Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің түлектері үштарапты келісімшарт негізінде өздерінің болашақ жұмыс орындарында интернатурадан өтеді.
Оқуды бітірмей тұрып, жұмысқа орналасудың мұндай мүмкіндігі – мемлекеттік және әлеуметтік тапсырыс негізінде хирургтарды, акушер-гинекологтарды, терапевтерді, жалпы тәжірибе дәрігерлері мен педиатрларды мақсатты даярлау бойынша университеттің жоспарлы жұмысының нәтижесі. Қазақстан дәрігер кадрлармен қамтамасыз ету деңгейі бойынша әлемде 10-орын алады. Алайда, бұл ретте елімізде бастапқы буындағы және тар бейіндегі кәсіби мамандар тапшылығы әлі де сақталуда. Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінде жоғары білікті кадрлар даярлаудың стратегиялық міндеттерінің бірі – түлектерді міндетті түрде жұмысқа орналастыру.
Университеттің клиникалық даярлық және түлектерді жұмысқа орналастыру бөлімі жас мамандарға деген сұранысты талдауды жүзеге асырады, оларды бөлуді ұйымдастырып, жұмысқа орналасуларына, сол сияқты кәсіби тұрғыдан өсулеріне мониторинг жүргізеді. Мұндай жұмыс жүйелі түрде іске асырылады. Университет сайтында түлектер санын және олардың мамандықтарын көрсету жөніндегі мәліметтер банкі тұрақты толықтырылып тұрады.
Екінші жағынан, сайтта бос орындар туралы ақпарат беріледі, ол еңбек нарығын күн сайын мониторингтеу негізінде жүзеге асады. Мысалы, жұмыс беруші мамандықтар бойынша түлектер саны туралы мәліметтерді ғана емес, сонымен бірге, олардың қайда тұратыны, қаншасы ауылдық квота бойынша оқитыны туралы да мәлімет алады. Ал түлектер өз кезегінде өздерінің дипломды маман ретінде қай жерге керек екендерін нақтылайды. Нәтижесінде мұның барлығы жұмыс берушіге болашақ маманның оқу мерзімін ескере отырып, интернатураның, резидентураның қызықтыратын бағыттары бойынша өтінімдер жасақтауға мүмкіндік береді. Түлектермен және жұмыс берушілермен мұндай жұмыс құрылымы медициналық ұйымдардың жұмысы мен тұтастай республика бойынша денсаулық сақтау саласын дамытуды стратегиялық жоспарлауды қамтамасыз етеді.
Мақсатты жұмысқа орналастыру бағдарламасын іске асыруда жұмыс берушілер мен түлектердің арасындағы тікелей байланыс ең маңызды буын және солай болып қала береді. Сол себептен де университеттің жыл сайын өткізіп тұратын «Бос орындар жәрмеңкесі» – өте маңызды іс-шараның бірі. Биылғы жылы оған облыстық және қалалық денсаулық сақтау басқармаларының, қалалық, аудандық әкімдіктердің, медициналық ұйымдар мен бизнес-құрылымдардың 130-дан астам өкілі қатысты. Жұмыс берушілердің географиясы еліміздің барлық облыстарын қамтиды. Биылғы жылы біздің мамандарымызға мұқтаж ұйымдар 2243 өтінім берді. Солай болғанымен 2014 жылы мамандықтар бойынша түлектер саны мынадай: «Жалпы медицина» – 335, «Стоматология» – 39. Егер бұрын 1 түлекке 6 бос орыннан келсе, бүгінде бұл көрсеткіш қысқарды және 4 бос орынды құрайды. Бұл мемлекет дамуының оң динамикасын көрсетеді, себебі, дәрігер кадрларға деген тапшылық азайып келеді.
Жұмыс берушілер студенттерге өздерінің болашақ жұмыс орындары мен жасалатын жағдайлар туралы толық ақпарат береді. Мысалы, болашақ маман-медиктер өздерін күтіп тұрған жұмыс орны туралы деректермен қатар қандай әлеуметтік кепілдіктер берілетінін, тұрғын үй алу, көтерме сыйақы көлемі, балаларын балабақшаға, жарларын жұмысқа орналастыру жайында да жан-жақты мәліметтер ала алады. Сол сияқты интернатура мен резидентурада маманданудың белгілі бір бағыттары бойынша оқуды қаржыландыру мүмкіндігі де тікелей талқыланады. Былайша айтқанда, мүдделі тараптардың болашақ келісімшарт пен жұмыс жағдайының барлық қыр-сырын талқылауларына мүмкіндіктері бар. Жұмыс берушілерге де жоғары оқу орнындағы білім беру үдерісі, түлектердің таңдаған мамандықтары туралы толық ақпарат беріледі. Әріптестікті осылай ұйымдастыру жұмыс берушілер үшін де өте тартымды екендігі анық.
Университетіміздің биылғы түлегі Вадим Суворов ауылдық жерде жұмыс істемекші. Вадим Солтүстік Қазақстан облысындағы Қызылжар ауданының Бескөл ауылында хирург болып қызмет атқармақ. Жұмыс берушілердің жас маманға жасайтын жағдайлары оны толық қанағаттандырады. Оған тұрғын үйге пайызсыз несие, сол сияқты 70 айлық есепті көрсеткіш көлемінде көтерме сыйақы беріледі. Биыл оқу бітіретіндердің арасынан 210 түлек ауылдық жерлерде жұмыс істеуге ынта білдіріп отыр.
Алайда, қалада да мамандар жетіспеуі байқалады. Тіпті, бұл жағынан ауылдық жерлермен салыстырғанда көрсеткіш үш есе жоғары. Мысалы, Жезқазған қалалық орталық ауруханасы директорының орынбасары Ғабиден Аханов қазіргі уақытта өздерінің клиникасына алты маман жетіспейтінін айтады. Аурухана басшылығы кадрлар тапшылығын Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің түлектері есебінен шешуге ұйғарып отыр. Елімізде болашақ білікті маман дәрігерлер даярлап шығаруда бұл оқу ордасының беделі жоғары екені баршаға белгілі. Ғ. Аханов жас мамандарға аурухана басшылығы қала әкімдігімен бірлесе көмек көрсететінін жеткізді. Атап айтқанда, жергілікті билік көтерме сыйақы төлейді, ал клиника жалдайтын немесе қызметтік пәтер береді.
Жалпы алғанда, республикада дәрігер карлардың тапшылығын біртіндеп толтырудың нақты оң динамикасы байқалады. Түлектердің 60 пайызға жуығы бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына, ауылдық емханалар мен ауруханаларға жұмысқа барады.
Жұмысқа орналасудың кепілдігі – жастар үшін маңызды әлеуметтік басымдықтардың бірі. Еліміздің ауылдары мен қалаларына адал да арлы интерндер қызмет атқаруға бара жатыр. Олар өздері университет қабырғасында берген Гиппократ антына адал кәсіби мамандарға айналады. Біздің бұған сеніміміз мол.
Бақыт КӨШЕРОВА,
Қарағанды мемлекеттік университетінің проректоры,
медицина ғылымдарының докторы.