Аймақтар • 25 Ақпан, 2022

«Парасат» – сансыз сауалға жауап алатын алаң

402 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп берген Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, Сайрам ауданында жүзеге асырылған «Парасат» пікірталас клубы жобасы туралы баяндады. Бұл жоба облыс­та­ғы өзге де аудан, қалаларға үлгі етіліп, бүгінде тұрғындармен кездесулер, ашық әңгімелесулер өткізілуде.

«Парасат» – сансыз сауалға жауап алатын алаң

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Президентке берген есебінде облыс әкімі экономиканың негізгі көр­сеткіші – жалпы өңірлік өнім көле­мінің өсімі былтыр 2020 жылмен салыс­тырғанда 4,7 пайызға артқанын айтып өтті. Ауыл шаруашылығы саласында 906,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 101,7 пайыз болған. Бұл нәтиже облыстың рес­публикадағы үлесі бойынша екін­ші орынға шыққанын көрсетеді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағ­дарламасы аясында 315 жоба қаржы­лан­дырылған. Өңірдегі құрылыс жұ­мыс­тарының көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,1 пайызға артқан. Түркістан қа­ла­сын түркі әлемінің мәдени-ру­ха­ни орталығы ретінде қа­лып­тас­­тыру жұмыстарының бірін­ші ке­зе­ңі аяқталып, әлеуметтік инфра­құрылымның негізі қаланған. Об­лыс­тың 2021-2025 жылдарға ар­налған жаңа кешенді жоспары бе­кі­­­тілген. Қасым-Жомарт Тоқаев Түр­­кістан облысында атқарылып жат­­қан жұ­мыс­тарға оң баға бере оты­­рып, қолға алынған жобаларды жал­ғастыруды және халықпен тығыз жұ­­мыс істеу мәселесін күшейтуді тап­сырды.

Халықпен тығыз жұмыс істеу ма­қ­сатында қолға алынған, Прези­дент­ке баяндалған «Парасат» пікір­та­лас клубы жобасы Сайрам ауда­ны­ның әкімі Ұласбек Сәдібековтің бастамасы екенін бұған дейін жазған бола­тынбыз. Қоғамдағы өзекті мәсе­ле­лерді тал­қылауды мақсат тұтқан пі­кірталас клу­бының VI ке­зек­ті оты­рысы жақында­ Сайрам ауда­ны Қара­бұ­лақ­ ауы­лында өтіп, жас­тар тәрбиесі тақы­рыбына арналды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қал­қаманов, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, қо­ғам белсен­ді­лері, зиялы қауым өкілдері, жас­тар және облыстағы барлық аудан, қала әкімдерінің идео­ло­гия жөнін­де­гі орынбасарлары, ішкі саясат бө­лім­дерінің басшылары қатысты. Пікір­талас клубында жастар өз ойларымен бөлісіп, өзекті мәселелерді ортаға салды. Әсіресе, жұмыссыздық жайы көп айтылды. Өңірде жаңа жұмыс орындарын ашып, жастарды тарту аса маңызды. Оты­рысқа өндіріс орындарының бас­шылары да қатысқан болатын. Олар жұмыс орындарына білікті, білімді мамандарды қабылдауға мүдделілік танытып, жас­тардан өз ісіне деген сүйіспеншілікті, ізденісті талап ететінін айтты. Сон­дай-ақ жиында жастар арасында суи­цид­тің жиілеп тұрғаны да айтылды. Об­лыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов бүгінде тиісті орындар осы мәселемен жүйелі түрде айналысуда екенін жеткізді. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде өз-өзіне қол жұм­сау деңгейі өткен жылдармен са­лыстырғанда айтарлықтай тө­мен­де­ген. Ал аудан әкімі Ұласбек Сәді­беков жастар мәселесін шешу мақсатындағы бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Мысалы, аудан орталығы Ақсукентте жастар орталығын ашу қажет. Осыған орай екі қабатты ғи­маратты күрделі жөндеуден өткізу үшін жергілікті бюджеттен қосымша қаржы қарастырылуда. Ол орталықта баспасөз мәслихаты, дөңгелек үстел отырыстарына арналған мәжіліс залы және жастар ресурстық орталығы қызметкерлеріне арнайы жұмыс бөлмесін ашу жоспарлануда. Сондай-ақ аудан әкімі жастармен еркін форматтағы кездесулер ұйымдастыру, еріктілердің жұмысын жандандыру қажеттігін айтты. «Бізде жастармен жүргізілетін жұмысқа жыл сайын 5 млн теңге қарастырылады екен. Енді бұл қаржы көлемін 31 млн теңгеге дейін ұлғайтамыз. Қоғамда жас­тардың рөлін арттыру мақсатында түрлі бағыттағы жиындарға, кездесулерге белсенді жастар өкілдерін қа­растыру, спикерлерді дайындап көш­басшыларды анықтау да ма­ңызды. «Парасат» пікірталас клу­бы­ның құрамына арнаулы оқу ор­нында және салаларда еңбек ететін, сон­дай-ақ әлеуметтік желілерде белсен­ділігі жоғары жастарды тартып тиімді жұмыстар жүргізуді жоспарлап отырмыз. Ауылдық округтерде «Әке­лер мектебі» жастар ресурстық орталығымен бірлесіп жұмыс атқа­ру­ы керек. Жастар арасындағы құ­қық­­бұзушылық, ерте жүктілік се­кіл­ді мәселелерді қатаң бақылауға алу, имамдар мен теологтердің жас­тардың діни көзқарасын назарда ұстап, теріс діни ағымдарға түсіп кетуіне жол бермеуі де маңызды. Жас­тар­дың бос уақытын тиімді пай­далану мақсатында атқарылар жұмыстар да аз емес», деді Ұласбек Сәдібеков.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Сайрам ауданындағы бастама өңірде ке­ңінен қолдау табуда. Мыса­лы, жуыр­да Түлкібас ауданында «Па­ра­сат» пікірталас клубы құрылып, ор­талық мәдениет үйінде алғашқы оты­рысы өтті. Бірінші отырыстың күн тәртібінде ағын су мен жайылым жерге қатысты өзекті мәселелер қаралды. Қоғам белсенділері мен ардагерлер және қоғамдық ұйым өкілдері тарапынан жер, ауыз су, елді мекендерге ағын су келетін арық-атыздардың тазалығы, жар­на­малардың қазақ тілінде сауатты жазылуы сынды мәселелер де кө­те­рілді. Ал Арыс қаласында өткен «Парасат» пікірталас клубының ал­ғаш­­қы отырысында алдымен «Әже­лер алқасының» белді мүшелері жастар мен бала тәрбиесі жайында арнайы баяндама жасап, көпшілікті ашық пікір алмасуға шақырды. «Қаламыздағы өзекті мәселелерді осын­­дай басқосуларда ашық тал­қы­лап, халық арасында кеңінен түсіндіру жұ­мыстарын жүргізіп, шешу жолдарын қарастырғанымыз жөн», дейді қала әкімі Гүлжан Құрманбекова.

Ал Қазығұрт ауданында құрылған «Парасат» пікірталас клубының ал­ғашқы отырысын аудан әкімі Арман Абдуллаев жүргізіп отырды. «Па­ра­сат деген салмақты сөз. Бі­рін­­ші өзіміз парасатты болуымыз ке­рек. Пікірталас мақсаты – ортаға са­лын­ған мәселелерді зерттей отырып, ақиқатты айту, талас мәселенің ше­ші­мін іздеп табу. Пікір алмасу – дұ­рыс­тыққа көз жеткізудің ең тиімді тәсілі. Айтқан сөзіміз, көтерген мә­се­леміз – жеке басымыз емес, көп­ші­ліктің қамына бағытталуға тиіс», деді аудан әкімі. Пікірталас клу­бының әрбір отырысында аудан тұр­ғындарын сапалы ауыз су, табиғи газ, электр энергиясымен қамту, жер мәселесі, қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру, этносаралық қарым-қатынастарды нығайту, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларды қолдау шаралары туралы, әлімжеттік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытындағы өзекті мәселелер ортаға салынбақ. Ал Сайрам ауданында клубтың келесі отырысында қаржы пирамидасы, жедел қаржы беру меке­мелерінің заңсыз әрекеттері талқы­ла­нады.

Айта кетелік, пікірталас клубы­ның отырыстарында жергілікті жер­дегі өзекті мәселені ортаға салушы тұрғындар Мемлекет басшысы елдегі азаматтардың арыз-өтініш­терін ескеретін, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын дамы­тып, әлеуметтік мемлекет құруды, баға тұрақсыздығы мен қымбат­шы­лықты ауыздықтауды, олигар­хия­лық әділетсіз жүйені жоюды стра­те­гиялық міндеттер ретінде алуы – елді тұрақтылық пен бейбітшілікке, эко­но­микалық даму мен гүлденуге алып баратынына сенім білдіруде.

 

Түркістан облысы