген пештің маркасы конкурс құжаттарында көрсетілген талаптарға сәйкес келмегендіктен қабылданбаған. «Сұранысқа сай пешті күтіп жүргенде ауылға газ келді. Пешті газға ауыстырамыз деп жүргенде осындай жағдай болды. Жаңа пеш әлі орнатылмаған болатын. Қазандық 2014 жылы орнатылған пешпен жұмыс істеп тұрған еді», дейді Ә.Сапарбеков.
Бүгінде жарылысқа сапасыз отынның себеп болғаны да айтылуда. Аудандағы мектептердің қысқа дайындығымен адами әлеуетті дамыту бөлімі, яғни білім бөлімі айналысады. Бөлім облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасына дайындық бойынша есеп береді. Яғни ауылдағы немесе аудан аумағындағы мектептердің қысқа дайындығына бұрынғыдай, аудан әкімдігі, оның ішінде коммуналдық шаруашылық бөлімі араласпайды. Өйткені барлық аудандық, қалалық білім бөлімдері тікелей облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасына бағынады. Облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының хабарлауынша, Ошақтыдағы жарылыс бойынша арнайы комиссия құрылып, оқиғаның себептерін анықтайтын болады. Ал басқарманың жылу бөлімінің басшысы Марат Байжүнісовтің айтуынша, мектептердегі жылуға қатысты мәселеге толығымен аудандық білім бөлімдері, облыстық білім басқармасы жауапты. Осы арада жауапкершіліктің бәрін бір басқарманың мойнына артып қоя салған қаншалықты дұрыс деген заңды сұрақ туындайды? Білім басқармасында мектептердегі немесе балабақшалардағы қазандықтардың жағдайын, яғни жылу жүйесін жетік білетін мамандар жоқ та болар. Бүгінде қарамағында жүздеген мектеп, балабақшалары бар аудандық білім бөлімдерін тікелей облыстық білім басқармасына бағындыру оң нәтиже бермей отырғанын айтушылар көп. Аумағында жүзден астам білім ошақтары бар аудандар өңірде аз емес. Сол аудандар әкімдіктері бұрындары жүздеген мектеп пен балабақшалардың барлығын толық бақылауда ұстаудың, жыл сайын қажеттіліктермен толық қамтамасыз етудің өте қиын болғанын айтады. Жалпы, білім саласында жылу жүйелерінің жағдайын бақылауда ұстап, отын дайындаудан өзге де мәселе жетерлік. Олай деуімізге даулы мәселелер жиі көтерілетін басқармадағы ахуал да себеп болып отыр. Жуырда облыстық білім басқармасына екі жарым жыл басшылық еткен Рахымбек Жолаев қызметінен кетті. Осы жылдары Р.Жолаев аудандағы білім бөлімі басшыларымен бірнеше рет соттасуымен де есте қалды. Бірқатар сот отырыстарында басқарма басшысы жеңілді. Мысалы, «дипломы жалған» деген Төлеби аудандық білім бөлімінің басшысы Роза Аманова сотта басқарманы бір емес, бірнеше мәрте ұтып шықты. Р.Жолаев қызметінен алған Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майрихов сотта жеңіп, орнына қайта оралды. Алайда журналисті өлтіруге тапсырыс берді деген күдікке ілігіп, жуырда қамалды. Басқарманың экс-басшысы Р.Жолаев былтыр Nur Otan партиясының жергілікті филиалы өткізген жиында облыстағы бүкіл мектептер мен балабақшаларды игеруге шамасы жетпей жатқанын мойындаған да еді. Түркістан облысында 900-ден астам мектеп, 65 мыңдай педагог бар, білім ұяларында 500 мыңнан астам оқушы білім алуда. Яғни 900-ден астам мектеп қазандық арқылы жылытылады. Олардағы ахуалды қатаң бақылауда ұстап, талапқа сай ету педагогтер үшін оңай шаруа емес екені түсінікті де. Сондықтан да болар, білім саласын басқарудағы соңғы өзгеріске көңілі толмайтындар көп. Ошақты ауылында орын алған оқиғаның бір себебін осы өзгеріспен байланыстырушылар да аз емес.
Бұл мәселеге қатысты облыстық білім басқармасының пікірін біле алмадық. Өйткені басқарма басшысының орны бос. Айтпақшы, басшылары бірінен кейін бірі ұсталып, қамалып жатқан коммуналдық салаға жауапты облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында да бірінші басшы тұрақтамай тұр.
Түркістан облысы