Қоғам • 01 Наурыз, 2022

Қазақстанда мүгедектікті рәсімдеу жеңілдетіледі

791 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов Үкіметтің кезекті отырысында Қазақстанда мүгедектікті анықтау процесі жеңілдетілетіні туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда мүгедектікті рәсімдеу жеңілдетіледі

Шапкеновтың айтуынша, биыл проактивті қызметтерді 25 түрге дейін жеткізу жоспарлануда. Министр мемлекеттік қызмет көрсету кезінде ведомство жеке қызметке емес, азаматтың өмірлік жағдайына сүйенетінін атап өтті.

«Мүгедектік белгіленген және жәрдемақы мен оңалтудың техникалық құралдарын алған кезде денсаулығынан айырылған азаматтарға емхана, медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімі, Халыққа қызмет көрсету орталығы және әкімдік инстанцияларына жүгінуге тура келеді. Мемлекет басшысы 2021 жылдың ақпан айында НСОД отырысында мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша қолайлы жағдай жасауды, қағазбастылықты алып тастауды тапсырды. Осыған байланысты біздің министрлік денсаулық сақтау және цифрлық даму министрліктерімен бірлесіп, мүгедектікті сырттай анықтау бойынша шаралар қабылдады», деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірінде мүгедектікті анықтау үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Бұл ретте азамат тұрғылықты жері бойынша емханаға ғана жүгінеді, қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы адамның қатысуынсыз өтеді.

«2022 жылғы 23 ақпандағы жағдай бойынша сырттай форматта 6753 өтінім қаралды. Жалпы, биыл біз мүгедектігі бар азаматтардың 20%-ын осы тәсілмен қамтуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдар үшін 2021 жылдан бастап әлеуметтік қызметтер порталы енгізілді. Бұған дейін бұл азаматтар қажетті қызметтер мен техникалық оңалту құралдарын алу үшін әкімдіктер мен Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жіберілген болатын. Бұл өте ыңғайсыз болды, олар көп уақыт жұмсады, қызметтер кеш орындалды. Портал қызмет жеткізушілерін өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді, ал мемлекет тауардың немесе қызметтің құнын өтейді. Осының арқасында кейбір жағдайларда қызметтерді алу мерзімі алты айдан екі аптаға дейін қысқарды. Нәтижесінде 2021 жылы портал арқылы 371 мыңнан астам қызмет көрсетілді және оңалту бағдарламаларының орындалуы 2019 жылғы 62%-дан 2021 жылы 88%-ға дейін ұлғайды, ал биыл оңалту бағдарламаларының орындалу деңгейі 90%-дан асады деп жоспарлап отырмыз», деп қосты ҚР Еңбек министрлігінің басшысы.

Министр бүгінгі таңда әлеуметтік-еңбек саласында электрондық форматта 42 қызмет түрі немесе 45 Мемлекеттік қызметтің 93% ұсынылатынын, оның ішінде 21 қызмет немесе 43% проактивті түрде алынуы мүмкін екенін атап өтті.

2021 жылы барлығы 12,6 млн Мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның ішінде 9,1 млн немесе 72% электрондық түрде көрсетілді. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 12%-ға артық. 2025 жылға қарай барлық мемлекеттік қызметтердің 100%-ын электрондық форматқа көшіру жоспарланған.