Әдебиет • 24 Ақпан, 2022

Екі естелік

976 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жалпы, барлық адамның тағдыры естелікке толы. Естелікте сыр да, мұң да, шер де бар. Ең бастысы, мұнда замандар лебі, дәуірлер шындығы болады. Қазақ әдебиеті тарихының бір бөлігін негізінен естеліктер құрайды. Әдебиетшілердің әңгімелеріне зер салсақ, қазақ ұлтының басынан өткен кешегі қилы кезеңдер көрінісі, әртүрлі мінездердің жиынтығы, жалпы, сол уақыттың тынысы естеліктерінен анық сезіледі. Алаш арыстарын шетінен жазықсыз атып, жер аударған, тағдырын нақақ қиған қилы кезеңнің де шежіресін әдебиетшілер жазды. Қазақ даласында бірнеше жылға созылған саяси сүргін кезінде жер аударылған академик-сыншы Мұхамеджан Қаратаев туралы екі естелік те ардагер тұлғаның тауқыметке толы тағдырының бір бөлігінен сыр шертеді.

Екі естелік

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Академик Серік Қирабаев өзі­нің «Өмір тағылымдары» деген кіта­бында Мұхамеджан Қаратаев туралы жазады. Ғалым әңгімені 1948 жылдан, яғни студент болып жүрген кезінен бастайды. Елге барып, Жаман деген кісінің үйінде қонақ болып жатқанында, сол үйге жазушы Сейділ Талжановтың кел­генін, оның жазушылар ортасы туралы сұрағанын, Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл ат» шығармасын орыс тіліне аударғаны үшін айдалғанын жазады. «Мен сот­талғандардан қанша жазушы аман оралғанын сұрап едім, Өтебай Тұр­манжановты, Мұхамеджан Қара­таевты, Хасен Өзденбаевты атады. «Олардың ішіндегі ең сауаттысы және қараймай келгені – Мұхамеджан, сол жақтың өзінде, кітапханада отырып, көп оқыған», – деді. Және оның Алматыға рұқсат ала алмай, Жамбылға орналасқанын хабарлады», дейді. Жалпы, Мұхамеджан Қаратаевтың өмірбаянында оның сол кездегі Жамбыл қаласында жұ­мыс істегені айтылады. Көп жағ­дай­да Жамбыл педагогикалық учи­лищесінде сабақ берген делінеді. Мұны Серік Қирабаевтың естелігінің жалғасы да растайды. «1949 жылдың жазында студенттік демалысымызды «Просвещенец» демалыс үйінде өткізуге уәделесіп, А.Әбілқаев, Н.Ғабдуллин, М.Сәрсекеев деген достарыммен бірге сонда барған едік. Шілде айының іші болатын. Бізбен көрші бөлмеде бойы ортадан жоғарылау, етжеңді, көмірдей қара шашын шалқасынан қайырған, келбетті жігіт тұратын. Асханада да онымен қатар столда отырдық. Амандасып қана өтіп жүр­геміз. Бір күні түскі тамақ үстінде о кі­сінің қа­сы­ндағы адамдарға Жамбыл жө­нін­де әңгіме айтып отырғанына кезік­тім. Әңгімеге біз де құлақ түріп, кей жеріне араласып кетуге тура келді. Әңгіме Жам­был­дың Грузияға сапары жайында болатын. Ол кісі осы сапарда өзінің ұлы ақын­ның қасында болғанын айтты. Менің әртүрлі естеліктерден бұл сапар жөнінде, оған қатысқан адамдар жайлы мәліметім бар еді. Солардың аттарын іштей ек­шеп келдім де, «Сіз Мұхамеджан Қаратаев емессіз бе?», – деп сұрадым. Ол: «Ол кісіні қайдан білесіз?», – деп кері сұрақ қойды. Менің есіме Сейділ Талжановпен болған әңгіме түсті. Жасырмай оның мақалаларын оқығанымды, Жамбылмен барған делегацияны басқарғанынан хабардар екенімді айттым. Ол өзінің сол кісі еке­нін мо­йындады. Осыдан бастап әңгі­ме әдебиет жайына ауысып, Мұқаңмен жиі кездесіп, пікірлесіп жүрдік. Өзінің Ал­ма­тыға орналаса алмағанын, Жамбылда пе­д­­­-
у­чилищеде сабақ беріп жүргенін әңгі­ме­ле­ді», деп жазады. Арада бірер жыл өт­кен соң қайта ұсталып, жер аударылған екен.

Екінші естелікті жазушы Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» романында айтады. Әңгіме әуелі Айсұлу апай туралы болады. «Міне, осы апайымыз бір күні класқа бөтен кісіні ертіп келді. Қоладан құйылғандай шомбал денелі, түр-түсі тотыққан, дидары мейлінше пейілді, көзқарасы ибалы, жұмсақ кісі екен. Класқа кіргенде басындағы жасыл-көк қалпағын алып еді, толқын-толқын қара шашы көрінді.

– Ал, балалар, – деді Айсұлу апай, – бүгіннен бастап сендерге әдебиет сабағын мына ағайларың – Мұхаң, Мұхамеджан Қаратаев жүргізеді. Келген кісі басын иді. Қолындағы көк қалпағын қайда ілерін білмей, ары-бері қарады да, терезенің алдына қоя салды», дейді жазушы. Сонымен күндер өте береді. Өз естелігінде Шерхан Мұртаза «кластың есігін жартылай ашып, жылмиып сығалап жүрген» біреу туралы жазады. Ол Мұхамеджан Қаратаевты аңдып жүрген жансыз екен. Ол бала Шерханнан «Шәкәрім, Мағжан туралы айтпады ма?», деп сұрайды. Әлгі тыңшының аты Жора екен. «Тағы да бір көктем еді. Кластың есігін біреу ептеп тықылдатты. Ағай: «да», – деп айтып үлгергенше, баяғы сол алтын тісті, жылмақай Жора босағада тұрып, ағайды ымдап шақырды. Табалдырықта бірдеңе-бірдеңе деп сөйлесті. Ағай қайта оралып, журналды ала беріп еді, қолынан түсіп кетті. Еденнен еңкейіп қайта алды.

– Ал, балалар, сау болыңдар... – Есікке қарай беттегенде, аяғы кібір­тіктеп, қайта бұрылып:

– Мені біреу жамандаса сенбеңдер, – деді. Ішім бір пәлені сезді. Ал балалар аң-таң, бәрі аңқиды да қалды. Тек Ертай ғана гүрілдеп, сойдақ тістері ақсиып:

– Халық жауы, – деді.

– Оттама! – деді Ақтай. Кішкентай болса да, дәуден қорықпайды.

– Қайдағыны айтады екен осы да, – деп Гүлнәр бұртиды.

«Халық жауы». Қандай қаһар соққан зәрлі сөз. Ертай сонда маған қарап айтқан сияқты көрінді. Ертайдан қорқатын болдым. Түсіме кірмесе неғылсын.

  Терезенің алдында көк қалпақ қалып қойды. Мен көк қалпақты ала салып, әлгілердің артынан жүгірдім. Көшеге шығып қалған екен. Ағайдың екі қолы кісендеулі. Өзі кие алмайды. Өкшемді көтеріп, басына кигіздім.

  – Рахмет, қарағым, – деді ағай. – Менің күнімді сендерге бермесін.

  Жора маған жыланша жиырылып:

  – Жолама. Кет! – деді.

  Тағдыр екен, арада алты жыл өткен соң мен Мұхамеджан Қаратаевпен Алма­ты­да жолықтым», дейді Шерхан Мұртаза. Жазушының естелігінен шағын оқиғалар арқылы берілген сол кездегі шындықты көруге болады. «Халық жауы» деген сұмдық сөз балалардың санасына дейін сіңіп кеткені, қазақтың соңына қазақтың шам алып түскені сияқты шер жатыр. Бұл оқиға Шерхан Мұртаза Жамбыл қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы №5 мектептің интернатында оқып жүр­ге­нінде болған. Кейбір деректерде Мұха­меджан Қаратаевтың осы білім ошағында сабақ бергені айтылады. Бәлкім, ол заманда мұғалім жетіспеушілігі салдарынан бір адам бірнеше жерде сабақ берген болуы да мүмкін. 

Өмір дегеннің өзі тоқтамайтын ұлы керуен. Сарқылмайтын алып дария. Мұнда талай текті тұлғаның салып кеткен сара жолы бар. Көнермейтін көркем сөзі бар. Тағдырдың бұйрығымен Мұхамеджан Қаратаевтың Жамбыл қаласында болып, аз уақыт болса да еңбек еткені бүгінде тарихқа айналған. Серік Қирабаев пен Шерхан Мұртазаның естеліктеріне қарап отырсақ, екі естелік те бір кезеңді қамтып тұр. Яғни қырқыншы жылдардың соңғы бөлігі. Одан бері талай жыл өтті. Уақыт өзгерді. Бірақ естелік қалды. Ұстаз туралы естелік жазып отырған екі кісі де бүгінгі қазақ ғылымы мен қазақ прозасының кемеңгер тұлғаларына айналды. Әрине, ұлы тұлғалардың тағдырында көпшілікке беймәлім тұстар көп. Әсіресе жазықсыз қуғын көріп, тағдыр тауқыметіне түскен азаматтардың тағдыры ерекше. Сондықтан да ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын естеліктердің жөні бөлек болмақ.

 

Жамбыл облысы