Қоғам • 01 Наурыз, 2022

«Хабар» арнасындағы телемарафон кезінде үш баланың анасына үш бөлмелі пәтер сыйға тартылды

216 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Алғысым шексіз» мерекелік телемарафоны аясында «Хабар» арнасының тікелей эфирінде Ақмола облысының тұрғыны 3 бөлмелі пәтердің иесі атанды. Игі шара «Харекет» қайырымдылық қорының арқасында жүзеге асты, деп хабарлайды Egemen.kz аталған телеарнаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Хабар» арнасындағы телемарафон кезінде үш баланың анасына үш бөлмелі пәтер сыйға тартылды

Студияның қонағы болған Баян Байрамова - мүмкіндігі шектеулі жан. Көмекке мұқтаж әйел бүйрек проблемаларына байланысты жұмыс істей алмайды. 13 жыл бойы отбасымен баспана жалдауға мәжбүр болған Баян Байрамова пәтерақысын төлеуге ақшасы жетер-жетпестей еді. Үш баланың анасы бүгін жаңа үйдің иесі боламын деп күтпеген екен.

- Мен үш баланың анасымын, кіші қызым балалар милық салдану диагнозымен дүниеге келді. Өзім де 3-ші топтағы мүгедекпін, бүйректен ауырамын. Біз 13 жыл бойы пәтер жалдап тұрдық, әрине, өте қуаныштымыз! Бұл күтпеген жағдай. Сыйлық үшін «Харекет» Қорына рақмет, - деді Баян Байрамова.

Естеріңізге сала кетейік, Алғыс айту күніне орай бүгін «Хабар» арнасында телемарафон өтті. Арнайы жобаның жүргізушілері қоғам пайдасы үшін қызмет етіп келе жатқан қазақстандықтар туралы сөз қозғады. Олардың барлығы жанқиярлық еңбектерімен қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектеседі. Қазақстанның түкпір-түкпірінен және әлемнің бірнеше елінен жиналған 15 қатысушы мерекелік шығарылымның басты кейіпкерлеріне айналды. Олардың арасында балалар да бар. Студия қонақтары өздерінің оқиғаларымен бөлісіп, жеке эскиз бойынша жасалған «Алғысым шексіз» деп аталатын мүсіншелерге ие болды. Олардың бірі «Харекет» қайырымдылық қорының өкіліне табысталды.

- Көктемнің тамаша күнінде «Хабар» арнасының эфирінде Байрамовтар отбасына үш бөлмелі пәтердің кілтін сыйладық. Наурыз айының 30 күндігінде 70 отбасыға баспаналы болуға көмектесуді жоспарлап отырмыз. Осының барлығы біздің қорды қолдайтын жанашыр қазақстандықтардың арқасында мүмкін болып отыр. Олардың әрқайсысына алғысымды білдіремін, - деді Нұр-сұлтан қаласындағы «Харекет» қайырымдылық қорының өкілі Ақтөре Еркін.