«Елімізде туберкулездің алдын алу, диагностикалау және емдеу тегін жүргізіледі. Қазақстан бюджет қаражаты есебінен халықаралық стандарттарға сәйкес туберкулезді ерте диагностикалаудың, емдеудің және алдын алудың ең заманауи әдістерін енгізген санаулы елдердің қатарына жатады. Туберкулезді ерте анықтау үшін ДДҰ ұсынған және халықаралық стандарттарға сәйкес келетін туберкулезді және дәріге төзімді туберкулезді бактериологиялық және молекулярлық-генетикалық диагностикалаудың жеделдетілген әдістері енгізілді», деп атап өтті Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры.
Ол бүгінде ауруды тез диагностикалауға арналған жабдықпен барлық аймақтық туберкулезге қарсы мекемелер мен аудандық деңгейдегі зертханалар (барлығы 128 xpertmtb/RIF аппараттары) қамтамасыз етілгенін айтты. Туберкулез жағдайларының 99,9%-ы диагностиканың жаңа жедел әдісінің нәтижесінде анықталады.
«Елімізде туберкулезбен ауыратын науқастарды емдеудің тиімділігі әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. 2021 жылы сезімтал туберкулезбен алғаш анықталған науқастар арасында 87,5%-ды, ал дәріге төзімді туберкулез 82,5%-ды құрады, бұл әлемдік стандарттарға сәйкес келеді», деп толықтырды М.Әденов.
Оның сөзіне қарағанда, мұндай көрсеткіштерге туберкулездің таралуына жол бермеу жөніндегі негізгі шараларды күшейту арқылы қол жеткен. Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы алдын алу және емдеуден басқа, қоғамда науқастарды кемсітпеуге қамқорлық жасайды.
Сонымен қатар Ұлттық фтизопульмонология орталығының директоры Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне арналған айлық 24 ақпаннан 24 наурызға дейін жалғасатынын жеткізді. Айлық аясында фтизиатр, фтизиопедиатрлардың тегін кеңестері, тұрғындарды флюорографиялық тексерістен өткізу сияқты ауқымды акциялар жоспарланған.
«Пациенттердің емделуге бейімділігін арттыру мақсатында жергілікті атқарушы органдар, үкіметтік емес ұйымдардың көмегімен емделушілердің амбулаторлық сатысындағыларға психо-әлеуметтік қолдау көрсетілді. Оған қоса 2021 жылы науқастардың 92%-на әлеуметтік көмек көрсетілді», деді М.Әденов.
Сонымен қатар ол азаматтарды аурудың алғашқы белгілері кезінде дереу медициналық көмекке жүгінуге шақырды.
«Уақтылы анықтау және үздіксіз емдеу кезінде туберкулезді толық емдеуге болады. Туберкулезбен ауырған адамдар басқаларға қауіп төндірмей, оқып, жұмыс істей алады, әйелдер дүниеге дені сау бала әкеле алады және толыққанды өмір сүруге мүмкіндік бар», деді ол.