Күнделікті қоғам өмірінде дәрігерге қаралмайтын адам кемде-кем. Мейлі емхана, мейлі стационар болсын, ақ желеңді дәрігерлер ем іздеген жанның ауруына барлық кезде арашашы. Ал олардың мұқтаждығын елеп-ескеру қаншалықты деңгейде іске асуда? Бұл мәселеге Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Серікбол Мусинов өз көзқарасын білдірді.
– Елбасы Н. Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерін қолдауға бағытталған шараларды жүзеге асыру туралы тапсырма берген болатын. Осыған байланысты ойыңызбен бөліссеңіз.
– Мемлекет басшысы жыл сайын Қазақстан халқына арнаған жолдауларында денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөледі. Медицина қызметкерлері кәсібінің мәртебесін көтеру және оларды барынша қолдау үнемі Елбасының назарында. Биыл да медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мәселелеріне назар аударды. Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің әлеуметтік пакеттерін қайта қарастыруға қатысты тапсырманы еліміздің медицина жұртшылығы қуана қабылдады.
Себебі, науқастарды дерттерінен айықтыру үшін күн-түн демей, аянбай қызмет етіп жүрген медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау қажет. Өйткені, ауырып-сырқаған кез келген адам ең алдымен дәрігердің ақыл-кеңесіне жүгінеді, сол жазып берген дәрі-дәрмек арқылы шипа іздейді. Үмiтке үмiт жалғап, деннің саулығын, ғұмырдың ұзақтығын сабақтастырып жататын да солар. Медицина қызметкерлеріне адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін аса жауапты міндет жүктелген. Олар күн сайын мыңдаған операциялар жасап, он мыңдаған науқастарды қабылдап, емдеуде.
– Жыл сайын медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі шеңберінде «Өз кәсібінің үздігі» республикалық байқауы ұйымдастырылып тұратынын білеміз. Мұндай байқаулар дәрігерлердің беделін арттыратыны сөзсіз. Осы байқау туралы тоқталып өтсеңіз.
– Иә, жыл сайын маусым айында «Үздік дәрігер» ғана емес, «Үздік менеджер – денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушысы», «Үздік ауыл дәрігері», «Үздік санитарлық дәрігер, эпидемиолог», «Үздік провизор», «Үздік мейіргер» сияқты аталымдар бойынша республикалық конкурс өтеді. Конкурс кәсіптің беделін арттыруға, медицина қызметкерлерінің кәсіптік шеберлігін, бастамалары мен шығармашылығын жетілдіруге септігін тигізетін тамаша дәстүрге айналды. Кейінгі жылдары одан басқа «Денсаулық сақтау саласының үздік тәуелсіз сарапшысы», «Үздік донор» сияқты конкурстар да өтіп тұрады.
Өткен жылы алғаш рет диспансерлік есепте тұрған пациенттердің арасында «Үздік пациент» конкурсы өтті. Бұл конкурста Батыс Қазақстаннан келген Щудро Галина Николаевна 1-орынға ие болды. Мемлекет басшысы: «Өзінің жеке басының денсаулығын алдымен адамның өзі ойлауы керек. Егер денсаулықты ойлау әр отбасының шаруасы болса, онда мемлекет жүзеге асырып жатқан қадамдар әлдеқайда тиімді шығар еді», деп айтқан болатын. Конкурстың мақсаты да – халықтың өз денсаулығына ортақ жауапкершілігін және дәрі-дәрмек бойынша сауаттылығын арттыру. «Үздік пациент» атағына іріктеу критерийлері дәрігердің барлық тағайындауларын және ұсыныстарын орындау, дұрыс тамақтану және диета ұстау, негізгі дәрілерді үнемі қабылдау, зертханалық көрсеткіштердің деңгейін жақсарту, бір жылдың ішінде негізгі ауруы бойынша асқынулардың болмауы, яғни, қаралуға және тексерілуге тұрақты келіп тұру болып табылады. Осындай конкурстар өткізу әр пациент үшін аурулардың алдын алу және өз денсаулығын сақтау бойынша жақсы үлгі болып табылатынына сенімдіміз. Дәрігерлер де өз кезегінде әрбір пациенттің сауығып кетуіне барлық тәжірибесін, білімін жұмсайды.
– Халық медициналық көмектің сапасымен қанағаттанса, дәрігер туралы жақсы пікір қалыптасады. Дәрігерлер медициналық көмекті сапалы көрсетуге ынталандырыла ма?
– Медициналық көмектің сапасын арттыру үшін дәрігер «заман талабынан қалмай, ілесіп отыру керек», үнемі өзінің білімін жетілдіріп отыруға тиіс және тәжірибеде диагностика мен емдеудің заманауи әдістерін қолдану керек. Бүгінгі таңда ол үшін барлық жағдай жасалған. 2012 жылдан бастап стационарлық және стационарды алмастыратын қызметтерге ақы төлеу тарифінің құнына медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін қаражат енгізілген болатын.
«Ынталандырылған қызметкер және қанағаттанған емделуші» қарым-қатынас үлгісі құрылды. Жұмыс сапасын жақсарту үшін ынталандыру ретінде стационарлық медициналық ұйымдарда медицина қызметкерлерінің сараланған еңбек ақысының әдісі қолданылады. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының медицина қызметкерлері үшін жан басына шаққандағы нормативтің ынталандырушы компоненті қолданылып, ол медициналық көмек көрсетудің нәтижесіне қол жеткізгені үшін төленеді. Жаңа қарым-қатынас үлгісіне сәйкес, медициналық ұйым оқу бағдарламасының нысанын, түрін және оқытушы ұйымды, соның ішінде, қажеттілікке орай шетелдік ұйымды да өзі таңдай ала алады.
– Медицина қызметкерлері жыл сайын 20 мыңнан астам адамды өлімнен құтқарады екен. Басқа қандай цифрларды атар едіңіз.
– Бұл қарапайым сандар денсаулық сақтау жүйесі жұмысының негізгі нәтижесі. Тек 2013 жылғы сандарға тоқталатын болсақ, болжалды өмір сүру ұзақтығы – 70,45 жасты құрап (2012 жылы – 69,61), бір жылда 0,84 жасқа артты. Соңғы 5 жылда ана өлімі 3 есеге, нәрестелер өлімі 1,5 есеге азайды. Туберкулезбен сырқаттанушылық 10%, өлім-жітім 24% азайды. Санитарлық авиация республикалық орталығы 2013 жылы 1355 рет ұшып, 1813 дәрігерлік көмек көрсетті. «Денсаулық», «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздары 301 стансаның 64 мыңдай халқын дәрігерлік тексеруден өткізді. Трассалық дәрігерлік-құтқару пункттері бригадалары 719 рет жолға шығып, 2 мыңнан астам зардап шегушіге медициналық көмек көрсетті. 49 жылжымалы медициналық кешен дәрігерлері 871 мың адамды қарады. Қазақстанда 60 мыңнан аса кардиохирургиялық операция жасалды. 10 мыңнан астам ашық жүрекке ота жасалды. Өңеш және асқазан обыры скринингі бойынша 150 мыңнан астам адам тексеріліп, қуық безі обыры скринингімен 77 мыңнан аса ер адам қамтылды. Тік ішек обырына 900 мыңдай адам скринингтен өткізілді. Былтыр елімізде 177 адамға ағзалары алмастырылды, оның ішінде 130 бүйрек, 19 бауыр трансплантациясы жасалды. Бұл тізімді әлі де жалғастыруға болады. Мен тек кейбір көрсеткіштерге ғана тоқталдым. Осының барлығы салада еңбек еткен мыңдаған медицина қызметкерлерінің күнделікті адал еңбегі десем, артық айтпағаным. Айта кетейік, қазіргі таңда салада 67 мыңнан астам дәрігер, 155 мыңға жуық мейіргер және 13 мыңнан астам провизор мен фармацевт еңбек етуде.
Әңгімелескен
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».