«Қазақстан халқына» қорының Қамқоршылық кеңесі қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан және ауыр жараланған әскери қызметшілердің, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің, сондай-ақ кездейсоқ құрбан болған азаматтардың отбасыларына, көз жұмған және жараланған балалардың отбасыларына материалдық көмек көрсету туралы шешім қабылдады.
«Қаза тапқан әскери қызметшілердің, ішкі істер органдары қызметкерлерінің, Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің, кездейсоқ қаза болған азаматтардың отбасына 7 миллион теңге материалдық көмек көрсетіледі. Ал ауыр жарақат алған әскери қызметшілерге, ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлеріне, сондай-ақ жараланған балалардың отбасына 3 миллион теңгеден бөлінеді», делінген қор хабарламасында.
Сондай-ақ қор жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қаза болған құқық қорғау органдары қызметкерлері мен кәмелетке толмаған балалары бар бейбіт тұрғындардың отбасыларына қосымша қайырымдылық көмек көрсету бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.