Мемлекеттің ең басты құндылығы адам ресурсы десек, ал адам денсаулығы – қоғамның өлшеусіз байлығы. Баршаға аян, Елбасы биылғы Жолдауында денсаулық сақтау саласына, оның ішінде саламатты өмір салты мен адамның өз денсаулығына жауапкершілігін арттыру мәселесіне үлкен ден қойып, жаңа міндеттерді алға тартты. Әрине, Жолдаудың орындалуы ең алдымен жергілікті жердегі атқарушы органдардың, мекеме басшыларының осы бағыт-бағдардағы жүргізіп отырған саясатына тікелей байланысты. Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Махамбет БЕЙДАЛИМЕН әңгімеде аудандағы осы бағытта атқарылып жатқан нақты шаралар жайында болмақ.
– Махамбет Бейдалыұлы, еліміздің күнгейіндегі бас шаһардың ең ірі әрі элиталық ауданын басқарғаныңызға да біраз уақыттың жүзі болыпты. Әдетте, қай басшы болсын бірінші кезекте экономикалық салаға ден қойып, халықтың денсаулығын, оның тұрмыс сапасын жақсарту мәселесін соңына қалдырып жатады. Сіздің ұғымыңызда саламатты өмір салты дегеніміз не, оны қалай түсінесіз?
–“Халық денсаулығы – ол Қазақстанның өзінің стратегиялық мақсаттарына жетудегі табысының ажырамас құрамдас бөлігі” деп Мемлекет басшысы Н.Назарбаев биылғы дәстүрлі Жолдауында атап өткеніндей, шынында да, қоғамның дамуы, әр түрлі бағдарламалардың, мейлі ол мемлекеттік, не мемлекеттік емес болсын, қандайда бір жүйелі істердің жүзеге асуы тікелей адамға байланысты. Оның тұлғалық қасиеттеріне, қабілеттеріне, интеллектуалдық мүмкіндіктеріне, денсаулығына, сайып келгенде, ішкі жандүниесіне және өмірлік күшіне тәуелді. Осы тұрғыдан қарағанда, Елбасы айтқандай, саламатты өмір салтын қалыптастыру ең маңызды мәселенің бірі және ол мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып табылады. Елдің денсаулығын көтере отырып, Елбасы халықтың кем дегенде 30 пайызының спортпен айналысу қажеттігін алға тартты. Қалай дегенде де, дене шынықтыру мен спорт, саламатты өмір салтын қалыптастыру, жастарды рухани тәрбиелеу азаматтар денсаулығын жақсартудағы ең маңызды құралдардың бірі. Осыған байланысты, жергілікті атқарушы органдардың бірінші кезектегі міндеті – барлық тұрғындар үшін қолайлы спорт және дене шынықтыру бағытында шаралар ұйымдастыру.
Әлбетте, ертеңгі күні дамыған, бәсекеге қабілетті елдер қатарынан көріну үшін халықтың денсаулығын жақсартуымыз керек. Жастарды есірткіден, ішімдіктен, темекіден және басқа да жаман әдеттерден алшақ ұстағанымыз абзал. Бұл әрі әрбір ата-ананың, әрбір отбасының міндеті де.
Бүгінде кейбір адамдардың түсінігінде денсаулық аурухана, емхана, дәрі-дәрмек ұғымдарымен араласып кеткен сияқты. Көп азаматтар өзінің денсаулығын ауыра бастағанда, болмаса бір жері жарақаттанған кезде ғана есіне алады. Сөйтіп, дәрігерге барып, түрлі дәрілерді іше бастайды. Меніңше, мұндай шаралар адам денсаулығын жақсартпайды, тек аурудың әрі қарай дамуын, оның асқынып кетуін ғана тоқтатса керек. Оның үстіне дәрі құрамындағы химиялық заттар бір жағынан емдесе, екінші жағынан зақымдап отырады. Сондықтан, емделуді ғана ойламай, сол аурулардың алдын алу мәселелерін қарастыру қажет. Ол – дене шынықтыру, спорт.
Адамның өмірлік күші немесе өмірлік қуаты деген түсінік бар. Оның деңгейі адамның денсаулығына, психологиялық және көңіл-күйіне, жалпы ішкі жандүниесіне тәуелді болады. Дана халқымыз айтқандай, “Дені саудың – жаны сау”. Егер адам әр уақытта дене шынықтырумен айналысып, әр уақытта өзінің денсаулығын түзету үшін түрлі спорт жаттығуларын орындап отырса, ол тек дені сау болып қана қоймай, өмірдің барлық саласында табысты болуына мүмкіндік жасайды. Бірақ, спортпен айналысу керек екен деп мөлшерден тыс дене шынықтыру жаттығуларын жасаудың қажеті жоқ. Әр нәрсенің өзінің жөні, реті болады. Қазіргі таңда бізге саламатты өмір салтын қалыптастыру, оған бұқара халықты тарту үшін арнайы ғылыми-зерттеулер негізінде жасалған сауықтыру бағдарламаларын жасау қажет. Сол бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы стратегиялық міндеттердің бірі – дені сау ұлтты қалыптастыра аламыз.
– Ендеше, Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен құрылған Ұлттық саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығымен байланыстарыңыз қалай? Өйткені, жұмыс жүйелі түрде жүру үшін осындай маманданған мекемелермен жұмыс жасаған, әлбетте, тиімдірек болса керек...
– Дұрыс айтасыз. Саламатты өмір салтын қалыптастыру үшін оған қажетті инфрақұрылымды дамыту қажет. Әркім өзінің денсаулығына өзі жауапты. Солай бола тұрса да, бүгінгі күні мемлекет бұл мәселеден шет қалып отырған жоқ. Қазір біз саламатты өмір салтын дамыту үшін, жоғарыда айтқанымдай, ғылыми-зерттеулерге негізделген және халықаралық тәжірибеге сай сауықтыру бағдарламаларын жасауымыз қажет. Осы ретте өзім көп жылдар бойы сауықтыру мәселелерімен айналысып, тиісті бағдарлама жобасын әзірлеумен шұғылданып жүрмін. Халықты сауықтыру бағдарламасы адамдардың денсаулығын жақсартуға, әр түрлі сырқаттардың алдын алуға, спортпен, дене шынықтырумен үнемі және тұрақты түрде айналысуға бағытталған. Жобаның тағы бір ерекшелігі, ол халықты тек спортқа баулу ғана емес, денсаулығы мықты азаматтарды қалыптастырумен қатар, ерік-жігері мықты, өзіне сенімді азаматтарды тәрбиелеп шыға аламыз. Ендеше, спорт тек дене шынықтыру емес, сонымен қатар тәрбие. Егер адамдар спортпен үнемі айналысып, дене шынықтыруда белгілі бір дәрежеге жететін болса, ол оның өзіндік “менінің” өсуіне әсер етеді. Адам спортпен шұғылдану барысында, ең алдымен, өзінің ішкі жандүниесімен, осал тұстарымен, әлсіздіктерімен бетпе-бет келеді. Шынығу ол өзінің өмір сүруіне, дамуына, өсуіне кедергі жасап жүрген әдеттерді жеңуге көмектеседі. Сондықтан ауданда спортпен айналысуды насихаттау, сауықтыру үрдісін жүзеге асыру мәселелері ерекше назарда. Бүгінде ауданда орналасқан мемлекеттік органдар, әр түрлі ұйымдар мен жоғары және орта білім беру орындарында тұрақты түрде осы сала бойынша жұмыстар атқарылуда. Мәселен, мектепаралық, жоғары оқу орындары арасындағы спартакиадалар өтеді. Оның жеңімпаздары аудандық, қалалық, керек десеңіз, республикалық деңгейдегі жарыстарға жолдама алады.
Біздің алдымызда, мемлекеттік орган ретінде, бұқара халықты жаппай дене шынықтырумен айналысуға тарту міндеті тұр. Дені сау ел болу – бұл біздің мүддеміз. Қазіргі таңда бәсекеге қабілетті болу идеясы кеңінен насихатталуда. Ол өзінің бастауын ең алдымен денсаулықтан бастайды. Адам ағзасы әр уақытта қандай да болмасын ауыртпалықтарға дайын болуы тиіс. Дене еңбегімен, тіпті, ой еңбегімен айналысатын адамдар жұмыс барысында бірталай күш жұмсайды. Спорт бір жағынан денсаулық кепілі, екінші жағынан төзімділік қалыптастыру факторы болып табылады. Міне, спорттың осы ерекшеліктерін ескерсек, оның адам өміріне, жалпы қоғамға тигізер пайдасы көп. Сондықтан ауданда спорттық-сауықтыру шаралары жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Мәселен, жыл сайын “Қырғауылды”, “Баспалдақ”, “Молочные старты”, “Ұлан” әскери-спорттық ойыны, “Былғары доп”, “Медеу марафоны”, “Айналайын қыздар, темекі шекпеңіздер!”, т.б. шаралар өткізіліп тұрады.
– Бүгінде ауданда қанша спорт кешендері, фитнеc-клуб, тренажерлік зал, бассейндер бар? Солардың барлығына бірдей халықтың қаншалықты қолы жетімді? Олай дейтінім, Мемлекет басшысы бағасын халықтың қалтасы көтеретін спорт залдар ашуды міндеттеді емес пе? Осыған байланысты қандай шаралар жүргізілуде?
– Қазіргі таңда аудан бойынша 60-тан астам спорттық ұйымдар, мекемелер жұмыс атқарады. Оның ішінде 3 спорт кешені, 5 фитнес-клуб, 10 тренажерлік зал, 2 бассейн бар. Алайда, бұлардың барлығы дерлік қымбат нысандар деп айтуға болмас. Мысалы, балалар үшін Медеу ауданының аумағында Оқушылар сарайы жұмыс істейді. Ол жерде спорттық, мәдени және қолөнер секциялары бар. Бұл секциялар жасөспірімдерге, жастарға тегін. Әрине, кейбір спорт кешендерінде жағдай басқаша. Нарықтық қатынас жағдайында әр нәрсенің затына сай құны болады. Бірақ, бұл мәселеге басқа қырынан қарап көрелікші. Көпшілік азаматтар қалтасынан ақша шығарғысы келмей, спорт кешендеріне, фитнес-клубтарға, тренажерлік залдарға бармайды. Ал бір жері ауырып, сырқаттанып қалса, дәрі сатып алып жатқан кезде оның бағасына мән бермей, қыруар ақша жұмсайды. Ол кезде “мына дәрі қымбат-ау” деген сұрақ екінші орынға шығады. Ал керісінше, ол азамат ауырмай тұрғанда денесін шынықтырып, спортпен айналысып жүрсе, мүлдем науқастанбауы мүмкін ғой. Сәйкесінше, дәріге қаражат жұмсаудың қажеттігі туындамайды. Халқымыздың ділінде денсаулық туралы ауырған кезде ғана ойлау қалыптасып қалған. Егер сіз бүгін спорт кешеніне барып, жаттығудан бас тартып, ақшаңызды үнемдейтін болсаңыз, ертеңгі күні одан да көп шығындануыңызға тура келеді. Міне, бұл мәселеге осы қырынан келу керек деп есептеймін.
Бүгінде мемлекет тарапынан спорт кешендерін, мекемелерін, мектептер ашу мәселелері алдыңғы қатарға қойылуда. Келесі жылы елімізде Қысқы Азия ойындары өтеді. Соған байланысты инфрақұрылымды дамыту, спорттық шараларды өткізу жұмыстары атқарылуда. Баршаға аян, қазіргі уақытта бүкіл әлемге танымал “Медеу” мұз айдыны, “Шымбұлақ” тау-шаңғы кешені жөндеуден өтуде. Бұл салада атқарылып отырған жұмыстардың барлығы халықтың мүмкіндігіне сай болатындай жағдайлар жасауға бағытталуда.
Біздің алдымызда тек спорттық кешендер ғана емес, сауықтыру орталықтарын жасау міндеті тұр. Осыған орай, алдағы уақытта аурухана, емханаларда орналасқан физиотерапиялық емдеу кабинеттерін сауықтыру орталықтарына айналдыру мүмкіндігін қарастыру қажет. Егер емханалар тек ауруды емдеп қана қоймай, оның алдын алумен айналысатын болса және ол бұқара халыққа қол жетімді болса, онда біз Елбасының дені сау ұлт құру идеясын жүзеге асыра алатын боламыз.
– Махамбет Бейдалыұлы қазір компьютер ғасыры, жас та, жасамыс та осы бір сиқырлы қобдишаның күндіз-түнгі тұтқынына айналған. Әрине, оның денсаулыққа әсері жоқ емес. Сондай-ақ, қазіргі жастар көлік мінгенді дәреже көріп, қарыс жер жаяу жүргеннен қалған. Яғни, қимыл-қозғалыс жоқ. Дәрігерлер мұндай жастардың денсаулығына алаңдаулы. Мәселен, шетелде де көлік мініп, компьютерде отырғанмен, олардың өз денсаулығына деген көзқарасы басқаша. Олар арнаулы спорт кешендеріне, түрлі залдарға баруды әдетке айналдырған. Халықтың денсаулығының қаншалықты маңыздылығын көрші Қытай елінен де үйренуге болады. Сол елге жол түсіп барғанымызда, таңертең әр ауланың тұрғындары дене шынықтыру жаттығуларымен айналысып жатқанын көріп таңғалдық. Сөйтсек, әр жеке пәтер иеленушілер кооперативінің өз жаттықтырушылары болады екен. Біздің тұрғындар да ол мекемеге аз ақша төлемейді, сондай штат ашуға болады ғой. Әкімдіктің ПИК-термен қарым-қатынастары қалай?
– Дұрыс айтасыз, қазіргі жастардың көпшілігі бос уақыттарын компьютердің алдында өткізгенді ұнатады. Күні бойы отырып, дене еңбегімен айналыспаған баланың толық физикалық дамуы қайдан болсын. Ертеңгі күні дені сау, дене бітімі мықты тұлға болуына кері әсерін тигізеді. Жақында көктемгі әскерге шақыру шаралары басталды. Медкомиссиядан өткен жастардың біразы әскерге жарамсыз болып қалуда. Осы мәселені шешу мақсатында мемлекеттік органдар алдында жастарды саламатты өмір салтына үйрету міндеті тұр. Осыған орай жасөспірімдердің тұрғылықты жері бойынша бос уақытын өткізуді ұйымдастыру үшін арнайы аула клубтарын ашу жұмыстары қолға алынған. Пәтер иелері кооперативтері өкілдерімен бірлесіп жылда жастар мен балалардың бос уақыттарын өткізу орталықтарын ашу дәстүрге айналған. Мәселен, “Алатау” клубы – спорттық-туристік бағытта жұмыс істеп, жасөспірімдердің бос уақытын өткізу орындарының бірі болып саналады. Клубта армрестлинг, гір көтеру, пауэрлинг, т.б. спорт үйірмелері бар. Бұл клубтан әлем және Азия, сондай-ақ, республика чемпиондары шыққан. Клубта жұмыс белсенді түрде жүреді. “Арлан” клубында спортпен айналысу үшін барлық жағдай жасалған. Клуб базасында каратэ, таэквандо, т.б спорт түрлері бар. “Самал” клубы №131 мектеп-лицей ғимаратында жұмыс істейді. Клубта спорттық бағыттағы футбол, баскетбол, волейбол және туризм, еркін, грек-рим күресі, дзюдо үйірмелері ұйымдастырылған. Алматы қаласының Мемлекеттік жастар саясатын дамыту қорымен бірлесіп, спорттық бағытта “Қайсар”, мәдени-идеологиялық бағытта “Көңілді ноталар” клубтары және №172 орта мектеп базасында спорттық-сауықтыру бағытында бос уақыт өткізу орталығы ашылды.
Cпорт – денсаулық кепілі. Бүгінде жалпы Қазақстан халқының алдында жоғары білімді, бәсекеге қабілетті ұлт құру міндеті тұр. Бұл заман талабы, қазіргі өмірдің шарты. Біз барша қазақстандықтарды дене шынықтырумен, спортпен айналысуға шақырамыз. Әр адам үнемі шынығу жаттығуларын орындауға үйренуі керек.
– Қай басшыға болсын өзі басқаратын ұжым қызметкерлерінен жұмысты талап ету үшін алдымен жағдай жасау керек. Мәселен, сіз басқарып отырған әкімдікте қызметкерлердің спортпен шұғылданып, денсаулықтарын түзеуге қандай шаралар жасалған?
– Соңғы жылдары мемлекеттік басқару саласын, мемлекеттік қызмет жүйесін дамыту, реформалау мәселелері ерекше назарда тұр. Бұл салада айтарлықтай нәтижелерге де қол жеткіздік. Жалпы мемлекет көп құрылымды, бір-бірімен тығыз байланысқан салалардан тұратын күрделі жүйе болып табылады. Сол жүйенің іс-әрекетін қамтамасыз етіп отырған қозғаушы күштердің бірі – мемлекеттік қызметкер, яғни адам. Қандай да міндеттердің орындалуы адамның мүмкіндіктеріне, әлеуетіне байланысты. Осы тұрғыдан келгенде, бүгінде біздің алдымызда басшы ретінде әкімдікте қызмет жасап жүрген әріптестерімізге өз міндеттерін атқаруға барлық жағдайларды қолайлы етіп жасау қажеттігі тұр. Бұл басқару қағидаттарының бірі болып табылады.
Қызметкерлердің денсаулығы, көңіл-күйі, жалпы олардың эмоциялық жағдайы еңбек өнімділігіне тікелей әсер ететін факторлар қатарына жатады. Мемлекеттік қызметкерлер өз міндеттерін атқару барысында жұмыс уақытында жан-жақтан түскен көптеген ақпараттарды талдап, түрлі шешімдер қабылдайды. Туындаған мәселелерді қарастырып, жалпы еңбек үрдісі барысында біраз күш жұмсайды. Сол себепті шығындалған күшті қалпына келтіру қажеттігі туындайды. Осы ретте біз аудан көлемінде мемлекеттік қызметкерлерді сауықтыру әдістемесін енгізіп, оларды кеңінен дене шынықтыру мен спортқа баулу мәселелерін қолға алдық. Бүгінгі күні аудан әкімдігі ғимаратында тренажерлік зал жұмыс істейді. Онда аппарат қызметкерлері, аудан тұрғындары келіп жаттығуда. Сонымен қатар, аптасына екі рет жұмыс уақытынан кейін спортзалда футбол, волейбол ұйымдастырамыз және де әр сенбі сайын аппарат қызметкерлерімен “Тереңқұр” өзені бойымен жаяу жүрумен, жүгірумен айналысамыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.