Қазақстан • 02 Наурыз, 2022

Тәуелсіздіктің кепілі

1118 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

ХХ ғасырдың екінші жартысында көптеген жаңа мемлекет үшін БҰҰ-ның жоғары мінберіне көтерілу халықаралық егемендік пен тәуелсіздікті мойындауды білдірді. Бұл 1992 жылғы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымына кірген Қазақстан Республикасы үшін де солай болды.

Тәуелсіздіктің кепілі

Осы тарихи күні біздің жаңа тәуелсіз мемлекетіміз әлемдік қоғамдастықтың толық құқықты мүшесі және халықаралық құқықтың толыққанды субъектісі ретінде танылды. Осы күннен бастап Біріккен Ұлттар Ұйымы жас мемлекетіміздің егемендігінің кепілі және халықаралық тұғырнамасына айналды. БҰҰ-ға мүшелік жаңа мемлекеттің әлемдік аренада үдемелі қалыптасуына, оның ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етті. Қазақстан Ұйымға мүше болып, оның жұмысына белсенді атсалыса отырып, өзекті халықаралық мәселелерді шешуге, көптеген мәселелер бойынша, ең алдымен еліміз үшін өмірлік маңызы бар мүдделер аясына кіретін тәсілдер мен шешімдерді тұжырымдауға өз үлесін қосуға құқық пен нақты мүмкіндік алды. Шын мәнінде, Қазақстан БҰҰ-ның барлық мүшелері секілді өзінің ұлттық мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге, әсіресе өзінің дамуы және халықаралық қоғамдастық пен әлемдік экономика жүйесіне толыққанды ықпалдасуы үшін қолайлы жағдайлар жасауға ұмтылды.

Тағдырдың жазғанымен, мен Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелігіне қабылдануын дайындап, осы басты халықаралық ұйыммен ынтымақтастығымыздың негізін қалап, онда сегіз жыл бойы мемлекетіміздің атынан өкілдік еттім.

1991 жылғы 20 желтоқсанда мен БҰҰ-ның штаб-пәтері орналасқан Нью-Йорк қаласына келдім және КСРО-ның (кейін Ресей Федерациясының) БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінде Аға кеңесші – Қазақстан Республикасы өкілінің қызметіне қабылдандым.

Шын мәнінде, 1991 жылдың желтоқсан айының соңындағы ұмытылмас күндер Кеңес Одағының ыдырауына, қырғи қабақ соғыстың аяқталуына және әлемнің саяси картасында жаңа тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуына әкеліп, әлемдік аренадағы геосаяси өзгерістердің күрделі сәтіне айналды. Тәуелсіз мемлекеттер достастығын құрған егемен мемлекеттер басшыларының 21 желтоқсанда Алматыдағы кездесуінде Ресей Федерациясының КСРО-ның БҰҰ-ға мүшелігін жалғастыру және БҰҰ-ға жаңа тәуелсіз мемлекеттердің кіруі туралы шешім қабылданды. 24 желтоқсанда БҰҰ-да КСРО туының орнына Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі болған Ресей Федерациясының туы көтерілді. Сонымен қатар, кейінірек Африка елшілері маған АҚШ-тың БҰҰ жанындағы елшісінен Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері арасында өкілдігі жоқ Африкаға осы орынды беруді сұрағанын, бірақ өтініштері қабыл алынбағанын айтты. Мен сол 24 желтоқсан күні Мемлекет басшысына Ұйымның Хатшылығынан алған БҰҰ-ға кіру туралы өтінімнің жобасын жібердім.

1991 жылғы 31 желтоқсанда Қазақстан Республикасының БҰҰ-ға мүшелігіне қабылдау туралы өтініші факспен алынды және мен оны Ұйымның Бас хатшысына ұсындым. 1992 жылғы 3 қаңтарда Бас хатшы өтінішті БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне ұсынды және барлық мүше мемлекеттерге жіберілді. Сол күні Қауіпсіздік Кеңесі оны қарауға кірісті.

Белгіленген ережелерге сәйкес, ең алдымен Қауіпсіздік Кеңесі БҰҰ-ға мүше болғысы келетін мемлекеттің өтінішін қарайды, сондай-ақ ол мемлекеттің бейбітшіл және БҰҰ-ның Жарғысы бойынша міндеттемелерді орындауға қабілетті екендігін шешеді. Кеңес оң шешім қабылдаған жағдайда Бас Ассамблеяға осы мемлекетті БҰҰ-ға мүшелігіне қабылдауды ұсынады.

ыа

БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі 1992 жылғы 23 қаңтарда біздің өтінішімізді қарағаннан кейін Бас Ассамблеяға Қазақстан Республикасын БҰҰ-ның мүшелігіне қабылдауды ұсынды. Төраға Кеңес мүшелерінің атынан жасаған мәлімдемесінде бұл шешімді шын мәнінде тарихи оқиға деп атады және Қазақстан БҰҰ-ның Жарғысында көрсетілген міндеттемелерді орындауға қабілетті және әзір бейбітсүйгіш мемлекет бола отырып, Жарғының мақсаттары мен қағидаттарын жүзеге асыруға белсенді және сындарлы түрде ықпал ететініне, Ұйым жұмысының барлық салаларына маңызды үлес қоса алатынына сенім білдірді. Қазақстан ең бірінші өтінішін беріп, Қауіпсіздік Кеңесінің ұсынымын алғашқы болып алды, бірақ Бас Ассамблеяның пленарлық отырысын өткізу үшін белгіленген рәсімдерден өткен басқа да мемлекеттерді күту қажет болды.

Мен үшін 1992 жылғы қаңтар күндері қажырлы жұмысымен ерекшеленді – Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасымен, Бас Ассамблеяның 46-шы сессиясының Президентімен, Бас хатшымен және оның орынбасарларымен, БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің елшілерімен, Хатшылық қызметкерлерімен кездесулер өткізу, Қауіпсіздік Кеңесі мен Бас Ассамблея отырыстарына құжаттар дайындау. Олар еліміздің БҰҰ-ға мүшелігіне қабылдануына тілектестік қарым-қатынаста болды. Жалғыз туындаған мәселе – еріксіз мұраға қалған ядролық қаруға қатысты болды, бірақ мен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңында және елдің жоғары басшылығының мәлімдемесінде айтылған мемлекетіміздің ядролық қаруды таратпау қағидатын берік ұстануы туралы түпкілікті түсініктеме бердім.

Ресейдің БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінің Елшісі мен дипломаттарының маған көрсеткен үлкен көмегі мен қолдауын ризашылықпен атап өткім келеді. Мен АҚШ-тың БҰҰ жанындағы миссиясының Елшісі мен дипломаттары, сондай-ақ Ұйым Хатшылығының басшылығы мен қызметкерлері тарапынан қолдау алдым.

1992 жылғы 2 наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясының тарихи пленарлық отырысы өтті, онда Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігіне бірауыздан қабылданды. БҰҰ-ға Елімізбен бірге ТМД-ның тағы жеті жаңа мемлекеті, сондай-ақ әлемдегі ең көне республика – Сан-Марино мүше болып қабылданды. Пленарлық отырыстан кейін Ұйымның штаб-пәтерінің алдында салтанатты рәсімде БҰҰ-ға мүше жаңа мемлекеттердің мемлекеттік тулары көтерілді. Осылайша, еліміздің мемлекеттік егемендігі мен тәуелсіздігі халықаралық деңгейде мойындалды. Біз Ұйымның 168-нші мүшесі атандық, сол күні оның құрамы 175 мүшеге дейін өсті.

Мен сол тарихи күні Президент пен Қазақстан халқының атынан сөз сөйлеп, еліміздің мемлекеттік туы әлемнің ең беделді халықаралық ұйымының штаб-пәтерінің үстінде қалай көтеріліп жатқанын көріп,  ғажап рухани өрлеу мен қуаныш және өз елім үшін ерекше мақтаныш сезімін бастан кешкенім үшін тағдырыма шексіз ризамын.

Қазақстан БҰҰ-ға мүше болған алғашқы күндерінен бастап Ұйымның күн тәртібіндегі ең өзекті халықаралық проблемалар мен мәселелерді шешуде белсенді позиция ұстанды. Әлемдегі қуаты бойынша еріксіз мұраға қалған төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартуы және Семей полигонының жабуы, БҰҰ-да жаңа тәуелсіз мемлекеттің қарусыздануға, ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуға және ғаламшардағы ядролық сынақтарды тоқтатуға қосқан нақты үлесін жоғары бағалады. Қазақстанның 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында ұсынылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру туралы бірінші халықаралық бастамасы белсенді дипломатиялық күш-жігердің нәтижесінде бүгінде 27 мемлекетті біріктіретін Азия құрлығындағы қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтудың нақты факторына айналды.

Қазақстан қосылған алғашқы халықаралық шарттар – Ядролық қаруды таратпау туралы шарт және Бала құқықтары туралы конвенция болды. Қазақстан Солтүстік жарты шардағы алғашқы осындай жалғыз аймақ ретінде 2009 жылы күшіне енген Орталық Азиядағы Ядролық қарудан азат аймақтың бастамашыларының бірі болып табылады. БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның ядролық қарусыздануға қосқан үлесін мойындай отырып, 29 тамызды – Семей полигоны жабылған күнді – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың Халықаралық күні деп жариялады.

Қазақстан БҰҰ-ның қарусыздану жөніндегі іс-шараларына атсалыса отырып, әрдайым ядролық сынақтарға тыйым салуға қатысты өзінің қағидаттық ұстанымын берік қорғап келеді. Мен 1990 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 45-сессиясында ҚазКСР Сыртқы істер министрі ретінде КСРО атынан сөз сөйлеп,  БҰҰ-ғаа мүше мемлекеттердің өкілдерін сол кездегі республикамыздың аумағында ядролық сынақтарды тоқтату бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстырдым. 1996 жылы БҰҰ-ның мүшесі бола тұра, Қазақстан алғашқы мемлекеттердің бірі болып жер шарында Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қол қойды. Мұндай белсенді ұстаным бізге 1997 жылы халықаралық қоғамдастық тарапынан Семей полигонындағы көпжылдық сынақтардың салдарын еңсеруде көмек көрсету бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы қарарын  қабылдауға қол жеткізуге мүмкіндік берді, ол 25 жыл қатарынан Бас Ассамблеяның сессияларында тұрақты түрде қаралып келеді.

БҰҰ-ның мүмкіндіктері мен бірегей тәжірибесін пайдалану жас республикамызда экономикалық реформаларды жүзеге асыруға үлкен ықпал етті. Біз 1993 жылы БҰҰ БА-ның 48-ші сессиясында теңізге шыға алмайтын елдерге транзиттік-көлік жүйелерін дамытуға және әлемдік нарықтарға шығуды қамтамасыз етуге көмек көрсету және жәрдемдесу бойынша арнайы қарар қабылдауға бастамашылық жасадық. Еліміздің белсенді атсалысуымен көптеген жылдар бойы бұл жұмыс БҰҰ қызметіндегі жеке бағытқа айналды.

Қазақстанның БҰҰ-мен жан-жақты ынтымақтастығы Ұйым қызметінің басқа да салаларына, соның ішінде бітімгершілік, қоршаған ортаны қорғау, адам құқықтарын қорғау және көтермелеу, гуманитарлық қызмет, халықаралық құқықты дамыту салаларына да қатысты. Қазақстан 2017–2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды, осы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі басты органның жұмысына алдын алу дипломатиясы мен жанжалдарды реттеу, сенім шаралары  мен аймақтық қауіпсіздікті нығайтудан жинақталған шынайы тәжірибесін енгізді.

Біріккен Ұлттар Ұйымы өз тарихының әртүрлі кезеңдерінде әрқашан оған мүше мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастардағы геосаяси өзгерістердің көрінісі болды. ХХ ғасырдың соңғы онжылдығындағы дәуірлік өзгерістер қырғи-қабақ соғыс кезіндегі ауыр қарама-қайшылық жағдайынан жаһандық қоғамдастықтың өткір мәселелерді шешудегі тұтас өзара әрекеттесуіне көшу мүмкіндігін тудырды. Қырғи қабақ соғыстың аяқталуы БҰҰ-да белгілі масаттану сезімін тудырды және қымбат қарулану жарысының аяқталуынан «бейбітшілік дивидентіне» негізделген экономикалық және әлеуметтік прогреске үміт берді. Әлемдік көшбасшылардың 1992 жылы Ұйымның Бас Ассамблеясының 47-сессиясының жалпы саяси дебаттарындағы сөйлеген сөздері есімде, бұл мүше мемлекеттердің текетірестен кейінгі кезеңнің басталуының дамып келе жатқан ақиқаттарын, олардың жаңа әлемдік тәртіпті сәтті дамытуға деген жалпы ниеттестігін білетіндігін көрсетті. Алайда, оптимистік көзқарастар орындалмады және 1990-шы жылдары тұтанған этникалық және діни негіздегі шиеленіскен аймақтық қақтығыстар мемлекеттердің халықаралық мәселелерді шешуде күш қолданудың әртүрлі тәсілдерін бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау мақсатында ғана емес, сонымен бірге «гуманитарлық себептер» бойынша да араласу құқығын көрсетті.

н

Үшінші онжылдыққа аяқ басқан ХХІ ғасыр ХХ ғасырдың аяғындағы әлемдік аренадағы жаһандық геосаяси өзгерістерді күшейтті. Әлемдегі стратегиялық ядролық тұрақтылыққа нұқсан келтіретін қару-жарақ жарысы және жаңа белгісіздік факторлары, жетекші державалар арасындағы өзара сенім деңгейінің төмендеуі, халықаралық құқықтың бұзылуы, жаһандану жағдайында мемлекеттердің өзара тәуелділігінің күшеюі және COVID-19 пандемиясы сияқты заманның жаңа сын-қатерлері әлемдік саясаттың негізгі анықтайтын күштеріне айналды. Жаңа ғасырдың алғашқы онжылдықтарындағы күрделі халықаралық саяси ахуал халықаралық қатынастарды реттеудің іргелі құралы ретінде дипломатияның рөлі мен маңызын айтарлықтай арттырады.

Бұл жағдайда көпжақты дипломатияның рөлі мен маңыздылығын арттыру заңды құбылыс, ал 76 жыл бойы негізгі құралы болып келген БҰҰ, өкілеттігі мен құрамы жағынан жан-жақты әмбебап халықаралық институт болып қалуда. Дүниежүзілік ұйымның қызмет етуінің ұзақ жылдар бойы үздіксіз сынға ұшырауына қарамастан, БҰҰ жаңа қауіптер мен сын-қатерлерге жауап ретінде мүше мемлекеттердің бірлескен іс-қимылдарының мойындалған жаһандық орталығы болды және болып қала береді.

Қазақстан әмбебап Ұйымға мүшелігінің 30 жылы ішінде оның өзекті әлемдік мәселелерді шешудегі, мемлекетаралық өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың халықаралық-құқықтық негіздерін нығайтудағы орталық рөлін дәйекті түрде қолдап келеді.

Президент Қ.К. Тоқаев 2020 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-нші мерейтойлық сессиясында әлем көшбасшылары алдында сөйлеген сөзінде: «Қазақстан барлық ұлтты жарқын әрі бақытты болашаққа бастайтын БҰҰ-ның тұрақты мүшесі болып қала береді», – деп атап өтті.

Қазақстан Республикасының БҰҰ-ға мүшелігіне 1992 жылғы 2 наурызда кіруі тәуелсіз мемлекетіміздің тарихына алтын әріптермен мәңгі жазылды.

 

Ақмарал АРЫСТАНБЕКОВА,

ҚазКСР және Қазақстан Республикасының бұрынғы Сыртқы істер министрі,

Қазақстанның БҰҰ жанындағы алғашқы тұрақты өкілі.