Алайда толғауы тоқсан тіршілікке толы мына заманда қауіп-қатердің аяқастында екенін ескере бермейміз. Екі жыл бұрын екі жасар сәбиімді қабаған ит талап, өлімші еткені әлі күнге есімнен кетер емес. Сол сәтте жанымды қоярға жер таппадым. Баламның жарақаты өте ауыр болды. Жедел жәрдем бригадасын шақырдық.
Атырау қаласының шетінен жаңадан бой көтерген «Жұлдыз» шағын ауданында тұрамыз. Шағын ауданға жедел жәрдем бригадасының келуін күтетін уақыт болмады. Оқиға болған жерге полиция қызметкерлері жедел жетті. Учаскелік полиция инспекторы Қанат Испусинов жедел жәрдемді күтпей, жарақаты ауыр баламды көлігімен облыстық балалар ауруханасына ала жөнелді. Полиция инспекторы осылай жедел әрекет етіп, жарақат алған баламның аман қалуына қолұшын созды.
Қабаған ит баламның бас сүйегін, қолын тістеген. Аурухана дәрігерлері баламның денесіндегі ит тістегеннен қалған жарақатына хирургиялық өңдеу жүргізіп, тиісті ем-домын жасады. Біраз күн аурухананың травматология бөлімінде емделді. Ал полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шарасын қолға алып, қабаған итті де, оның иесін де тапты.
Мен полиция инспекторына, дәрігерлерге баламның аман қалуына көмегін бергені үшін аналық алғысымды білдіруді жөн санадым.
Әйгерім АЙЫНҒАЗИЕВА,
Атырау қаласының тұрғыны