Білім • 24 Ақпан, 2022

Тіл тағдыры – ел тағдыры

8905 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда Қазақстан бойынша бар­лы­ғы 7 550 мектеп бар болса, оның 2 075-і аралас мектеп екен. Орыс тілі мен қазақ тілі қатар жүретін мектептерде бүгінде 1 522 520 бала білім алып жатыр. Мәселен, елордада өткен жылы 8 мектеп ашылған. Оның тек екеуі қазақ, ал қалған 6-ауы аралас мектеп. Бұл мектептерге 15 мыңға жуық қазақ баласы барып жүр. Осы­лайша ел астанасындағы екі тілді бі­лім ошағының саны 50-ден асып кеткен. Ой­лантатын сан...

Аралас деген аты ғана болмаса, мұндай мектептерде білім алып жатқан оқушылардың дені орыс тілінде сөйлейді, орысша ойлайды. Мектеп қабырғасында ұйымдастырылатын түрлі іс-шара мен жиналыстардың барлығы ресми тілде өтеді. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бүгінде оқушылардың 70 пайызға жуығы қазақ тілінде білім алып жатқанын жиі айтады. Бірақ елімізде қазақ мектептерінен гөрі аралас білім ошақтарының көбейіп бара жатқанын елордадағы жағ­дай­дан-ақ айқын аңғаруға болады.

Аралас мектеп – қазақ тілінің өрісін тарылтып, мемлекеттік тіл саясатын өрге бас­тырмай отырған фактордың бірі. Өйткені дәл осы жүйе ұрпақты орыстандыру үшін жұмыс істеп отыр. Онсыз да санасы YouTube-пен уланып, тілі TikTok-пен шығып келе жатқан бала қазақ тілін қажет санамайды. «Орыс тілін білмесе, балам аш қалады» деген құлдық сезімнен кеңестік кезеңде арыла алмаған ұрпақтың тағдыры келесі буынмен жалғасып жатыр. Тәуелсіз елдің мемлекеттік тілі өз тұғырына толыққанды орнықпаған соң, орыс тілі өзінің әмірін жүргізеді. Қысқасы, ұлттық идеологияға аралас мектептердің ық­палы жүріп тұр. Жаныңа бататыны, орыс тілінде білім беретін мектептердің шаңы­ра­ғын құлатпай ұстап тұрғандар да алаштың ұрпағы. Ана тілінен гөрі басқа бір елдің – Ресейдің мемлекеттік тілінің қанат жаюына септесуімен қатар, сол мемлекеттің идео­ло­гия­лық темірқазығының нығаюына қызмет ететін болады.

Қазақ жерінде орыстілді оқушылардың саны қазақтілділерден көп. Бұл – факті. Тілдің тағдыры ұлтының тағдырымен тамырлас екенін түйсіне білген жан үшін бұл дабыл қағатын, қоғам болып қарсы иммунитет қалыптастыруға жан ұшыра жанталасатын факті. Алаш арыстары айтқан ұлтшылдықтың ең биік белесі де, ең басты белгісі де тіл. Әлем елдеріне көз тастасақ, ешбір елде өз ұлтының тілін білмейтін адам көш басына келіп, халқының тағдырлы мәселесіне араласқан емес.

Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлттың сақ­тал­уы мен жоғалуына да себеп болатын – халықтың өзі. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген сөзі бар. Ұлттың жер бетінде ұлт ретінде сақталуы да, жойылып кетуі де тілге келіп тірелетінін жан-тәнімен түсінген Алаш зиялысы «Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысатынын» да ескертіп кеткен еді. Сондықтан да келешекте қазақтілді ұрпақты қалыптастырамыз десек, қазірден қазақ мектебінің көшін түзеуіміз қажет. Өйткені қазақтың жанын қазақша сөйлеп, қазақша ойлайтын адам ғана жақсы түсініп, адал қызмет етері ақи­қат. Мемлекеттік тілді менсінбейтіндер мем­лекеттік мәселені, ұлттың проблемасын қа­лай шешеді?!

Егер тағы отыз жыл бойы «қазақ тілі­нің мәселесі қазақ мектебінің санымен шешіл­мей­ді» деп немқұрайдылыққа салынсақ, балаларға арналған қазақша контент санын көбейтпесек, қазақ­ты жинап алып, орыс тілінде жиын өткі­зуді тоқтатпасақ, мемлекеттік тіл­дің мәр­тебе­сін заңмен бекітпесек, биік мін­бер­­ден айтылар толық сөз қазақ тілінде ес­тілмесе, қолымызды тым кеш сермеп қала­мыз. Жасыратыны жоқ, осы уақытқа дейін мемлекеттік тіл екінші, тіп­ті үшінші кезектегі мәселе ретінде қаралып келді. Ал дәл қазір арқаны кеңге салатын кез емес. Тіл тұтастығы – жер тұтастығы екенін ұғын­сақ, батыл әрі нақты қадам жасауға кө­шуі­міз керек. Өйткені Жаңа Қазақстанның тіре­гі ұлттық құндылық пен идеологияның негізі – тілде жатыр.

Қазір әлем жұртының назары Украинада. Мемлекеттің ішінен мемлекет шығару – кез келген ұлт үшін үлкен қауіп. Бұл елдің тағы екі облысынан айырылуы түптеп келгенде бірліктің биліктен ғана емес, тілдің тұтастығынан басталатынын түсіндіріп берді. Себебі тілі тұтас елдің жері бөлшектенбесе керек. Тағы бір тарихи факті. Украинадағы төңкерістен кейін 2014 жылы Қырым мен Севастополь билігі Ресеймен қайта қосылу туралы референдум өткізгені естеріңізде болар? Дауыс берушілердің 96,7 пайызы Ресеймен қосылуға қарсы емес екендіктерін білдірді. Осылайша Украинадағы орыстілділердің бәсі басым түсті. Осының өзі бізге сабақ болуға тиіс.