Қайткенде қылмыс азаяды? Қайткенде ізін суытпай ашылады? Қайткенде қылмыстың алдын алуға болады? Құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мәжілісінде осы сауалдар өткір қойылды. Облыс өңірінде өткен жылы қылмыс 2012 жылмен салыстырғанда 13,5 пайызға өскен. Құқық профилактикасының әр үш жылға белгіленетін өңірлік бағдарламасы шеңберінде 2011-2013 жылдары атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Бірақ облыс әкімі Нұралы Сәдуақасовтың айтуынша, қылмыспен күресте шепті бұзған, елең етерлік ештеңе байқалмады. Оның есесіне адам өлтіру, зорлау, ұрлық, бұзақылық секілді қылмыстың ауыр түрлері азаяр емес. Тіпті, облыстың кейбір аудандарында өршіп тұр деуге де болады. Мысалы, қылмыс Таран ауданында өткен жылы 96,8, Лисаков қаласында 85,9, Амангелді ауданында 77,3 пайызға көбейген.
Облыстық ішкі істер басқармасының басшысы Тілеген Мәткенов қылмыстың көбею көрсеткішін қылмыс сипатындағы келген дабылдың барлығын тіркегеннен деп түсіндірді. Сонда былтыр өңірде барлығы 25580 қылмыстық әрекеттер тіркелген. Аса ауыр қылмыстар азайғанымен, оның ашылуы да бұрнағы жылдармен салыстырғанда көңіл көншітпейді. Мысалы, алдыңғы жылы аса ауыр қылмыс 80 пайызға ашылып, кінәлілер дәлелденсе, былтыр бұл көрсеткіш 69 пайызбен шектелді. Сонымен қатар, алаяқтық фактілерінің төрттен бірі ашылусыз, ұрлықтың 7 пайызы да жұмбақ күйінше қалған. Облыс өңірінде есірткімен байланысты қылмыс түрлерінің көбеюі алаңдатарлық халде. Генерал есепті жылы 406 килограмм есірткі заттарының тәркіленгенін тілге тиек етті. Бұл алдыңғы жылға қарағанда 124 килограмға көп және 318 есірткі қылмысы анықталған. Қылмыстардың ашылып жатқаны да бұрынғыға қарағанда аз, яғни 12,2 пайызға кеміп кеткен.
Тілеген Мәткенов бұл мәселеде осы саланың материалдық-техникалық жағын нығайтуды, бақылау бейнекамераларының, бейнетіркемелердің жетіспеушілігін, облыста мамандар мен қызметкерлер санын 500-ге дейін жеткізу керектігін айтты. Бірақ бюджеттен ішкі істер ведомствосына бөлінген қаржыны аз деуге болмайды.
– 2011 жылдан бері облыстық ішкі істер басқармасының бюджеті 16 пайызға көбейді, өткен жылы ол 6 миллиард теңгені құрады. Қылмыстық жағдайдың нашарлағанынан басқа нәтижесін көріп отырғанымыз жоқ, – деді облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов.
Ал кадр мәселесіне келгенде тек сан қуу әдісі орын алып отырған сыңайлы. Қазір ауылдық-селолық округтердің барлығында учаскелік инспектор бар. Бірақ учаскелік инспекторлардың 30 пайызы ауылда тұрмайды. Олар да ауылдағы жерін қалада отырып өңдейтін «асфальттық кәсіпкерлер» секілді, өздері аудан орталығында немесе қалада тұрып, ауылда қызмет істейді. Жағдай міне, осындай.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.