Аймақтар • 01 Наурыз, 2022

JasProKrg боты құрылды

191 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының жастар ресурстық орталығы жаңа­шылдыққа келгенде қамшы салдырмайды. Таяуда аталған орталық Telegram мессенджер платформасында жастардың жұмысқа орналасу, вакциналау, волонтерлік және дебаттық қозғалыстар, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдау сияқты өзекті де өміршең сұрақтарға жауап алуына көмектесетін JasProKrg ботын құрды.

JasProKrg боты құрылды

 

Қарағанды облыстық Жастар сая­саты жөніндегі басқарма басшы­сы Біржан Әлімжанов аталған бот­тың ай сайын жаңа ақпаратпен то­лық­тырылып отыратынын айтады.

– Жастар үшін ақпараттың не­гізгі көзі әлеуметтік желілер екені рас. Кө­бінесе олардың қыз­меті жа­рия­ланым­дармен және түсі­нік­теме­лерде хат алмасумен шектеледі. Жас­тарға түр­лі бағыттар бойынша ақпа­раттың қол­жетімділігін қам­тама­сыз ету үшін өткен жылдың көк­темінде бот құ­рылды. Оның көп­теген мүмкіндігі бар. Олардың қата­рында облыс бойынша жастар ресурс­тық орталықтарының байла­ныс деректерін ұсыну қызметі де бар, – дейді ол.

JasProKrg ботын пайдаланушы­лар бастапқы мәзірден өздерін қы­зық­тырған бөлімге өтіп, толығырақ ақпа­рат ала алады. Қазіргі уақытта бот во­лон­терлік қозғалысқа қо­сылуға мүм­кін­дік береді. Жастар өзде­рінің ерік­ті ұйымын тіркей алады немесе бұрын­нан бар ұйымға қосыла алады.

Сонымен қатар осы жерде қан­дай да бір іс-шараны өткізу үшін коворкинг-орталыққа өтінім қал­дыруға да болады.

Басқарманың барлық ірі жобалары туралы ақпарат та жалпыға ортақ ұсынылып, онымен танысу үшін ың­ғайлы орналастырылған. Олардың арасында Қарағанды облысы әкімінің гранттары да бар.

Б.Әлімжанов боттың негізгі қыз­меті жұмысқа орналастыру туралы бөлім екенін айтады. «Жастар практикасы», «Дипломмен – ауыл­ға!», «Алғашқы жұмыс орны», «Жа­сыл ел», «Қоғамдық жұмыстар» бағ­дарламалары жастарға уақытша да, тұрақты да жұмыс табуға мүм­кіндік береді.

Боттың басты артықшылығы – оны пайдалану оңай, әрі мобильді және жұмыс үстелінің барлық платформасында қолжетімді.

Бұдан бөлек Telegram-да JasPro­Krg_chat та құрылды. Онда жас­тар өздерін тол­ғандырған сұрақ­­тарды қойып, ма­ман­дардың толық­қанды жауабын ала алады.

 

Қарағанды облысы