Қазақ халқы кешегі қиын-қыстау заманда өзге этнос өкілдерінің басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді. Бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің арасында адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды. Бүтін нанын бөліп беріп, үйінің төрін ұсынды. Ешкімді де өзге деп өгейсінбей, бауырына басқан болатын. Сондықтан да біз, өзге этнос өкілдері қазақ халқына алғысымызды айтамыз. Қазақ халқының жері қандай кең болса, пейілі де сондай дархан.
Бүгінде бүкіл әлемнің Қазақстаннан үлгі алуына болады. Себебі достығы мен бірлігі мықты ел қашанда дараланып тұрады. Қазақстан жерінде өмір сүріп жатқанын мақтан тұтатын этностың бірі – біздер. Бұл мерекені тойлау барысында өскелең ұрпағымызға достық, бір-біріне деген құрмет пен сыйластық еліміздің басты байлығы екенін ұғындыру керек. Адамзат баласын өзара жақындастыратын құнды қасиет – оның адамгершілігі. Адамгершілігі мықты жанның әркезде де өзгелерге көмектесіп, алғыс алатыны анық. Біз алғыс айту арқылы арамыздағы достықты нығайта береміз деп ойлаймын.
Қазақстан – менің өз елім. Мен өз елімде еркін өмір сүріп жатқаным үшін қазақ халқына алғыс білдіремін! Сондай-ақ, мені бар мейірімімен тәрбиелеген ата-анама алғыс айтамын! Басты байлығым – балаларыма, бірге жұмыс істеп келе жатқан әріптестеріме де алғыс деймін! Жалпы, тек Алғыс айту күні ғана емес, әрдайым бір-бірімізге көмектесіп, бір-бірімізге алғыс айтып, алғысқа бөленіп жүрейік деп тілеймін!
Динара НҰРАЛИЕВА,
Тараз қаласындағы №34 мектептің директоры, «Вынхуа» дүңген этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі
Жамбыл облысы