Қоғам • 01 Наурыз, 2022

Ананың тілегі қашанда ақ!

615 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Менің жасым 73-те. Ақтөбе қаласында дүниеге келіп, осында орта мектепті бітірген соң Алматыдағы шет тілдер институтын ағылшын тілі бойынша тәмамдадым. Оқу бітірген соң Қайрат есімді Семейдің жігітіне тұрмысқа шықтым. Күйеуім екеуміз жарты ғасырдан астам бірге тұрмыс кешіп, алты баланы өсіріп жеткіздік. Қазір балаларым еліміздің әр өңірінде түрлі салада қызмет етіп жүр. Олардан бес немерем бар.

Ананың тілегі қашанда ақ!

Ұзақ жылдар бойы Семейде, Алматы­да, Ақтөбеде мектепте ағыл­шын тілі пәнінен сабақ бердім. Еліміз егемендік алған жылдары Атырауға «Теңізшевройл» компаниясына ауысып, ағылшын тілінің аудармашысы болып жұмысқа тұрдым. Өкінетінім, жолдасымның өмірден ерте кеткені. Ол 1996 жылы қайтыс болды.

Мен туған Отаным Қазақстанның бейбітшіл ел болғанын аналық жүрегіммен тілеймін. Экономикамыз өркендеп, балаларымыздың білімді, еңбексүйгіш, отаншыл болуы үшін ең алдымен үлкендер өнеге көрсетіп, оларға бағыт-бағдар көрсету керек деген пікірдемін. Ұлдарым мен келіндеріме, қыздарым мен күйеу балаларыма бала тәрбиесінде әлі де көмектесемін.

Өзім Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Аналар кеңесінің» мүшесімін және «Шатлык» татар мен башқұрт этно-мәдени бірлестігі жанынан құрылған «Ак калфак» кеңесін де басқарамын. Біздің бірлестіктің негізгі мақсаты – отбасы құндылығын дәріптеу. Бірлестік мүшелері көпті көрген бірнеше ұл-қыз өсірген аналар. Біздің алдымызға өмірлік қиын жағдайға тап болған жастар көп келеді. Олар­ға аналық ақыл-кеңесімізді айтамыз, қай кезде де асығыс шешім қабыл­даудан сақтандырып, тұрмыстық қиын­шылықты байыппен шешуге кеңес береміз. Мінездері жараспай қалып ажырасқалы жатқан талай жасты татуластырдық. Бірлестік мүшелері оқу жылы басталар алдында жалғызбасты аналарға балаларының оқу киімдері мен мектеп құралдарын алып беруді дәстүрге айналдырды.

1 наурыз – Алғыс айту күніне орай ең алдымен Қазақстанның аспаны ашық, бейбітшілік болсын деген тілегімді білдіремін. Бейбіт күннің қадірін білейік, қолымыздан келгенше адал еңбек етіп, Отанымыз­дың күш-қуатын нығайтайық, сали­қалы да парасатты ұрпақ өсірейік. Әрдайым жан-жағымыз тыныш болсын деп тілеймін.

Біз пандемияның әлемді бір уысқа сыйдырып жібергеніне куә бол­дық. Сондай қиын кезеңде халық ден­саулығы үшін жандарын шүбе­рекке түйіп, өз міндеттерін мүл­тік­сіз атқарған барлық медицина сала­сының қызметкерлеріне, үйде отыр­ған балаларымыздың білім алуы үшін аянбай еңбек еткен мұғалімдерімізге алғыс айтамын! Кез келген қиын­дықты пара­сат­­тылы­ғы­мызбен, ауыз­бір­­шілі­гі­мізбен жеңеміз! Еліміз аман, жұрты­мыз тыныш болсын!

 

Рамзия ЕСЕНБАЕВА,

Ақтөбе облысы ҚХА жанындағы «Аналар кеңесі» төрағасының орынбасары, «Шатлык» татар мен башқұрт ЭМБ жанындағы «Ак калфак» кеңесінің төрағасы