Қоғам • 01 Наурыз, 2022

Жасампаз елдің жарқын күні

91 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде бірнеше жыл қатарынан маңызды да ауқымды мереке – Алғыс айту күні аталып келеді. Көктемнің алғашқы күні, яғни 1 наурызда мерекеленетін бұл күн – елжандылықтың, қазақстандық патриотизмнің және ымыра бірліктің көрінісі.

Жасампаз елдің жарқын күні

Бұл күні біз өзектен теппей, бауырына тартып, қанаты­мен су сепкен қарлығаштай қамқорлығына алғаны үшін Қазақ еліне алғыс айтамыз. Қиын-қыстау уақыт­та бір тілім нанымен бөлісіп, сүйеу болған қазағымыз­дың жерінде сол достық, сол келісім мен сол бейбітшілік сақталып келеді. Қазақ жері біздің – Отанымыз.

Елімізде тұратын барлық этностар бұл айтулы күннің мән-маңызын өте жақсы біледі әрі құрметтейді деген сенімдемін. Озбыр саясаттан зобалаң көріп, жапа шеккен түрлі этностар қазақ отбасыларынан пана тапты, Қазақ еліне осылайша сіңісіп кетті. 

Гертруда Платайстың естелігінің желісімен жазылған «Құрт – асыл тас» оқиғасын баршамыз жақсы білеміз. Дәруменге бай, ашыққанға қорек, аш-жалаңаш бала-шаға мен торыққан әйелдерге талшық болған қазақтың ұлттық тағамы құрт – шынында да қасиетті. Мереке қарсаңында Ассамблея жастары Қарағандыда құрт тарату шарасын өткізіп, осы күннің маңызын түсіндірді.

Мейірімділік, қонақжайлылық – осы күннің символына айналды. Мен бұл жарқын күннің жаңа мағынаға толы болғанына қуаныштымын. Жаңа  Қазақстан – бейбітшілік пен жасампаздық елі! Біздің жасампаз күштеріміз елдегі бейбітшілік пен келісімді одан әрі нығайтуға, игі істерімізге бағытталған. Бейбіт күн­нің батырларына айналған  құтқарушыларға, жас сар­баздарға, ақ халатты абзал жандар – дәрігерлерге алғыс ретінде сый-құрметімізді көрсеттік. Жақсылықты бағалай біліп, оған жақсылықпен жауап қайтару өзара сыйластық пен құрметке бастайды. Құндылықтардың қадіріне жете алған елдің келешегі зор.

Осы орайда «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени бір­лестігінің аталған мереке қарсаңында 2 млн теңгені құра­ған қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырғанын айта кеткім келеді. Осылайша, біз көпбалалы аналарға, мұқ­таж отбасыларға қолдау көрсеттік. Әлбетте, игі істер көп бол­сын! Туған жер – ол Ана! Ол бәрімізді өзінің жылуы­­мен және нұрымен өсірді. Біз оның риза­шылы­ғы­на бөленіп, Қазақстан жеріне бейбітшілік пен амандық тілейміз!

 

Увайс ДЖАНАЕВ,

Қарағанды облыстық «Вайнах»  чешен-ингуш

этномәдени бірлестігінің төрағасы

 

ҚАРАҒАНДЫ