Партия Президенттің саясатын жүзеге асыруда жақсы көмекші болатынына сенімдімін. Ең басты мәселе – геосаяси тұрақсыздық пен санкциялық текетірес жағдайында партияның әлеуетін мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен оның азаматтарының әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағыттау.
Съезден бұрын бұған дейін жіберілген кемшіліктерді жоюға және жұмыстың жаңа стилін жасауға бағытталған байыпты аналитикалық жұмыс жүргізілгені сезіледі. Партия Төрағасының сөйлеген сөзінде бұл мәселелер нақты айтылды. Партия барлық реформаның катализаторына айналуға тиіс. Бұл іс бойынша ерекше міндеттер партияның Мәжілістегі және мәслихаттардағы фракцияларына жүктеледі.
Депутаттар атқарушы билікпен тығыз қарым-қатынаста болуға, парламенттік тыңдауларды, көшпелі отырыстарды, азаматтармен кездесулерді кеңінен өткізуі қажет. Сонымен қатар партияның әрбір мүшесін тыңдау маңызды. Осыған байланысты идеялар мен ұсыныстар жиналады.
Осы қадамдардың барлығы шамадан тыс орталықтандырудан, бюрократиядан, көзбояушылықтан арылуға мүмкіндік береді деп санаймын. Біз алғаш рет партияның атқарушы хатшысы Асхат Ораловтың сөзін тыңдадық. Меніңше, ол партия аппаратының күнделікті үйлесімді және белсенді жұмысын қамтамасыз ете алады.
Сонымен қоса, ертең депутаттық корпусқа қосылатын Саясат Нұрбек есте қаларлықтай сөздер айтты. Оның азаматтармен өзара қарым-қатынаста болу үшін цифрландыруды белсенді пайдалану туралы үндеуі маған ұнады. Пандемия бізге онлайн түрде қарым-қатынас жасауды үйретті. Сол себепті халыққа жедел сауалнама жүргізу, азаматтық қоғаммен, жергілікті атқарушы органдармен қарым-қатынас жасау үшін оны кеңінен пайдалану керек.
Айгүл ҚҰСПАН,
Мәжіліс депутаты