Медицина • 01 Наурыз, 2022

Димаштың қолдауымен елімізге халықаралық қайырымдылық ұйымының көмегі келіп жетті

487 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2022 жылдың қаңтарында елордадағы «Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығына» (ҰҒОО) Project C.U.R.E. халықаралық қайырымдылық ұйымының гуманитарлық көмегі келіп жетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Димаштың қолдауымен елімізге халықаралық қайырымдылық ұйымының көмегі келіп жетті

Project C.U.R.E. жобасы бүкіл әлем бойынша медициналық құралдар мен жабдықтарды жеткізуге арналған коммерциялық емес ұйым. Жоба қызметі әлемнің 135-тен астам елін қамтиды және оның іске асырылуына жыл сайын 30 мыңнан астам волонтер қатысады.

Қазақстанның Project C.U.R.E жобасымен белсенді ынтымақтастығы 2020 жылдың желтоқсанында танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің АҚШ-тағы менеджері Дэвид Валера Рейносоның бастамасымен жүзеге асырылды. Әншінің MTV FRIDAY LIVESTREAM бағдарламасына қатысуы, Project CURE, IPZ брэнд елшісі атануы, сондай-ақ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы арқылы әйгілі Michael Kors брендінің иесі Майкл Корспен серіктестігі, АҚШ Президентінің инаугурациясын тойлау апталығында «SCI» (Sister Cities International) шарасының ашылуы шеңберінде өнер көрсетуі Д.Рейносоның ықпалымен ұйымдастырды.

Д.Рейносоның бастамасымен 2021 жылдың 16 қаңтарында TIXR американдық платформасында қайырымдылық аясында Димаш Құдайбергеннің алғашқы онлайн-концерті ұйымдастырылды.

Қазақстандық әнші мен Project C.U.R.E жобасының бірлескен жұмысының нәтижесінде Нұр-Сұлтан қаласының «Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығына» (ҰҒОО) медициналық құрал-жабдықтар мен материалдар жеткізілді. Медициналық орталыққа кереуеттер, мүгедектер арбалары, хирургиялық маскалар, қалпақшалар, қолғаптар, көзілдірік, бет қорғанысы, халаттар және N-95 бетперделері тапсырылды.

Гуманитарлық көмекті жеткізу бойынша барлық жұмысты Д.Рейносо мен жоба үйлестірушісі Қымбат Жақыпова басқарды.

2022 жылдың 21 ақпанында «DimashAli» шығармашылық орталығының жетекшісі Қанат Айтбаев, Қымбат Жақыпова және «DimashNews» редакторлары ҰҒОО-ға жеткізілген жүкті тексеру үшін келіп, орталық қызметкерлерімен сөйлесті.

Кездесу барысында ҰҒОО Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Сатыбаев Project C.U.R.E. жобасы шеңберінде жеткізілген медициналық жабдықтар мен материалдар емдеу процесіне белсенді түрде енгізілгенін айтты. Төсек-орындар палаталарда орнатылып, медициналық материалдар қолданылуда.

Оның айтуынша коронавирустық инфекциямен ауыратын онкогематологиялық науқастарға арналған мамандандырылған бөлімшеде жұмыс істеу барысында жеке қорғаныс құралдары ерекше рөл атқарды. Онкологиялық науқастардың иммунитеттерінің төмен болуына байланысты оларды жалпы стационарларға жатқызу өте қауіпті. Осыған орай аталған арнайы бөлім ҰҒОО базасында ашылды.

Бүкіл әлемді шарпыған пандемияға байланысты медициналық құрал-жабдықтар салынған қырық фут контейнерді Қазақстанға жеткізу бір жылға жуық уақыт алды.

«Ұлттық ғылыми медициналық орталық» басшылығы Д.Рейносо мен Димашқа қолдан келген көмегі үшін шексіз алғысын білдірді.

«Бұған дейін айтқанымдай, науқастарды COVID ауруханасына жібермей емдеу үшін біздің орталықтың базасында онкологиялық науқастарға арналған COVID бөлімі ашылды. Project C.U.R.E. жобасы көрсеткен гуманитарлық көмекті біз белсенді пайдаландық. Қазір эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты COVID-19 бөлімі жабылып жатыр, бірақ біз, әрине, пациенттеріміздің игілігі үшін барлық материалдар мен жабдықтарды белсенді түрде пайдалануды жалғастырамыз», - деді Қанат Сатыбаев.