Қоғам • 03 Наурыз, 2022

Әлеуметтік көңіл күйді жақсарту маңызды

246 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтіп, ведомство басшысы Серік Шәпкенов 2021 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылады және алдағы уақытта Мемлекет басшысының тапсырмалары қалай орындалатыны жөнінде кеңінен мәлімет берді.

Әлеуметтік көңіл күйді жақсарту маңызды

Іс-шараға Премьер-Ми­нистрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Парламент депу­таттары, Президент Әкімшілігі, Премьер-Министр Кеңсесі, Стра­тегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агент­тігі, орталық мемлекеттік ор­гандардың өкілдері, сондай-ақ облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкім­дерінің орынбасарлары, Кә­сіподақтар федерациясы, «Атамекен» ҰКП, халықаралық ұйымдар, ҮЕҰ өкілдері қатысты.

Жиын барысында Серік Шәп­кенов өткен жылы әлеуметтік-еңбек саласын дамыту аясында ми­нистрлік Президент пен Үкімет қойған міндеттерді уақ­тылы және жауапкершілікпен іске асырғанын атап өтті. Оның айтуынша, 2021 жылы әлеуметтік төлемдерге 3,7 трлн теңге бағытталды, бұл республикалық бюджет шығыстарының 24%-ын құрады. Жыл сайынғы индекстеу аясында 4 млн қазақстандық үшін зейнетақы мен жәрдемақы көлемі өсті. Азаматтық қызметшілердің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру жалғасын тапты, орта есеппен оның өсуі білім беру жүйесінде – 19%, денсаулық сақ­тау саласында – 20-30%, әлеу­меттік салада 45%-ға дейін құрады.

Бұған қоса жұмыс істейтін қазақстандықтар сақтандыру тәуекелдері басталған кезде Мемлекеттік әлеуметтік сақтан­дыру қорынан төлемдер алды. 2021 жылы төлемдер көлемі шамамен 1,1 млн адам үшін 340 млрд теңгені құрады.

Сондай-ақ министр былтыр Мемлекет басшысының тапсыр­маларын орындау үшін 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша жұмыс жүргізгенін айтты. Осы жылдың басынан бері 591 мың азаматтық қызметшінің (мәдениет, мұрағат ісі ұйымдарының қызметкерлері, оның ішінде техникалық пер­сонал және т.б.) жалақысы өсті. Өсім 2025 жылға дейін жыл сайын орта есеппен 20%-ды құ­райды. Сондай-ақ 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен­гі жалақы мөлшері 60 мың тең­геге дейін ұлғайтылды. Бұл өсім 1 млн 650 мың жалдамалы қыз­мет­кердің табысына оң әсерін тигізеді.

Өз сөзінде С.Шәпкенов бү­гінгі таңда елімізде 2,2 млн зейнеткер бар екенін, бюджеттен орташа зейнетақы мөлшері 99 937 теңгені құрайтынын (оның ішінде ынтымақты зейнетақы – 68 839 теңге, базалық зейнетақы – 31 098 теңге) еске салды. 2021 жылы Мемлекет басшысының тап­сырмасы бойынша азамат­тарға өздерінің зейнетақы жи­нағының бір бөлігін алу құ­қығы берілді. 2022 жылғы 18 ақпандағы жағдай бойынша барлығы 2,79 трлн теңгеге жуық сомаға 1 миллионнан аса өтініш мақұлданды.

– Жоғалған табысты зейнет­ақымен алмастыру коэффициенті ынты­мақты зейнетақыдан жинақ­таушы зейнетақыға көшуді ескере отырып, жыл сайын тө­мендейді. БЖЗҚ актуарлық есебіне сәйкес 2028 жылы зей­нетақы орташа айлық жала­қының шамамен 47,4%-ын ғана, 2040 жылы 39,2%, ал 2060 жылы бар болғаны 29,5%-ын ал­мастырады. Сондықтан зейнет­ақы жүйесінің тиімділігін қам­тамасыз ету үшін қазіргі уақытта зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың қолданыстағы тұжы­рымдамасына өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу бойын­ша жұмыстар жүргізілуде, – деді С.Шәпкенов.

Сонымен қатар 2021 жылы 198,4 мың отбасына (оның ішін­де 990,5 мың адам) АӘК таға­й­ындалды. Бұл 2020 жылдың көр­сеткішінен (184,6 мың отбасы немесе 936,2 мың адам) 7,4%-ға жоғары. Жалпы, АӘК төлеуге 65,6 млрд теңге бағыт­талды. Кепілдік берілген әлеумет­тік топтама АӘК алатын отбасы­лардан шыққан 517,2 мың балаға берілді (оның ішінде 259,4 мың мектеп жасына дейінгі бала, 257,8 мың мектеп жасындағы бала). Кепілдік берілген әлеуметтік топтама төлеуге 20,5 млрд теңге қарастырылған.

Министрлік қызметкерлері 2021 жылы АӘК алушылар санының өсуіне байланысты АӘК тағайындауға көшпелі мони­торинг жүргізді. Оның нәти­жесінде елдің жекелеген өңір­лерінде тәртіп бұзушылықтар анықталды, бұл көмек алушы­лардың өсуіне әкелді.

Сондай-ақ С.Шәпкенов Мем­лекет басшысының жұмыспен қамту және халықтың табысын арттыру мәселелеріне қатысты тапсырмаларын қалай іске асыратыны туралы айтып берді.

– Биыл қаңтар айында Пар­ламент Мәжілісінің отырысында Президент жұмыспен қамту және халықтың табысын арттыру мәселелеріне ерекше назар ау­дарып, нақты тапсырмалар берді. Олардың кейбіреулері толығымен орындалды. Мәселен, жастарды жұмыспен қамту бағытында «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жо­балары бойынша өту мер­зімі мен жалақы мөлшері ұл­ғайтылды. Жастар практикасы 6 айдан 12 айға дейін ұзартылды, еңбекақы төлеу 30 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу мерзімі жалақыны 30 АЕК-ке дейін өсіре отырып, 12 айдан 18 айға дейін ұзартылды. Жастардың іскерлік бастамаларын дамыту үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша грант көлемі екі есеге артты (200 АЕК-тен 400 АЕК-ке дейін немесе 612,6 мыңнан 1,2 млн теңгеге дейін). Бұған қоса 21 қаңтарда Мемлекет басшысы ірі отандық бизнес өкілдерімен кездесуде шетелдік жұмыс күшін тартуға квотаны қысқарту бойынша тапсырма берді. Тапсырма орын­далды, тиісті бұйрықты қабыл­дадық. Квота 28 352 бірліктен 23 560 бірлікке дейін қысқартылды. Бұл шара ішкі еңбек нарығын қорғауға, сондай-ақ қазақстандық азаматтарды көптеп жұмысқа орналастыруға ықпал етеді, – деді С.Шәпкенов.