28 Наурыз, 2014

Бас прокуратура Үсеновтің ісіне неге араласа алмады?

363 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

0-isaev-1

Алматыда 1 адамның өліп, 5 адамның жарақат алуына апарып соқтырған жол-көлік оқиғасын жасаған Мақсат Үсеновтің ісіне Бас прокуратураның араласа алмауының дәлелді себептері болды. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Нұрмаханбет Исаевтың сөзіне сілтеме жасаған Tengrinews.kz тілшісі хабарлады. «Бізге: «Прокурор қайта қарап отыр? Ол неге істің қысқаруына жол берген?» деген сауалдар қойылып жатады. Ал прокурор заңға (Қылмыстық кодекстің 67-бабы) қарайды. Ол қандай бір прокурор болса да, өзінің қызметтік уәкілдігін асыра пайдаланып, зардап шегушілердің ымыраға келулерімен істің қысқарып кетуіне тоқтау сала алмайды», - деп түсіндірді ол жоғарыда аталған жол-көлік оқиғасына байланысты. Бас прокурордың орынбасары күні кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматы қаласының дамуына арналған кеңесте сөйлеген сөзінде белгілі кісілердің жол-көлік оқиғаларын жасаған балаларының қатаң жазаға тартылулары керек екенін айтқанын баяндады. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бір күннің ішінде 67-бапқа енгізілетін өзгеріс дайындалып қойылды. Мен жуық арада бұл норма қабылданады деп ойлаймын. Сол кезде қылмыстық істер бойынша жұрттың ымырагершілікке баруларына жол берілмейді. Мен мұны әділ шешім деп ойлаймын», - деді Исаев. Еске сала кетейік, жоғарыда аты аталған Мақсат Үсенов 2013 жылғы 1 желтоқсан күні таң алдында Алматыдағы «Целиный» кинотеатрының маңында аялдамада тұрған екі жігіт пен төрт қызды қағып кетеді. Осы жол-көлік оқиғасы салдарынан бір жігіт қаза тауып, қалған бесеуі әртүрлі жарақат алады. Ал осындай қылмыс жасаушы жүргізуші оқиға болған жерден қашып кетеді. Алайда, кейін қашқын қолға түсті. Бұл оқиға артынша жұртшылық арасында үлкен резонанс туғызды. Осының салдарынан Мақсаттың «Астана ЭКСПО-2014» ұлттық компаниясында басшы қызмет атқаратын әкесі Қажымұрат Үсенов қызметінен кетуге мәжбүр болды. Бірақ жігіттің өзі жазадан аман қалды. Бұған зардап шеккендер жағының кешірім бергені себеп болған сияқты. Сонда да болса, соңынан қаза тапқан 23 жасар Мұрат Қарабалиннің анасы өзінің мұндай ымыраға бармағанын талай айтты. Алайда, бұл жанайқай соттардың құлағына бармаған сияқты. Тараптар келісімге келді деген түйінмен іс қысқарды. Сосын прокуратураның наразылығы бойынша Үсенов 48 күнге түрмеге қамалды. Жақында Мақсат түрмеден шықты. Оны туған-туыстары түрменің алдынан күтіп алып, бірнеше көлік болып тізілген кортежбен алып кетті. Құрыш Нұрымбет. Дерккөз: tengrinews.kz. Фото: tengrinews.kz.