Парламент • 02 Наурыз, 2022

Мүгедектігі барларға кезексіз қызмет көрсетіледі

297 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылайтын болады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мүгедектігі барларға кезексіз қызмет көрсетіледі

«Заң жобасына бір топ Парламент депутаттары бастамашылық жасады. Құжатта «мүгедек» терминін «мүгедектігі бар адам» деп өзгерту, мүгедектігі бар баланы санаториялық-курорттық емдеуге алып жүретін адамға жолдама құнының 70 пайызын өтеу, денсаулық сақтау ұйымдарында мүгедектігі бар адамдарға бірінші кезекте қызмет көрсету көзделеді. Сондай-ақ үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды жекеше нотариаттық іс-әрекеттер жасаған кезде құқықтық және техникалық сипаттағы қызметтерде ақы төлеуден босатылған адамдар санатына енгізу және мүгедектігі бар адамдар құқықтарының сақталуын қамтамасыз ететін басқа да нормалар көзделеді», деді депутат Жәмилә Нұрманбетова Мәжілістің жалпы отырысында.

Бұдан басқа, Қазақстан аумағында анықталған адам саудасының құрбаны болған шетелдіктерге тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну жөніндегі нормалар ескерілген.

«Өзгерістер мен толықтырулар 75 заңнамалық актіге, 11 кодекске және 64 заңға енгізіледі. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті заң жобасы бойынша 2022 жылғы 7 желтоқсанға дейінгі мерзімде қорытынды әзірлеуге дайын», деді депутат.