Аймақтар • 01 Наурыз, 2022

Жарық жиі сөнеді

630 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Баламалы қуат көздері энергетикалық тәуелділіктен құтқара ма?Түркістан облысы Бәйдібек ауданына қарасты Алғабас ауылының тұрғындары соңғы 10 жыл көлемінде электр қуатының сапасына шағымданумен келеді. Кешқұрым ауылдағы барлық үй қосылғанда электр қуаты жетпей, кейде жарық сөніп қалады. Соның салдарынан елді мекенде тұрмыстық техникалар жиі күйіп, халық шығынға батып жатқан көрінеді. Жүзден аса түтіні бар Алғабас ауылындағы электр желілері тозған.

Жарық жиі сөнеді

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

 

Өткен ғасырдың ортасында орна­тылған бағаналар шіріп, құлайын деп тұр. Кезінде аз үйге арналып тартылған электр сымына жалғанған абоненттің көбейгені де жарық сапасының төмен­деуіне себепші. Ауыл тұр­ғын­дары кешқұрым жарықтың сығырайып тұратынын айтады. Жарық мәселесі жанына батқан тұрғындардың бірі электр қуатын күшейтетін құрылғы сатып алған екен. Бірақ ол ісінен де түк шықпапты. Өйткені ауылдағы электр қуатының кернеуі құрылғының жұмыс істеуіне жетпеген. Сөйтіп қымбат бағаға алған қуат реттегішін қолдана алмай отыр. Бұл – өңірдің бір ауылындағы ахуал.

Ал жалпы жарық мәселесі соңғы кездері жиі көтеріле бастады. Еске сала кетсек, қаңтардың соңында Алматы, Жам­был, Түркістан, Қызылорда облыс­тарында және Алматы, Шымкент қала­ларында электр қуаты апат жағдайында сөн­діріліп, түс ауа оңтүстік аймақ тұр­ғын­дарына қайта берілген еді.

Жуырда Энергетика министрі Болат Ақшолақов елдің Оңтүстік өңірлерінде электр қуатының үзілуіне байланысты жүргізілген тексерудің алғашқы қорытындысын жариялады. Комиссия жұмысының нәтижелері бойынша технологиялық ақаудың бірнеше себебі анықталған. «Қуаты 500 кВ болатын бірінші шинаның дифференциалдық қорғауының шамадан жоғары жұмыс істеуіне байланысты Сырдария ЖЭС-нің жұмысы бұзылды және өзбек энергия жүйесінде 2 105 МВт жиынтық генерацияны жоғалта отырып, 500 кВ іргелес желінің өшуіне әкеліп соқты. Өзбек энергия жүйесінде пайда болған қуат тапшылығы «Қазақстанның Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» транзитіндегі қуаттың 2 105 МВт шамасындағы артылуына алып келді. Соның салдарынан шамадан тыс жүктемеге байланысты динамикалық орнықтылық бұзылып, құрылғылардан ажыратылды», деді министр. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша тиісті шешімдер қабылданған. Министр келтірген деректерге қа­рағанда, елімізде жылына 14 млрд киловатт/сағат электр энергиясы өн­діріледі. Электр қуатының көпшілі­гі өзімізде өндірілгенімен, тапшы­лық кезінде Ресейден сатып аламыз. Жалпы, соңғы жылдары таңғы және кешкі уақыттарда тұтынушылардың көлемі едәуір өскен. Сол уақытта 600-700 мегаватқа дейін Ресейден электр энергиясы алынады екен. «Түркістан облысына қарасты стансалардың бар­лығы бірдей газбен жұмыс істейді. Ал болашақта газ тапшылығы болуы мүмкін. Мысалы, 1 гигабайт станса­ны ұстап тұру үшін 2 млрд куб газ қажет. Ал 17 гигабайттық стансаны ұстап тұру үшін қанша млрд куб газ кететі­нін есептеп көріңіз», дей келе ми­нистр атом стансасының тиімділігін атап өтті.

Осы орайда Түркістан өңірін сапалы электр қуатымен қамтудың бү­гіні мен ертеңін саралап, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген энергетик, инженер-электрик Мақсұт Ордабаевтың пікірін де білген едік.

– Бүгінгі жағдайда баламалы энергия көздерін көбейту маңызды. Өйткені тұтынушы саны артқан, яғни қуатқа сұранысты қамтамасыз ету қиындай түсті. Баламалы энергетикаға байланысты керектi заң, заңнамалық актілер бар, қысқа, орта, ұзақ мерзiмге бағдарлама жасалған. Еліміз бойын­ша осы бағытта жасайтын мүмкiн­дiк­тер жеткiлiктi екенi белгiлi. Атап кетсек, бiздiң елде электр қуаты­ның 70%-ы көмiр пайдаланатын станса­ларда өндiрiледi, ал бұл жағдай эко­ло­гияға қалай әсер ететiнiн бәріміз жақ­сы бiлемiз. Ақпарат құралдарын­да ха­лықаралық қаржы институтта­ры­ның көмір электр стансаларына инвес­тиция құюдан жаппай бас тартып жатқаны айтылуда. Жаппай газ­ға көшу мүмкін емес. Оның да қоры шектеулі. Ал жаңғырмалы энергия көздері климаттық жағдайға тәуелді болғандықтан, ол да тұрақты және базалық генерация көзі бола алмайды. Яғни баламалы қуат көздері энер­гетикалық тәуелділіктен құтқара алмайды. Жаңғырмалы энергия көздері 23%-ға дейін артып, газ генерациясы 18%-ға, су электр стансаларының үлесі 7%-ға, атом электр стансасының үлесі 12%-ға жететіні айтылуда. Егер ертеңiмiздi ойлайтын болсақ, мiндеттi түрде органикалық шикiзаттардың шексiз емес екенiн түсiнуiмiз керек. Келер ұрпаққа не қалдырамыз деген сұрақ туады. Сол үшін қазiргi энергетикалық жүйенi мейлінше баламалы қуат өндiруге бұрғанымыз абзал. Әсiресе Оңтүстiк өңiрде, ал жел қуаты Батыс-Солтүстiк аймақтарда жеткi­лiк­тi. Қазақстанның дамуына оның технологиялық әртараптандыруына күрделі және маңызды екінші қадам – атом энергетикасының дамуы. Өйт­кені өзімізде уран барын, оның қоры бойынша әлемде алдыңғы орында екенімізді ескерсек, экономикамыз­дың деңгейін жаңа инновациялық тиімді пайдалы жолға қоямыз деген мақсатты қолға алу маңызды. Қа­зіргі заманауи технологиялардың деңгейі атом стансасын салуға, оның тиісті барлық халықаралық талапқа сай қауіпсіздік ережелерін сақтап, керекті міндеттелген стандарттарын қолдануға мүмкіндік береді. Көршілес Өзбекстан бұл мәселеде бізден алға шығып, құрылыстарын бас­тап жатыр. Ал енді үшінші күрделі мәселе – энергия үнемдеу және оның тиімділігін арттыру. Менің ойымша, жалпы, энергетика саласы келешекте ел экономикасы әлем алпауыттарымен терезесі тең болуы үшін өте маңызды шешуші орын алады. Ол мақсаттар­ға жету үшін бүгіннен бастап еліміз­дің барлық өңірінде жаңартыла­тын энергия көздерін көбейту, атом энергетикасының дамуын, энергия үнемдеу және тиімділігін арттыру шараларын қамтамасыз етуіміз қажет деп санаймын, – дейді М.Ордабаев.

Түркістан облысының электр қуатын жалпы тұтыну көлемі 350 МВт-ты құрайды, оның 80 пайыздан астамы сыртқы көздерден, яғни Солтүстік өңірлердегі стансалардан және «Жамбыл МАЭС» АҚ мен «Энергоорталық» АҚ-дан тасымалданады. Облыста орналасқан ішкі ірі энергетикалық мекеме – «Шардара СЭС» АҚ-ның 2017-2020 жылдары орнатылған негізгі кондырғылары толығымен жаңғыртылып, стансаның орнатылған қуаты 100 МВт-тан 126 МВт-қа ұлғайды. Алайда өндіретін электр қуатының көлемі Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің ағысына су тастау көлеміне тәуелді. Қазіргі таңда секундына 100 текше метр су берілуде, яғни 30 МВт электр қуаты өндірілуде. Есепке салсақ, станса толық қуатында жұмыс істеп тұрған жоқ.

Облыстың Сарыағаш, Келес, Мақ­таарал, Жетісай және Шардара аудандары тұрғындары мен өндіріс­тік кәсіпорын тұтынушыларында электр энергиясының тапшылығы мәселесі өзекті еді. Бұл мәселе облыс әкімдігінің ұсынысымен 2017 жылы 23 ақпанда Ташкент қаласында өткен Үкіметаралық комиссияда қаралып, уақытша оң шешімі табылған-ды. Яғни ол шешім бойынша Өзбекстанның электр желілері арқылы Қазақстанның Солтүстік аймақтарынан электр энергиясы тасымалданады. Нәтижесінде, аумақтық энергетикалық мекеме – «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ы Мақтаарал ауданы аумағында 6,32 шақырым 110 кВ-тық электр желісінің құрылысын жүргізіп, 110 кВ-тық қосымша ұяшық орната, Өзбекстанның «Феруз» электр желісіне қосылды. Жалпы, осы желілер арқылы 60 МВт-қа дейін электр қуатын тасымалдауға мүмкіндік бар.

Бүгінде Өзбекстан электр желілері арқылы еліміздің Солтүстік өңірінен қажеттілікке қарай, 35-40 МВт көлемінде электр қуаты тасымалдануда. Сонымен қатар өзекті мәселені нақты шешу бойынша әкімдік тарапынан бірқатар жұмыс атқарылуда. Облыс әкімдігінің мәліметтеріне қарғанда, Келес ауданында 220/110/10 кВ-тық «Қызыләскер» қосалқы стансасының 220, 110 кВ-тық электр желісімен қоса құрылысы жүргізілуде. Оны биыл қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарлануда. Нәтижесінде, 719 мың тұрғын үй, өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы нысандары тұрақты және сапалы электр энергиясымен қамтылады. Сондай-ақ өңірде ішкі көздерден электр энергиясын өндіруді ұлғайту мақсатында жаңартылатын қуат көздерін дамыту бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл орайда облыс аумағында жиынтық қуаты 220,1 МВт болатын 20 жаңартылатын энергия көздері жобалары іске асырылған. Оның ішінде қуаты 206,3 МВт болатын 14 күн электр стансасы және қуаты 13,8 МВт болатын 6 шағын су электр стансасы бар. Сондай-ақ Энергетика министрлігінің жыл сайын өткізетін аукциондық сауда-саттықтың қорытындысы бойынша облыста алдағы уақытта жалпы қуаты 96,95 МВт болатын 6 күн электр стансасы және қуаты 13 МВт болатын 6 шағын су электр стансалары салынады. Оған қоса Қазығұрт ауданында жалпы қуаты 150 МВт-қа дейін болатын ірі каскадты түрдегі су электр стансасының құрылысы жүргізілмек. Сонымен қатар 2023-2025 жылдары облыс аумағында қуаты 250-350 МВт болатын бу-газ қондырғысын және Түркістан қаласында қуаты 50 МВт болатын жылу электр орталығын салу жоспарланған.

Облыс бойынша жалпы 841 елді мекеннің 825-і орталықтандырыл­ған электр желісімен, 16-сы дербес электр қондырғыларымен қамтама­сыз етілген. «Түркістан облысы елді мекендерін сапалы, тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етудің 2021-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспа­рына» сәйкес, жалпы 172 елді мекен­ді сапалы электр қуатымен толық қам­ту жоспарлануда. Бұл орайда өткен жылы 53 нысанның құрылысына 7,9 млрд теңге қаржы бағытталып, оның ішін­де 19 нысан пайдалануға берілді. Ал биыл 13,7 млрд теңгеге 31 нысанның құрылысын жүргізу қарастырылуда. Сондай-ақ «Түркістан облысы­ның 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-эко­но­микалық дамуының кешенді жос­па­рына» сәйкес, жеке инвестиция есе­бінен 220 кВ «Бадам», «Орталық», 5 бірлік қосалқы стансалардың 220-110 кВ электр желілерімен қоса және облыстың елді мекендерінде 1 235 шақырым 10-0,4 кВ электрмен жаб­дықтау желілерінің құрылысын жүр­гізу жоспарлануда.

Айтпақшы, Бәйдібек ауданы Ағы­бет ауылдық округінің әкімі Жас­ұлан Оразханұлы биыл бірінші жарты­жылдықта Алғабаста екі трансформатор орнату жоспарланғанын айтады. Тозығы жеткен электр желілерінің 1 200 метрі жаңартылған. «Ауыл суды жағалай орналасқан, яғни екі трансформатор орнату көзделіп отыр. Ауыл­дағы ұзын көшенің шеткі үйлерінде қуат­тың 180-200 вольт екені рас, яғни тұрғын­дар нан пісіретін пештерін қосқанда күші жетпейді. Жалпы, ауылдағы жарық мәселесі бойынша нақты жоспар­лар жасалған, шешімін табады», дейді Ж.Оразханұлы.

Ал өткен ғасырдың ортасында ор­натылған бағаналарды электр қуатын тасымалдаушы компания 2023 жылы ауыстырады екен. Яғни дәл қазір ауыл тұрғындарына сапалы жарықты күте тұрудан басқа амал жоқ.

 

Түркістан облысы