«Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсаты – әлемдегі ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылу. Бұл мақсат қазіргі күні бүкіл қоғамымызды қозғалысқа келтіруде. Өйткені, Елбасы стратегиясындағы жүктелген ауқымды міндеттер қоғамымыздың қай саласына да болсын қатысты екендігі анық. Осыған орай мерзімдік баспасөз беттерінде қоғам қайраткерлері, «Нұр Отан» партиясының мүшелері, Парламент депутаттары, қарапайым адамдар өз ой-пікірлерін білдіру үстінде.
Әрине, әлемдегі дамыған отыздық ортасынан орын алу оңай міндет емес. Бірақ, Стратегияны жүзеге асырудың прагматикалық тұрғыдан нақты қарастырылуы, бір сөзбен айтқанда, оның шынайылығы қазақстандықтардың алғы күндерге деген сенімін арттырып, жарқын істерге жігерлендіре түскендігі сезіледі. Мұны редакция поштасына күнделікті келіп түсіп жатқан пікірлер легі де дәлелдей түседі. Осыған орай біз бүгін сондай хаттардың бірінің иесі – Парламент Мәжілісінің депутаты, техника ғылымдарының докторы, профессор, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Виктор Киянскийге сөз бергенді жөн көрдік.
Өзіндік пішіні мен мазмұны жағынан алғанда, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауының бұған дейінгі жолдауларға қарағанда айтарлықтай айырмашылығы болды. Біріншіден, Тәуелсіздік сарайында өткен осы маңызды шараға әдеттегідей тек Парламент депутаттары ғана емес, атқарушы билік, сот, заң өкілдері, облыс, қала әкімдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, мемлекеттік, әртүрлі діни және қоғамдық ұйымдардың, сондай-ақ, БАҚ өкілдері қатысты. Әсіресе, еліміздің барлық өңірінен көптеген азаматтар келіп, Жолдауды тыңдап үлкен әсер алғандығын айта кеткен жөн. Бұл алдағы уақытта да дәстүрге айналатын шығар.
Жолдаудың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деген тақырыбының өзі ұтымды таңдап алынған, Президент өз сөзінде оның барлық негізгі басымдықтарын ашып көрсетті және терең мағынасын тарқатып айтып берді. Мәтін бойынша соңында айтылғанмен, ұлттық бірлік мәселесі Жолдаудың өне бойына арқау болды. Ұлттық бірлік идеологиясы өзінің төңірегіне Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстарды біріктіреді. Біз біртұтас Қазақстан халқы жолына біртіндеп түсіп келеміз. Кім қашан бұл аумаққа көшіп келгеніне және кім қайда тұратынына қарамастан, бәріміздің ұлттық бірлік идеологиясы төңірегінде топтасуымыз керек.
Әрине, Президент «Қазақстан-2050» Стратегиясын қандай бағыттар бойынша және қалай жүзеге асыру керек екендігіне жан-жақты тоқталды. Жолдау дегеніміз белгілі бір кезеңге арналған тактикалық құжат. Біздің енді «Қазақстан-2050» Стратегиямыз бар. Оны қалай жүзеге асыратынымыз туралы алдағы кезеңдерді қамтитын нақты айқындалған жоспар қажет болып еді. Осы Жолдауында соның бәрін Президент рет-ретімен көрсетіп берді.
Елбасы бұл жолы тағы да индустриялық-инновациялық даму мәселесін қозғады. Өйткені, ел игілігінің бәрі өндірісті арттырудан, ең соңында экономика өсімі арқылы келеді. Қалғандары осы салаларға қатысты өркендей алады. Мемлекет басшысы Үкіметке индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдық жоспарын «Бизнес-2020» жол картасымен үйлестіруді тапсырды және екінші кезеңінде қандай істер атқарылатынын, сондай-ақ тиімді даму жолдарын толыққанды айтып берді.
Әрине, Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесі туралы айтқанда, оның тек біз үшін ұлттық оқиға ғана емес, халықаралық маңызды іс-шара екендігін ұғынып отырмыз. Сол халықаралық көрме арқылы біз әлемдік қоғамдастыққа Қазақстанды көрсетуіміз керек.
Президент «жасыл» экономика бағдарламасы бойынша дүниежүзіне көрсететін жетістіктеріміз болуы керек екенін айқындап берді. Сонымен қатар, бізде жылдар бойы дамып келе жатқан энергетика, металлургия салалары бойынша базалық негізімізді көрсетуге тиістіміз. Сондай-ақ бюджетті қалыптастыруға қомақты үлес қосып отырған, айталық, тау-кен өндірісі саласы, мұнай мен газ өндіру саласының жетістіктерін де паш етуіміз керек.
Бір қызығы, кейбіреулер асығыстық танытып: «Ал енді бәрін жаңадан бастаймыз! Тек «жасыл» экономикаға көшуіміз керек! Ол экологиялық таза, пайдасы көп», деп ұрандап ала жүгіреді. Жоқ, ол да дұрыс емес. Біздің Президент кемеңгер талдаушы ретінде ешуақытта бар дүниені қиратпау керек екенін айтып жүр.
Әрине, «жасыл» экономикаға бет бұрамыз. Бірақ оны қолымызда бар байлықтың негізінде құра білгеніміз жөн. Бұл маңызды ұстаным деп ойлаймын. Өйткені, біздің жерімізге Жаратқан иеміз мұнай мен газдың және көмірдің мол қорын берген. Бірін жойып немесе екіншісіне қарсы қоймай, бәрін де кешенді түрде істеу керек. Болашақтың энергиясы – интеграцияланған энергия.
Әр елдің өзіне тән болашақ энергиясы бар. Яғни, әр елдің ерекшелігіне байланысты болмақ. Мәселен, теңіз жағалауында тұратын елдер жел және гидроэнергетиканы пайдаланады. Ал шөл далалы жерлерде орналасқан елдер қазір Күн энергиясын алу тәсілін өте қарқынды дамытуда. Ал бізде жер асты байлығы мол. Мысалы, қазір Батыс Қазақстан облысында жылу электр орталықтары газбен жұмыс істеп тұр. Бұл аралық уақытта пайдаланатын энергетика деп ойлаймын. Ал ертеңгі күні жаңа энергия көздерін тарту мүмкіндігі туындауы мүмкін. Қарашығанақ газ конденсатында төрт газ турбинасы орнатылған, қазір өндіріс кешенін тәуелсіз энергиямен қамтамасыз етіп тұр және артық қалғанын Бөрлі ауданына таратады.
Жаңа энергия көздерін пайдалануға бірте-бірте, революциясыз көшуіміз керек. Сол секілді біз қазір атом энергетикасын пайдануымыз қажет. Әскери сынақ алаңдарынан көп зардап шеккен елімізде экологиялық мәселе өте өткір екені анық. Оның үстіне, Украина мен Жапонияда атом электр стансалары жарылғандығын білеміз. Әрине, ондай аварияның салдары адам айтқысыз апат. Ешбір елдің басына бермесін. Сондықтан да кейбір отандастарымыз «Бізге атом энергетикасы керек емес!» деп қарсылық білдіріп жүр.
Бірақ, ғылыми прогресті тоқтата алмайсың! Және де Қазақстан бүгінгі таңда тек қана атом энергетикасында емес, термоядролық энергетика саласын дамытуда үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Электр стансасы кем дегенде он жыл салынады, осы уақыт кезеңінде алдын ала ескерту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктері жетілдіріліп, принципті түрде өзгеріп, жаңарып жатады. Бұған дейін қайғыға алып келген оқиғаларды болдырмау шаралары бойынша тәжірибе мол жинақталды әрі құрылыс нысанында соның бәрі ескерілген. Біз уран кенінің аса мол қорына ие бола отырып, уранды қайта өңдеу бойынша Өскемен мен Қызылорда қалаларында қазіргі заманғы озық технологиясы бар кәсіпорындарымыз бола тұра, «Жоқ, атом зиянды, өте қауіпті, атом стансасын салмайық», деп бас тартып жүре берсек, бұл дегеніміз кері кету. Керісінше, қатерлі оқиғаны болдырмау тәсілдерін ғылыми тұрғыда жетілдіре беру керек. Президенттің де бізге айтып отырған ұстанымы – осы. «Ядролық энергетиканы дамытудың келешегін ұмытпау керек. Әлемнің таяудағы даму келешегінде арзан атом энергиясына деген қажеттілік өсе түсетін болады. Қазақстан – уран өндіруде әлемдік көшбасшы. Біз АЭС отыны үшін төл өндірісімізді дамытып, атом стансасын салуға тиіспіз», деді Н.Ә.Назарбаев.
Қазір нитронмен жұмыс істейтін жаңа түрдегі реакторлар бар, олар мүлдем қауіпсіз. Оған «Уран-235» отыны пайдаланылады. Әлемнің көптеген дамыған елдері қажетті энергияны осындай қуатты отын көздерінен алып отыр. Олардың нысанында жарылысқа алып келетін элементтер жоқ. Елбасы да егер біз энергетика балансына бірте-бірте жаңа энергия түрлерін қосып отырмасақ, бұл экономикалық тұрғыда тиімділікке қол жеткізе алмайтынымызды меңзеді. Яғни, біз экономикалық шығыны мол ескі технологиямен, бұрынғы құрал-жабдықтармен алысқа бара алмаймыз.
Елбасының осындай келешекте елді алға бастыратын салаларға ғылыми тұрғыда көз салатыны менің де көңілімді бір серпілтіп тастады. Сондықтан бұл Жолдау жан-жақты талқыланып, терең зерделенетін болады. Барлық салалардың бағыттары бойынша атқарылатын істер айқындалады.
Парламент депутаттары өңірлерге барып, Жолдауда қандай міндеттер қойылғаны жөнінде сайлаушылармен пікір алмасады. Ең бастысы, әрбір өңір Президент Жолдауын іске асыру мақсатында өздерінің нақты жоспарларын қабылдауы тиіс. Елбасы мемлекеттің даму жоспарының 2050 жылға дейінгі негізгі пішінін көрсетіп берді, ал біз оны өңірлерді дамытудың жоспары арқылы толықтыруымыз керек. Қуатты аймақтар барда қуатты мемлекет болатыны сөзсіз. Және де әр өңірдің өзіне лайықты, қолайлы энергетика көздерін пайдаланғаны жөн. Мысалы, Батыс Қазақстанда негізгі энергия көзін газдан алса, Қарағанды, Павлодар аймағында көмір арқылы өндіреді. Сол секілді Күн мен жел қуатын алуға қолайлы өңірлер де аз емес. Өйткені, энергияны алыс қашықтыққа тасымалдау өте тиімсіз. Әрі шығыны көп, әрі қымбатқа түседі.
Яғни, біз энергияны тек бір көзден алып отырумен шектелмеуіміз керек. Әртүрлі тиімді жолдармен алынған энергия қуатын ортақ «қазандыққа» жинау қажет. Бұл – ХХІ ғасырдың тренді.
2009 жылы қабылданған «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» арнайы Заң бар. Ол заң жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдаудың мақсаттарын, нысандары мен бағыттарын белгілейді. Алдағы уақытта да міндетті түрде бұл тың сала заңнамалық тұрғыда жетілдіріліп отыруы тиіс. Президент берген тапсырмасына орай жаңадан көптеген заң жобалары дайындалады. Оның ішінде кәсіпкерлікті дамыту, салық салу бойынша, атом энергетикасы туралы заң жобалары Парламентке ұсынылуы тиіс. Онда атом энергетикасын пайдалануда қауіпсіздікті күшейту, тәуекелдерді азайту, осындай нысандарда жұмыс істейтін бақылаушы органдардың жауапкершілігін арттыру бағытындағы толықтырулар енгізіледі деп ойлаймын.
Президент егеменді ел дамуының 22 жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалғандығын, олар көктен түспегенін, бұл құндылықтар уақыт сынынан өткен қазақстандық жол тәжірибесі екенін айқын жеткізді.
Соған орай, Президент Әкімшілігіне, Үкіметке, Қазақстан халқы Ассамблеясына «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысымен бірлесіп, «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін әзірлеуді және қабылдауды міндеттеді.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз өз халқымыздың игілігі жолында ұлы мақсаттарды алға қоямыз, сондықтан мен барлық саяси партияларды, қоғамдық бірлестіктерді, барша қазақстандықтарды 2050 Стратегиясының басты мақсатына жету жөніндегі жұмысқа белсене қатысуға шақырамын!» деді.
Біз қазір Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді білу көрсеткіші арта түскенін анық байқап отырмыз. Телеарналар тілшілеріне қазақ тілінде сұхбат беріп тұрған өзге ұлт өкілдерін жиі көреміз. Сондай-ақ, балабақшалар мен мектептерден дайындалған сюжеттерден де отандастарымыздың мемлекеттік тілге деген ықыласы арта түскені көрініп тұр. Бұрын балалар үйінде тәрбиеленушілер орыс тілінде білім алып, тек қана орысша сөйлейтін болса, қазір қазақ тілінде тәлім алуда. Балаға тіл үйретуді балабақшадан бастау жөніндегі Елбасы идеясының терең маңызы бар және оның орындалатыны жүрегімізге үлкен сенім ұялатады.
Қазақ тілін білу мәртебе саналуы керек. Және бұл ұғым қазір шындыққа айналып келеді. Мемлекеттік тілді меңгеру әрбір жастың қызмет жолында өсуіне де оң ықпал етеді. Елімізде өмір сүру барысында да тіл білгеннің пайдасы зор. Қазір қазақ тілінің қолдану аясы ұлғайып келе жатқанын көріп отырмын. Сонымен қатар, ешбір заңда жазылмаса да, қазақ тілін білген өзге ұлт өкілдеріне деген қазақтар тарапынан моральдық қолдаудың бар екені анық. Қазақтар өзге ұлт өкілі «Сәлеметсіз бе?» деп амандасса немесе бір-екі ауыз қазақша тілегін айтса, ең бастысы, тілге деген шынайы құрметін білдірсе, оларға әрқашанда ілтипатпен қарайды. Міне, осы тұрақты дамудың философиясы.
Виктор КИЯНСКИЙ,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
техника ғылымдарының докторы,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.
________________________________
Суретті салған Айдарбек ҒАЗИЗҰЛЫ.