Үкімет • 03 Наурыз, 2022

Халықаралық конвенция мақұлданды

309 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиында Мәжіліс депутаттары палатаның жалпы отырысында қаралғаннан кейін «Толық емес жұмыс уақыты жағдайларындағы жұмыс туралы конвенцияны (175-Конвенция) ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

Халықаралық конвенция мақұлданды

Құжат жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов баяндама жасады. Ведомство басшысы Толық емес жұмыс уақыты жағдайындағы жұмыс туралы конвенция 1994 жылғы 24 маусымда Халықаралық Еңбек Ұйымының Бас конференциясында қабылданғанын атап өтті. 

2019 жылғы 18 қазанда Қазақстан Респуб­ли­касының халықаралық шарттар мәселелері жөніндегі ведомство­аралық комиссияның 40-шы отырысында қолдау тапқанын еске салды. «Конвенция толық жұ­мыс уақытында жұмыс істейтін қыз­меткерлердің құқықтары мен мүд­делерін қорғау мәселелерін реттейді. Атап айтқанда, ұжымдық келіссөздер жүргізу құқығы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, ананың құқы­ғын қорғау, жыл сайынғы ақылы демалыс беру, еңбек және жұмыспен қамту сала­сында кем­сітушілікке жол бермеуді көз­дейді», деді министр.

Ведомство басшысының айтуынша, Конвенция қызметкерлер мен кәсіп­орын­дардың жекелеген санаттарын қоспағанда, экономикалық қызметтің барлық саласына қол­данылады.

«Ұлттық статистика бюросының мәлі­меттері бойынша 2021 жылдың 4-тоқсанының қорытын­дысы бойынша әртүрлі саладағы 470 мыңға жуық қызметкер толық емес жұмыс уақыты режімінде жұмыс істеді. Олардың жартысына жуығы аптасына 20 сағаттан аз уақыт жұмыс істеген. Олардың көпшілігі ауыл шаруашылығы, білім және өнеркәсіп салаларында еңбек еткен», деді Серік Шәпкенов.

Конвенцияға сәйкес «толық емес жұмыс уақытында жұмыс істей­тін адам» термині толық жұмыс уақытында жұмыс істейтін және салыс­тырмалы жағдайда жұмыс істей­тін қызметкердің жұмыс уақы­ты­ның қалыпты ұзақтығынан аз жұ­мыс істейтін жұмысшыны білдіреді.

Конвенцияға сәйкес толық емес жұмыс уақытында жұмыс істей­тін қызметкерлердің негізгі жала­қысы сол әдістермен есептелетін толық жұмыс уақытында жұмыс іс­тей­тін және салыстырмалы жағ­дай­дағы қызметкерлердің негізгі жала­қысынан кем болмауға тиіс. «Өз кезегінде Конвенцияда көзделгендей ұлттық еңбек заңнамамызда қызмет­керлерге еңбекақы төлеу саласын­дағы мемлекеттік кепілдіктер қарас­тырылған. Сондай-ақ толық емес жұмыс уақытында жұмыс істейтін қызметкерлерге арналған әлеуметтік қамсыздандыру жүйелері толық жұмыс уақытында жұмыс істейтін қыз­меткерлерге ұқсас болуы керек деп қарастырылған. Бұл шарттар жұмыс уақытының ұзақтығына, жарналарға немесе кірістерге пропорционалды түрде анықталуы мүмкін», деді министр.

Ведомство басшысының сөзіне қа­ра­ғанда, Ұлттық еңбек және әлеу­меттік заңнама толық жұмыс уақы­тында жұмыс істейтін қызметкер­лермен салыстырғанда толық емес жұмыс уақытында жұмыс істейтін қызметкерлердің құқықтарын шекте­мейді. «Атап айтқанда, міндетті әлеу­меттік сақтандыру жүйесінен табысты жоғалту бойынша төлем қызмет­кердің орташа айлық сақтандырылған кірісінің мөлшеріне және оның жүйеге қатысу өтіліне тікелей байланысты және оның жұмыспен қамтылу нысанына немесе түріне байланысты емес», деп түйіндеді Серік Шәпкенов.

Сонымен қатар жиын барысында «Дербес деректер алмасу саласындағы әкімшілік мәселелер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

Аталған құжат жөнінде Ішкі істер минис­трінің бірінші орынбасары Марат Қожаев баян­дама жасады. Оның айтуынша, заң жобасын қабылдау бірқатар артықшылық береді. «Келісімді ратификациялау Достастық елдерінен азаматтықтың болуы және болмауы, берілген жеке басты куәландыратын құжат­тар, көші-қон есебінде тұрған адамдар, шетелдіктерге осы елдерге келу және онда болуға берілген визалар, жылжымайтын мүлік не мүліктік сипаттағы міндеттемелер, қылмыс­тық немесе әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы мәліметтерді алуға мүмкіндік береді. Ақпаратты өкілеттік органдар сұрау салу арқылы ала алады. Жауап беру мерзімі өтініш түскен мерзімнен бас­тап екі айдан аспауға тиіс. Бұл әсі­ресе, қос азаматтықты болдырмау мақ­сатында өзекті», деді Марат Қожаев.

Келісім жобасының мақсаты – Тәуелсіз Мем­лекеттер Достастығы шең­берінде азаматтығының болуы, көші-қон есебіне қою, визалар беру, жеке басты куәландыратын құжат­тар туралы дербес деректермен алмасу саласындағы әкімші­лік мәселелер бойынша өзара құқық­тық көмек көрсету жөніндегі ын­ты­мақ­тас­тықтың құқықтық негіздерін жасау.

Сондай-ақ Мәжіліс «Қазақстан Респуб­ли­ка­сының кейбір заңна­малық актілеріне мүге­дектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақ­сарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын жұмысқа алды.

«Заң жобасына бір топ Парламент депутаттары бастамашылық жасады. Құжатта «мүгедек» терминін «мүге­дектігі бар адам» деп өзгерту, мүгедектігі бар баланы санато­р­лық-курорттық емдеуге алып жүретін адамға жолдама құнының 70 пайызын өтеу, денсаулық сақтау ұйымдарында мүгедектігі бар адам­дарға бірінші кезекте қызмет көрсету көзделеді. Сондай-ақ үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды жекеше нотариаттық іс-әрекеттер жасаған кезде құқықтық және тех­никалық сипаттағы қызметтерде ақы төлеу­ден боса­тылған адамдар санатына енгізу және мүге­дектігі бар адамдар құқықтарының сақталуын қам­тамасыз ететін басқа да нормалар көз­деледі», деді депутат Жәмила Нұрманбетова.

Бұдан бөлек, құжатта Қазақстан аумағында анықталған, адам сауда­сының құрбаны болған шетелдіктерге тегін медициналық көмектің ке­пілдік берілген көлемін және арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну жөніндегі нормалар ескерілген.

Айта кетерлігі, жалпы отырыс­та депутат Дариға Назарбаеваның өкі­леттігі мерзі­мінен бұрын тоқтатылды. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұловтың ай­туынша, Мәжіліс депутаты Д.Назарбаева міндеттерін атқарудан өз еркімен босату туралы өтініш берген. Осыған байланысты бос тұрған мандат Саясат Нұрбекке берілген еді. Жалпы отырыста ол ант беріп, Палатаның Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамына сайланды.

Отырыс соңында депутаттар бір­қатар мемлекеттік орган басшыларына сауал жолдады. Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында Фахриддин Қаратаев жолаушылар тасымалындағы өзекті мәселелерге тоқталды. Депутаттың айтуынша, бұл солтүстікке көші-қонға да кедергі келтіріп отыр. «Қазақстандықтардың басым бөлігі теміржол қызметін пайдаланады. Се­бебі пойыз қауіпсіз көлік, маршруты мен жүріп-тұру кестесі ыңғайлы, билет құны қол­же­тімді. Дегенмен шешімін таппай отырған мәселе – солтүстіктегі Қостанай, Павло­дар өңіріне қоныс аударып жатқан халықтың қа­тынауы өте қиын. Әсіресе көшкен жастардың ата-аналарына, қарттарға, балаларымен, жүктерімен жүру қиынға соғады. Мысалы, халық Түркістан облысынан Қостанайға қатынау үшін Алматы, Қарағанды немесе Нұр-Сұлтан қа­лалары арқылы өтуге мәжбүр. Оның үстіне пойыздардың уақыттары бір-біріне сәйкес келмей жарты күн, кейде бір күн күтуге тура келеді», деді Ф.Қаратаев.

Сондай-ақ Аманжан Жамалов, Дания Еспаева, Айжан Сқақова, Ирина Смирнова, Жамбыл Ахмет­беков, Екатерина Смышляева, Ғазиз Құ­лах­метов, Юрий Жулин, Ғалым Әмі­реев, Андрей Линник, Азат Перуа­шев тиісті мемлекеттік орган­дар басшыларына сауалдарын жолдады.