Аймақтар • 24 Ақпан, 2022

Белсенді берекеге кенеледі

263 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қай кезеңде болсын тұрақты жұмыс орындарын ашу өте маңызды. Екі қолға бір күрек таппай қиналыңқырап қалған ауыл тұрғындары тұрақты жұмыс орындарымен қамтылып, ел көңілінде болашаққа деген сенімділік ұялай бастады.

Белсенді берекеге кенеледі

Зеренді ауданында 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Таразы басына тартып бағамдасаңыз, бұл өте үлкен көмек. Мемлекеттік бағдарлама бойынша онда­ған адам қайта даярлау курстарынан өтіп, жаңа мамандық игеруде.

40 мыңға жуық тұрғыны бар аудан­ ­кәсіп бастап, ырысын арттыруға мүм­кін­дігі зор қолайлы жерге орналасқан. Ең алдымен, бұл өлкеде туризм саласында тиянақты жұмыс істеуге әбден болады. Жадыраған жаз айларында мәңгі жасыл қарағайлар мен қолдың саласындай аққайыңдар көмкерген, күміс сулы көлдері тананың көзінде жарқырап жатқан жер жәннатына келушілер көп. Демек, бұл тарапта көңіл көзі түспеген кәсіп тұнып тұр деуге болады.

Соңғы жылдары жаппай кәсіпкерлікті да­мы­туға бағытталған мемлекеттік бағ­­­­­дар­л­амалар өз жемісін бере бастады. «Бас­тау – Бизнес» бағдарламасы бо­­­­йынша өткен жылы 58 грант та­ғайын­далып, жал­пы көлемі 34 млн теңгенің бизнесі қаржыландырылды.

– Ауданда ауыл шаруашылығы жақсы дамып келеді. Адамдардың да табыс­ты саланың тұғырын биіктетуге ынтасы зор, – дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Асан Сматов, – гранттың негізгі бөлігі мал шаруашылығына бағытталып отыр. Атап айтқанда, 29 грант осы салаға тие­сі­лі, 19 грант халыққа қызмет көр­се­ту саласына бөлінді. Оның ішінде жер­гілікті жағдайды ескере отырып, қо­ғамдық тамақтандыру орындарын кө­бей­ту көзделуде. Ел еңбекке ынталы. Сөзім дәлелді болуы үшін дәйек келтіру қажет болса, өткен жылы 170 адамның «Бизнес – Бастау» бағдарламасы бо­йын­ша білімдерін жетілдіргенін және олар­дың басым көпшілігінің өз істерін аш­қан­ды­ғын айта кетсем де болар.

Еңбек етсем деп ұмтылғандардың бірі – аудан тұрғыны Анастасия Гуслярова. Ол кәсібін қай тараптан ашу қажеттігін әбден ой елегінен өткізген. Көңіліне қолайлысы сән салоны болып шығыпты. Аудан тұрғындары үшін сұранысқа ие соны кәсіп. Әйтсе де, бірден бел буып кірісуге батпай, саланың салмағын, өзіндік ерекшеліктерін жан-жақты зерттеген. Тіпті елордадағы талаптыға берері мол арнайы біліктілік курстарынан да өткен. Осындай тыңғылықты дайындықтан кейін барып мемлекеттік бағдарламаға қатысып, грант ұтып алған. Астанадан 808 толқынды диодтық лазер сатып алыпты. Курс аяқталған соң сертификатын да иеленген. Қазіргі күні өз шаруасын ұршықша үйіріп отыр.

Алға ұмтылғандар аз болмағанымен, жұмыссыздық мүлдем жойылып кеткен жоқ, ресми дерек бойынша әлі де жетпістен астам адам жұмыссыз. Осы арада бұл мәселені шешуге бағытталған тиімді әртүрлі бағдарламалардың бар екен­дігін айта кетуге тиістіміз. Тек жа­ным­ды жалдап жұмыс істеп, табысым­ды көбейтемін дейтін ниет болсын деңіз.

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы