Қазақстан • 28 Ақпан, 2022

Ерлан Қошанов: Президенттің батыл әрекеттері еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтады

264 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Ақмола облысына барып, өңірдегі бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысты. Сайлаушылармен кездесуге облыс әкімі Ермек Маржықпаев та қатысты, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Ерлан Қошанов: Президенттің батыл әрекеттері еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтады

Ерлан Қошанов сапарын елордадан 30 шақырым жерде орналасқан Шортанды ауданы Бозайғыр ауылындағы колледж-мектеп-интернаттан бастады. Мұнда ауылшаруашылық машиналарын жасау, дәнекерлеу, қоғамдық тамақтандыру бойынша және ақпараттық технология саласына мамандар даярлайды. 445 орынға арналған бұл мекемеде бүгінде 148 адам білім алуда.

Мәжіліс Спикері колледждің мате­риал­дық-техникалық базасымен танысып, профессор-оқытушылар құрамы­мен, студенттермен және жергілікті тұр­ғындармен әңгімелесіп, түйткілді мәселелерді тыңдап, оның шешу жолдарын талқылады.

Әңгіме барысында Мәжіліс Төрағасы еліміздегі бүгінгі ахуалға тоқталды. «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде жастарымызды арандатушылар өз мүдделеріне пайдаланып кетті. Алдағы уақытта осындай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін жастарға жұмыс беріп, оларды өнімді еңбекпен қамтамасыз етуіміз қажет. Жастардың болашаққа аяғын нық басуы үшін олар мамандық иесі атанулары керек. Сондықтан біз республика бойынша осы саладағы орта арнаулы білімді дамытуға жағдай жасап жатырмыз. Шынында да қаңтар оқиғасында Президенттің батыл шешімдері болмаса біз бүгін болашақтың мәселесін талқылап тұрмайтын едік», деді Е.Қошанов.

Жиын барысында белгілі болғандай, Ақмола облысының әкімдігі аталған колледжді жаңғыртуға мақсатты қаржы бөлу туралы шешім қабылдады. Депутаттар бұл жұмысты бақылауға алып, орта арнаулы оқу орындарына академиялық дербестік беретін заң жобасы бойынша жұмысты да жеделдетпек. Бұл олардың сұранысқа ие мамандықтар бойынша мамандар даярлауға мүмкіндік береді.

Одан әрі Мәжіліс Төрағасы қала мен жақын маңдағы елді мекендерді жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған Степногор қаласының жылу электр орталығында болды. Кәсіпорын қызметкерлері өз жұмыстары мен келешегі туралы айтып, Степногор қаласындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесінің жай-күйіне ерекше назар аударды. Ерлан Қошанов Степногор қаласы тұрғындарының мәселелерінен және магистралдық желілердің тозығы жеткенінен хабардар екенін атап өтті. Осы орайда облыс, қала басшылығына қажетті құжаттаманы дайындап, бюджеттік өтінім жолдауды ұсынды. «Біз өз тарапымыздан Үкіметке тиісті сауалдар жолдаймыз», деді Палата Спикері.

Кездесу барысында қоғамда кеңінен талқыланып жатқан көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару функцияларын меншік иелері қауымдастығына беру мәселесі қозғалды.

Е.Қошанов тұрғындарға қызмет көрсету шығыны мол көпқабатты ша­ғын үйлерді басқару бойынша өз ұсы­ныстарын Мәжіліске енгізуді ұсынды.

Мәжіліс Төрағасы жұмыс сапары аясында Бөгенбай батыр атын­дағы облыстық олимпиадалық резерв­тің ма­мандандырылған мектеп-ин­тер­нат-колледжінің ұстаз­дары және оқушыларымен де кездесті. Әңгімелесу барысында Мәжіліс Төрағасы спорт мек­тебінің тәрбиеленушілері әр жыл­дары бір емес, бірнеше рет Қазақ­станның намысын халықаралық дең­гейде лайықты қорғағанын атап өтті.

Сонымен қатар Ерлан Қошанов мектеп-интернатта туындаған жанжалды жағдайдан, оған Мемлекет басшысы назар аударып, пікір білдіргенінен хабардар екенін айтты. Мәжіліс Төрағасы оқушылар арасында тәрбие жұмысын күшейтуді тапсырды. Айта кету керек, 2000 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Премьер-Министрі болған кезде бұл мектепке, ашылғаннан кейін бірден келуінің өзіндік мәні бар.

Мәжіліс Төрағасы белгіленген тапсырманы жоғары деңгейде орындап отырған «Қазақстанның жылыжай технологиялары» кәсіпорнының ұжымымен бірге агроөнеркәсіп кешенін және жалпы өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін талқылады. Бұл ретте Мәжіліс Спикері тұрғындар үшін қолжетімді баға мен өсірілетін өнімнің жоғары сапасын сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Сондықтан компанияның одан әрі дамуы маңызды екенін айтқан Палата Төрағасы бүгін­де мемлекет шаруаларымызға барын­ша қолдау көрсетуге тырысып, қазір­дің өзінде түрлі қолдау құралдары енгізіл­геніне назар аударды. Бұл – инвес­тициялық субсидиялар, тыңайт­қыш­тардың, пестицидтердің, биоагенттердің құнын субсидиялау, жеңілдетілген несиелер.

Сапар барысында Мәжіліс Төрағасы жұмыс істемей тұрған балабақша ғимаратын аралап, Степногор қала­сының тұрғындарымен де кездесті. Тұрғындар ғимаратты Оқушылар сарайына айналдырып, қалпына кел­тіруге Мәжіліс депутаттарынан көмек сұрады. Осыған орай Мәжіліс Төрағасы Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамту туралы тиісті тапсырмасын атап өтіп, бұл мақ­сатты жүзеге асырудағы негізгі құралдардың бірі мемлекеттік тапсырыс арқылы бизнесті тарту екенін айтты. Мәжіліс Төрағасы балабақшаны жөндеуге жергілікті бюджет есебінен немесе басқа да көздерден қаржы бөлуді әкімдікке ұсынды.

Мәжіліс Төрағасы облыстағы медицина қызметкерлерінің түйткілді мәселелері мен ұсыныстарын тыңдап, «Виамедис» ЖШС филиалында дәрі­гер­лермен кездесті. Халықты сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етуде мемлекет пен бизнестің ынты­мақ­тастығының тиімділігіне тоқталған Ерлан Қошанов мемлекет-жекешелік әріп­тестігі мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануды ұсынды. Бизнес міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру және басқа да мемлекеттік тапсырыс құрал­дарының мүмкіндіктері арқылы меди­циналық мекемелерді салады және кадрларды тартады, мемлекет қаржы­лан­дырады.

Кездесу соңында Ақмола облысының тұрғындары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік берген «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезіндегі батыл әрекеттері үшін қолдап, алғыстарын жолдады.

Қазақстандықтар мемлекетті одан әрі дамыту ел ішінде өзара түсіністік пен келісім болған жағдайда ғана мүмкін екенін бірауыздан қолдайды. Көрші мемлекеттерде орын алған оқиғалар мұны тағы да айқын дәлелдеп отыр.